Қоғам • 01 Қазан, 2019

БЖЗҚ қаражаты баспана нарығына әсер ете ме?

198 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке зейнетақы жинақтарын азаматтардың баспана сатып алуға немесе білім алуына пайдалану мәселесін қарастыруды тапсырғаны белгілі.

БЖЗҚ қаражаты баспана нарығына әсер ете ме?

Қарапайым халық та, сарапшылар да бұл жаңалықты қызыға қабылдап, қызу талқылауға бірден кірісті. Президенттің тапсырмасын іс жүзіне асыруға мүмкіндік бар ма? Бұл баспана құрылысы нарығына әсер етпей ме? Осы тектес сауалдар төңірегінде түрлі пікір айтыла бастады. 

Белгілі экономист Жанкелді Шым­шықовтың пайымдауынша, зейнетақы жинағындағы ақшаны азаматтардың бас­пана алуына немесе оқуға пайдалануына ыңғайлы жағдай жасауға болады.

– Біріншіден, азаматтардың зейнетақы жинағындағы ақшасы – оның өзінің ақшасы, меншігіндегі қаржысы. Өз ақшасын өзіне баспана сатып алуға, не болмаса білім алуға пайдалануға түптеп келгенде толық моральдық құқы бар. Үкімет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы миллиардтаған қаржыны осыған дейін тиімді пайдалана алмады. Тиімсіз активтерге салды, көбейте алмады. Азаматтардың несібесі емес, өзінің қаржы көзіне айналдырды деуге болады. Әзербайжанның халықаралық банкіне 71 миллиард теңге салынып, артынша ол банк банкрот болып, оның арты үлкен дауға ұласқанын, бірнеше пайыз мөлшерлемемен артығымен қайтарып аламыз деген ақшаны жай қайтарып алудың өзі мұң болғанын білеміз. Оның үстіне, инфляция да зейнетақы жинағындағы қаржыға кері әсерін тигізуде. Мәселен, былтыр инфляция көрсеткіші 5,3 пайызды құрады. Осындай оқиғалардың салдарынан уақыт өткен сайын халықтың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына деген сенімі азайып кетті, – дейді сарапшы.

Экономист айтқандай, зейнетақы қорына ақша аударылғанда азаматтар «қартайғанда алатын несібем» деп үміттенбейді. Әйтеуір, жұмыс беруші аударғаннан кейін амалдың жоқтығынан көнеді немесе банктен несие алғанда анықтама тапсыруға керек болар деп ойлайды. «Зейнет жасына жеткенде айдалада қалмаймыз ба?» деген қорқыныш бар халықтың ойында. Сондықтан үй алуға немесе білім алуға керек екенін дәлелдеген азаматтарға зейнетақы жинағындағы ақшасының бір бөлігін берген дұрыс.

– Бірақ жинағындағы қаражат мөлшері үй сатып алуға жететін адам өте аз. БЖЗҚ-ның 10 миллион 500 мыңға жуық салымшысының басым бөлігінің жинағаны 1 миллион теңгеге жетпейді. Салымы 10 миллион теңгеге жеткен азаматтардың қатары 100 мыңнан сәл ғана асады екен. Осы 100 мың адамнан басқалардың қаражаты Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалалардан баспананы басы бүтін сатып алуға жетпейді, – дейді сарапшы.

Экономист туындауы мүмкін тағы бір проблеманы халықтың менталитетімен байланыстырды. Оның сөзіне қарағанда, «барында батып ішкенді» жөн көретіндер де аз емес. Зейнетақы жинағындағы аз қаражатын орынсыз жұмсап жіберушілер көбеюі де әбден мүмкін. Сол үшін Президенттің тапсырмасын өте мұқият қарастырып, халыққа барынша тиімді жолмен жүзеге асырған жөн.

– Мәселенің екі жағы бар. Бір жағынан халықтың өз қаражатын өз игілігіне пайдалануына жағдай жасау керек. Екінші жағынан, халықты қаражатын орынсыз пайдаланудан шектеу керек, – дейді Ж.Шымшықов.

Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 10 триллион теңгеден астам қаржы бар. Қаржының бір бөлігін тұрғын үй нарығына бағыттағанымен, құрылыс нарығына әсер ете қоймайды деп санайды экономист.

– Құрылыс нарығына ықпал етеді деу қиын. Неге? Біріншіден, баспананың бағасы әуелі ұсыныс шығындарына байланысты. Үкімет баспана бағасын түсіргісі келсе, құрылыс материалдарын, негізгі шикізатты елімізде өндіріп, қолдану ісін жолға қоюы керек. Кеңес Одағы кезінде Құрылыс өнеркәсібі министрлігі деген арнайы ведомство болды. Цемент, кірпіш зауыты сияқты көптеген кәсіпорын осы министрлікке қарады. Ірі қалаларды айтпағанда, аудан орталықтарында темір-бетон зауыты жұмыс істеп тұрды. Сол зауыттардың жұмысы жанданса ғана бас­пана бағасын арзандатуға мүмкіндік туа­ды. Екіншіден, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігі халықтың қолына тигеннен баспана бағасы қымбаттап кетпейді деп ойлаймын. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, ірі қаражаты бар салымшы көп емес. Қордан жинақ ақшаның бәрі емес, бір бөлігі ғана бөлінуі мүмкін, – дейді экономист.

Зейнетақы жинағының табысы 2018 жылы 11,27 пайыз болса, инфляция 5,3 пайызды құрады. Яғни зейнетақы жинағының жалпы табысы 5,97 пайыз болды.