«Әлем чемпионаты қарсаңында бір лицензия, бір медаль аламыз деп уәде бергенмін. Құдайға шүкір, жолдама санын екеуге жеткіздік. Валентина Исламова 50 келіде қола жүлдегер атанып, Токио ойындарына жолдама алса, 76 келідегі Эльмира Сыздықоваға да лицензия бұйырды. Екі үздік балуанымыздан көбірек үміт күтіп ем, екеуі де жақсы нәтиже көрсетті. Команданың көрсеткіші жалпы алғанда жаман емес. Құрамадағы спортшылардың 80 пайызы жастар командасынан қосылған. Үш балуанымыз әлем біріншілігінің жартылай финалында күресті. Осыған дейін бізде мұндай жағдай болмаған.
Ал спортшыларға тоқталар болсам, Валентина Исламова 2016 жылы біздің командаға қосылды. Бұған дейін ол әлемдік сындарда жүлде алмаған. Қазақстан сапында алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып отыр. Марина Седнева жастар құрамасынан кеше ғана келген балуан. Ол жартылай финалда таза ұтылды, ал қола медаль үшін күресте психологиялық тұрғыдан дайын болмады. Жәмила Бақбергенова үшінші орынға талас кезінде баяу қимылдады.
Соңғы бір минутта белдесу тағдырын шешемін деп ойласа керек. Бірақ ертерек қозғалу керек еді. Ал Эльмира Сыздықова бірінші белдесуде екі дүркін әлем чемпионы атанған америкалық спортшыдан ұтылса, қола үшін күресте неміс қызына жол берді. Енді дайындықты арттырып, Олимпиада ойындарында қателік жібермеуге тырысу керек. Жалпы алғанда, бұл әлем чемпионаты үлкен сенімділік сыйлады», дейді бас бапкер.