Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біз, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының ақсақалдары Бұқтырма су қоймасына көпір салуға қаржы бөлу туралы Үкіметке, облыс әкімдігіне берген тапсырмаңызды зор қуанышпен қарсы алдық.
Кеңес дәуірінен бері аудан тұрғындарына арман болып келген көпір мәселесі шешілсе, аудан тұрғындарына ғана емес, стратегиялық маңызы бар шекаралық аймақтың дамуына да оң әсер етер еді. Өткелден пароммен өтіп келген барлық тауарлардың бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда 10-20 пайызға қымбат болуы, инфрақұрылымның жоқтығынан кен орындарының өз деңгейінде игерілмеуі ауданымыздың дамуын тежеп келгені сөзсіз. Адам тағдыры ең басты құндылық десек, навигациялық маусым біткен кезде жанын шүберекке түйіп, қауіп-қатерге қарамастан мұз үстімен өтетін, мұзбен өтеміз деп талай автокөліктер су астына кеткені де көп қиындықтар туғызды.
Сіздің «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламаңызда, «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауыңызда билік пен қоғам арасындағы диалогты негізгі басымдық ретінде алып, азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыруды тапсырған болатынсыз.
Сайлауалды «Бірге» жалпыұлттық акция кезінде акцияға қатысқан аудан тұрғындарының 80 пайызы осы көпір мәселесін көтерген болатын. Елдің зарын тыңдайтын, халықтың өтініштеріне құлақ асып, мәселені шешу үшін барлық шараларды қабылдайтын өзіңіздей Президентіміз бар болғанына қуаныштымыз.
Көпір мәселесі шекаралық Күршім ауданының дамуына, халықтың үдере көшпей тұрақтануына оң әсер етері сөзсіз. Шығыстың шұрайлы табиғаты өңірімізге туристерді тартуға да кең жол ашар еді. Көпірдің салынуы шекаралас аудандардың экономикалық өркендеуіне, Менделеевтің таблицасындағы барлық элементтері бар ауданымызда кен орындарының игерілуіне, шағын және орта бизнестің қарқынды өсуіне мүмкіндік тудырары анық. Шекараны шекарашылар ғана емес, шекара маңындағы халық та қорғайтынын ескерсек, шекара маңында халықтың көптеп қоныстануы да стратегиялық маңызы бар мәселе деп ойлаймыз.
Қадірлі Президент мырза!
Күршім ауданының 20 мыңнан астам тұрғындары еңкейген қариядан бастап, еңбектеген балаға дейін Сізге зор ризашылығымызды білдіреміз. Мықты денсаулық, халық игілігіне бағытталған еңбегіңізге толағай табыс тілейміз.
Ізгі тілекпен, Күршім ауданының ақсақалдары: С.Искаков, Е.Ақтекенов, Н.Қайыров, Ә.Қосамбеков, Қ.Мұсақанов, С.Ақтанов, Н.Чумбасов, А.Мәдиев, Н.Қисамбин, Е.Жангудеев, Т.Ерубаев, М.Болғаев.