Күләштің әкесі Айтжан Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан. Анасы Зәукеш жарынан қалған Әбдіреш, Әбітай, Күләш есімді үш баласын сол жылдары ұжымдық шаруашылықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, аянбай еңбек етіп өсірді, жетілдіріп, ел қатарына қосты.
Балалық шағы соғыс жылдарының жоқшылығында өтіп, ұлы еңбек майданының бел ортасында, өзінің тең құрбыларының ең алдында орта мектепті жаңа бітірген, бұрымы желкілдеген жас қыз Күләш та еш іркілместен білек сыбанып, «дала аруы» атанған жүгері дақылын өсіруге кірісіп, өзінің бақытын адал еңбекпен тауып еді. Сол кездегі колхоз шаруасының қай-қайсысынан да тайсалған жоқ. Жастық жігер, қайратын салып, ізгілікке, игілікке ұмтылды. Үлкендерді құрметтей жүріп, олардан тәжірибе үйренуден, ақыл сөз тыңдаудан жалықпады. Өз қатарының ұйытқысы болды. Елдің еңбекке адал адамды сыйлайтын, қадірлейтін игі дәстүрінің нұры Күләш Айтжанқызының маңдайына жарқырап түсті. Оның қажырлы еңбегі бағаланып, көп ұзамай жүгері өсірушілер тобының жетекшілігіне сенім көрсетілді. Ұжым мүшелері болған жасы да, үлкені де бірауыздан Күләш жетекшілігінің беделін қолдап, өзара тіпті бір отбасындай бір-біріне деген бауырмалдық қатынас қалыптасып, еңбек етті.
Сондай ынтымақтың нәтижесі кезінде Күләш Айтжанова басқаратын ұжым жүгері өнімін өсіруде бүкіл ауданның алдына шықты. Олар ұзақ жылдар, атап айтқанда 15-20 жылдың көлемінде дәндік «Краснодар», «ВИР-56», югославиялық «ЗПСК» жүгері тұқымдарынан алатын өнімді әр гектарына 80 центнерден 100 центнерге дейін жеткізіп, жоғары сортты жүгері дәнін халық шаруашылығының, әсіресе мал азығының сапасын көтеруде озық көрсеткіштерге қол жеткізе алды. Ауыл шаруашылығы саласында бүкіл Одаққа озық тәжірибе көрсетті, ел әлеуетін көтеріп, еңбек даңқын асырды. Көп ұзамай жүгері өсіруші комсомол-жастар ұжымын басқарған Күләш Айтжанова өзі де ұстаз-тәлімгер дәрежесіне көтерілді. Ол өнегелі еңбегінің арқасында, аудан, облыс жұртшылығының құрметіне бөленді. Аудандық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болып, бүкілодақтық халық шаруашылық көрмелерінің алтын, күміс медальдарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Өз заманында ең абыройлы республикалық, Одақтық жиын, форумдарға делегат болып қатысып, салиқалы сөз сөйледі.
Жүгері өндірудегі жоғары нәтижелері үшін Күләш Айтжановаға 1971 жылы отыз екі жасында сол кездегі Одақтың ең жоғарғы мәртебелі марапаты – Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталды.
Тәуелсіз мемлекетіміз Туын көтеріп, жаңа өмір басталған шақтан бері Күләш Айтжанқызы өзі қуат алған еңбек қасиетін құрметтеп, насихаттаудан жалыққан емес. Әр кез жастармен кездескенде өзінің құрмет тұтқан ұстаздарын, еңбектес достарының есімдерін зор ілтипатпен еске алып отырады. Ақылгөй ағаларын, соның қатарында аудан басшылары болған Социалистік Еңбек Ері Шәймұхан Сәпиев, Ғалым Тұрғанбаев, шаруашылық басшылары болған Николай Головацкий, Ыбырайымжан Қожахметов өзі үлгі тұтқан ардагер ана, жүгері өсірудің шебері Әдәлат Зайнаудинова сияқты ардагер ұстаздарын ерекше құрметтейді. Тіпті зейнетке шыққанның өзінде елдің, ауыл, аудан жұртшылығының тұрмыс жағдайына алаңдап, ел қамын ойлаудан жаңылған емес. Бірнеше жыл жергілікті кәсіподақ ұйымын да басқарып, ел тұрмысына қолқабыс көрсетті. Әрқашан адамдардың мұң-мұқтажына құлақ асып, көмек қолын ұсынып жүреді.
Бүгіндері сол құрметті апайымыз мәртебелі 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отыр. Күләш апамыздың деніне мықты саулық, отбасына, ұрпағына баянды бақыт тілей отырып, еңбекпен өрілген өмірінің жемісін ұзағынан көргей дейміз.
Суретте: солдан оңға қарай Социалистік Еңбек Ері Әдәлат Зайнаудинова, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанқызы.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты