Қалған қаржы аудандық бюджет есебінен бөлінді және инвестициялық бағдарламаларға сәйкес кәсіпорындардың өз қаражаты жұмсалды. Білім беру саласында – 701, денсаулық сақтау саласында – 558, әлеуметтік нысандарда – 569 нысан жөндеуден өткізіліп, дайындалды. Өзге салаларда да бұрнағы жылдары қордаланып қалған біраз мәселе шешілді. Ұзындығы 75,1 шақырымнан астам жылу желісі күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір облыс аудандарында алғашқы тоқсанға жеткілікті отын қоры бар.
Көкшетау – еліміздегі жылу электр орталығы жоқ, күні қазандыққа қараған жалғыз қала. Облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Көкшетау жылу» кәсіпорнының жылу беру маусымына дайындығы бұрынғы жылдармен салыстырғанда биыл біршама жақсы деуге болады. Бүгінгі таңда «РК-1» кәсіпорнының қазандықтары жылу беруге толық дайын. Ал №9, №10 қазандықтар әлі жөнделіп жатыр. Мамандардың айтуына қарағанда, қазан айының алғашқы күндері жөндеу жұмысы толық аяқталуға тиіс. Маусымның басында №4 қазандықта газ бен мазут жағылады. Күн суыта №8, 10 қазандықтар іске қосылмақ. Алғашқы күндерге қажетті мазут бар. Кейінгісі арнайы кесте бойынша Павлодардағы мұнай өңдеу зауытынан тасымалданбақ. Бұған дейін «Көкшетау жылу» кәсіпорны отынды Атырау мұнай өңдеу зауытынан тасыған. Тым алыста болған соң бұл тиімсіз, оның үстіне аяз күшіне мінген кезде мазут жолшыбай қатып қалуы да әбден мүмкін.
Жаңа маусымға 330 мың тонна көмір қажет. Облыс орталығының іргесіндегі Станционный кенті мен Краснояр ауылындағы бу қазандықтарына да көмір жеткізілуде. Осыған дейін Екібастұздан бар болғаны бір аптаға жететін 7,5 мың тонна көмір тасымалданды. Қыркүйектің 25-іне дейін 36 мың тонна көмір қоры жиналуға тиіс.
– Дебиторлық қарыз көбейіп кетті. Бүгінде оның жалпы көлемі 141 млн теңгені құрап отыр. Бұл қарыздың 90 миллионы бұрнағы жылдары қордаланып қалған берешек, – дейді қала әкімінің орынбасары Сағындық Шабаров.
Кәсіпорынның электр қуаты үшін қарызы 900 млн теңгеге жеткен. Оның 200 млн-ынан құтылыпты.
Әлі де жылу құбырларын толық тартып үлгермеген аулалар бар. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл жұмыс өзге көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтуға кедергі болмайды. Жылу беру маусымына дейін толық аяқтап үлгермек. Қапысыз қамданатын тұс аз емес. Қазандықтың электр сүзгіштері енді ауыстырылуда. Краснояр ауылындағы модульдік бу қазандығына қосымша үшінші қазандық орнату қажеттігі белгілі болып отыр. Елді мекендегі жекеменшік үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды жылумен толық қамтамасыз ету үшін 1,2 млрд теңге қаржы қажет. Осы бір өткір мәселе екі жылдан бері үзбей көтеріліп келеді. Ауыл тұрғындарының да өкпе-назын тудыруда. Қазір ауылдағы бу қазандығы толық қуатымен жұмыс істесе де, барлық тұрғын үйді қамти алмай отыр.
Облыс орталығындағы тұрғын үйлердің шамамен үштен бірі – жекеменшік үйлер. Бұл үйлерде тұратындар өткен жылдары көмір тапшылығын қатты сезінген. Биыл көпшілік сұранысына ие Шұбаркөл көмірі облыс орталығының сегіз жерінде сатылып жатыр.
Ақмола облысы