Ерте темір дәуірінің петроглифтері де өз ерекшеліктерімен назар аудартады. Бедерленуіне қарай мамандар оларды пелілер, сақтар, үйсіндер, ғұндар қайсысы ерекше екендіктерін танытуды мақсат тұтқандығын айтады. Жаулап алушы тайпалар өздерінің билігін, қарымын көрсету жолындағы Жетісу өңірінің байырғы тұрғындарын бағындыруға талпынысы еді. Сол беймаза, тынышсыз, үрей билеген кезеңдердің тынысын Тамғалының тарғыл тастары беттеріне салған өрнекті суреттері куәландырып сендіреді. Сақ суретшілерінің әдемі кескіндері тұтас картиналары қола дәуірі кезеңдеріндегі петроглифтер қатарынан орын теуіп, кей жерлерде үстіне салынып, көне туындыны айрықшаландырып тұрғандай көрінеді. Жабайы жануарды аулау, бұғылар мен тау ешкілерді аңдардың қуғындауын көрсететін жартас бетіндегі суреттер сол дәуірдің еншісіне жататын. Кезінде негізгі тақырыптың ұстынындай болған пірлердің мифтік образындағы кескіндер кейін шошақ бөрікті аттылы мен жаяу жауынгердің, мал баққан бейнелерімен алмастырылды. Олардың кейбірі құрлықтың белдеулерінде кездесетін, Орталық Азия аумағындағы байырғы көшпенділердің тарихи жолын айқындап бере алады. Алғашқы түрік мемлекетінің қалыптасу дәуірінде жазудың шығуы мен әлемдік діндердің таралу кезеңінде жартастарда бедерлеу мәнерінің, бейнелеу мағынасының елеулі өзгеріске тән болғанын білеміз. Тамғалының аумағын мекендеген жаңа тұрғындарға қола ғасырының таңбалары мен сақ дәуірінің кезінде қашалған петроглифтер танытқан образдар көңілге қонбағандай әсерде қалдырады. Шатқалдағы галереяның негізгі міндеті ұмыт бола бастағанымен киелілігі сақталды.
Байырғы бедерлерді жаңғырту «күнбастылар» қашалған жартастарды қамтиды, бұл жерлерде пірлердің жаңа бейнелері пайда бола бастады. Ортағасырлық кезеңнің шеберлері өздеріне дейін тасқа оймышталған көріністерді жоюға тырысқан жоқ, қайта өңдеп, түсінік-танымдарына келетін бедерлермен толықтыруға тырысты. Түркі ғылымы деректермен салыстырмалы негізде анықталған әр дәуірдің қару-жарақтары мен киім-кешек үлгілерінің сипатын пайдалана отырып, петроглифтердің уақыты жөніндегі мәліметтер өрбиді. Жарық құралдары ретінде қола дәуірі тайпаларында біздің заманымызға дейінгі ХҮІ-ХҮ ғасырларда пайда болған ат арбалар біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың басында, яғни атқа салт мінуді игерген кезде өмір сүрген түркі тайпаларының күрескерлік кейпін аңғартса керек. Сақ дәуірінің петроглифтері жан-жануарларды кескіндеуімен өзіндік мәнерін сезіндіре түседі. Бұл топқа кіретін бедерлер жиынтығы «аң стилі» атауына жатқызылып жүр. Қазақ даласында сирек кездесетін петроглифтердің айрықша үлгісін Алтай мен Моңғолияның аумағында кездесетін суреттер тобы құрайды. Бұдан біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың басында өмір сүрген халықтардың өзара байланысымен қанша араласып жатқанын аңғаруға болады. Ерекше тарихи құндылықты әр халықтың жартасқа жазып қалдырған сызба бедерлері мен белгілері, таңбалары айқындайды. Ал ол дегеніңіз, Тамғалы шатқалы – олар үшін шаттығы мен мұңын, қайғысы мен қуанышын, дәстүрі мен ділін, жақсылығы мен қиналысына куә болған тіршілік мекені, келер ұрпаққа айғақтар қасиетті жері. Тамғалыға алғашқы петроглифтердің таңбалануы қола дәуірінің шеберлері еншісіне жатқызылады. Ол кезеңдегі мүмкіндіктің молдығын бедерлердің молдығы көлемінен аңғаруға болады. Суреттердің орташа өлшемдері 25-30 сантиметр, ал енді кейбіреулері 60-70 сантиметрден 1 метрге дейін жетеді. Ғибадатхананың І-V топтарының аумағына жататын жартастардағы петроглифтердің бір-біріне әдісі мен үлгісінің тым ұқсастығы өзара үндес бір шебердің қолынан шыққандай әсер береді. Сонымен қатар жабайы бұқалар, жылқылар мен құландар, қабандар мен қасқырлар іспетті жануарлар бейнелерімен бірге, сол дәуірдің негізгі кейіпкерлерімен қатар суретшілердің ой-қиялынан туған бейнелер де тас бетінен өрнек таба береді. Айталық, жануарлар терісін жамылған ілмек қолды құбыжықтар, шоқпар мен айбалта ұстаған батыр жауынгерлер мен бастарының айналасында сәуле шашқан бейнелер... Қола дәуірі тайпаларының табиғат құбылыстарына табынған пантеон ғибадатханасының орталық, каньонның ең биік әрі тік жартасында кескінделген. Ол бір тәртіпте әрқайсысы өзінше бейнеленген 7 құдай персонажынан, астыңғы бөлігінде билеп жүрген 10 жауынгердің кескіндерінен тұрады. Бәлкім, байырғы кезеңнің түсінігінде адамдар әлем құрылымын сондай түсінікпен ұғынса керек, пірлер мен бабалар салтын өз танымындай өрнектеп тасқа қашағаны көрініп тұр-ау деп ойлайсыз. Көне петроглифтер белгілі бір бағытқа ыңғайланған жартас бетіне айшықталған. «Тамғалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің директоры Мадияр Әміртайұлы Орынғалиев Тас кітабының әр бетін жатқа айтардай түсіндіреді. Каньонның кез келген жартасының алдында арнайы орындар бар. Сол жерден қола дәуірінің барлық сызбасын бір мезетте анықтап қарай алар едіңіз. Суреттер жалғыз бейнеден басталып, үлкен де күрделі поментолық көріністерге ұласып отырады. Бір ғажабы, жартас бетіндегі таңбалар анық ажыратылады. Тамғалы галереясы өзіне бүтін көркемдік баяндауларды сыйдырған петроглифтерден тұрады. Оның әрқайсысына негіз болған байырғы тайпалардың көне мифологиясы осы таңбаларда сыр шерткендей дерсіз...
Бұл тауда Сұңқарсайдың биігінен бәрі көрінетін секілді. Айналаға тым биіктен қарағандай мәртебеміз өсіп қайттық. Аспан аласарып кеткендей көрінді. Тым биіктен бір бүркіт, осы Тамғалының әр тасын жанарынан тыс қалдырмай қадағалап, айнала ұшып жүргендей болады да тұрады.
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы,
Қарабастау ауылы