Жиында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов еліміздегі дін саласында әйелдерден құралған ұйымдардың көзге түсерлік жұмысы байқалмай отырғанын мәлімдеді.
– Жалпы, біздің елімізде отбасылық, гендерлік мәселелермен айналысатын 77 үкіметтік емес ұйым бар екен. Бірақ көз жүгіртсек, бір-біреуі дін саласына айтарлықтай атсалысып жатқан жоқ. Облыстарда үкіметтік емес ұйымдарға 235 млн теңге бөлінеді. 126 жоба іске асырылып жатыр. Біздің орталықта да отбасылық құндылықтарға байланысты бірнеше жоба бар. Біздің мақсатымыз – діни радикализмнің алдын алу. Бұл салада елімізде қордаланған мәселелер көп, – деді вице-министр. Түйткілі шешілмеген мәселелердің ішінде «Жусан» операциясымен елге оралған әйелдердің тағдыры алаңдауға тұрарлық екенін назарға алды. Алдағы уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуі керек.
– Сирияда қаза тапқандардың отбасылары, балалары мен әйелдері бар. Әртүрлі жағдаймен абақтыға түскендердің отбасылары мен әйелдері бар. Одан қалды біздің өңірлерде әйелдер жамағаты барын жасырудың керегі жоқ. Әйелдер өздері бірігіп, жамағат болып жатыр. Ол да белгілі жайт. Бұл кісілер жабық түрде бір-бірімен араласады. Сыртпен байланысы жоқ. Өздерімен өздері жүреді. Қиындықтары жоқ емес. Жұмыс таппай, балаларын балабақшаға орналастыра алмайды. Олармен де жұмыс жүргізу керек, – деді М.Әзілханов.
Семинарға арқау болған тақырыпты тарқатқан қоғам қайраткері Асылы Осман қазіргі қазақ қоғамында ұлттық рухани құндылықтарды ұрпаққа қалай бере білуіміз керек екенін айтты.
– Қоғамды құратын да, оның тірегі де аналар. Тіл мен діннің егіз екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Тіл мен дін – адамның жан дүниесіндегі рухани байлығы. Рухани дүниені ұлттың жанына ұялата алатын – ана. Ал менің қазағымның бұрынғы аналары мен қазіргі аналарды салыстыруға бола ма? Ешкімді жатсынбайтын қазағым адами асыл қасиетін бойында сақтаса деймін. Оның барлығы тек тіл арқылы ғана ұрпақтың жанына ұялайтынын еш уақытта ұмытпайық. Тарихты, мәдениетті, әдебиетті жеткізетін көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана, – деді А.Осман.
Жиынға қатысқан теолог-ғалымдар, мемлекеттік орган өкілдері, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен тұлғаларды оңалту саласында қызмет ететін мемлекеттік емес ұйымдар тақырып төңірегінде баяндамалар жасап, туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.