Руханият • 01 Қазан, 2019

Сүйекеңнің көк «Волгасы»

643 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сүйекеңнің көк «Волгасы»

Шіркін, балалық шақтың бал күндерін өткізген өлкеден ыстық мекен бар ма десеңізші жер бе­тінде. Бір-біріне егіз қозыдай ұқ­­­сас бел-белестерден асып өтіп, ту­ған ауылыңа жақындаған са­йын көңіліңді тербеткен сағыныш лебі көзіңе жас болып іркіледі.

Осы жолы, неге екенін қайдам, назарыма алғаш іліккен нәрсе – аласа дөңнің үстіндегі қызыл шатырлы үйдің қорасында тұрған көк «Волга» болды. «Ой, пәлі-ай, сен әлі бар екенсің-ау!» дегендей бір таңданыс кеудемде лап етіп тұтанып, өткен күндердің көлеңкесінде қалған ескі суреттерге жарық түсіргендей таң-тамаша әсерге бөлендім.

...Біз оны Сүйекеңнің көк «Волгасы» дейтінбіз. Ол кезде мұндай көлік аса бағалы, кез келген адамның қолы жете бер­мейтін қымбат дүние болатын. Сондықтан да Сүйекеңнің көк «Волгасы» біздің ауылдың мәр­тебесін басқа ауылдардан әл­деқайда биіктетіп, абыройын асқақтатып тұратындай көрінуші еді.

Ал Сүйекең болса, ақкөңіл, әзіл­қой, жомарт кісі-тұғын. Ауыл­­дағы аумағы ат шаптырым­дай қырманның бастығы еді. Ал­ғашқы жылдары ол көк «Волганы» қырманның кіреберісіндегі кү­зет «будкасының» жанына қойып кетіп жүрді. Келе-келе ішке кіргізіп қоятын болды. Сөйте-сөйте, күндердің бір кү­нінде ат шаптырымдай қыр­ман­ды көк «Волгамен» аралайтын күнге де жетті. Өйткені, Сүйекеңнің салмағы жылдан-жыл­ға артып, жүріс-тұрысы ауыр­лай түсті...

Алда-жалда бөтен ауылдан келе қалған біреу-міреулер басын шайқап, ішегін тартып: «Үйбай-ау, мынандай мырза мәшинені бұрқыраған шаң-тозаңның ішіне қалай мініп жүрсіз?!» дей қалса, Сүйекеңнің жауабы дайын.

Әлгі кісіге қарап, мырс етіп күліп: «Әй, отыз тиынға алған мә­шине ғой!» деп қолын бір-ақ сілтейді.

Онысы енді, ып-ырас. Көк «Волганы» Сүйекең сол кездегі отыз тиындық лоторея билетіне ұтып алған болатын.

Кейде ойлаймын, мынау дү­ниедегі Алла тағала жаратқан адамдардың ғана емес, зауыттан шығатын машиналардың да әрқайсысының өз пешенесіне жазылған тағдыры болса керек.

Әрине, мұндай пәлсапалық тұрғыдан қарағанда, біздің ауыл үшін дүние жүзіндегі ең бақытты да абыройлы машина – Сүйекеңнің көк «Волгасы». Ал қа­ладағы әрлі-берлі жүйткіп жүр­ген әріптестерінің көзімен қарағанда, ең бақытсыз, жолы болмаған машина да осы...

Әйткенмен, көк «Волганың» да күні оңынан туып, маңдайы жарқырап, шаң-тозаңнан тазарып қалатын кездері болушы еді. Себебі ауылдағы жұрт анда-санда болса да аудан, облыс орталығында тұратын, ең бас­тысы, өздеріне сын көзімен қа­райтын құда-жегжаттарына абы­роймен барып қайту үшін Сүйекеңе қолқа салады. Сөйтіп Сүйекеңнің келісімін алған күн­нен бастап көк «Волганың» ша­ңын қағып-сілкіп, жуып-шайып жолға дайындала бастайды...

Енді міне, сол көк «Волганың» тот басып, іріп-шіріген қаң­қа­сы ауылдағы қораның бір бұры­шын­да қалқайып тұр. Пы­сық келіндердің біреуі оның үс­тіне тезек жайып, кептіріп қойып­ты.

«Е-еһ, қайран көк «Волга», деймін мен оған қарап тұ­рып. – Сенің де заманың өткен екен-ау!..»

Кенет менің осы сөзімді күтіп тұр­ғандай-ақ, оның үстіндегі те­зектердің бірі топ етіп жерге құ­лап түскені. Сол сәтте маған көк «Волга»: «Ал сенің ше?..» деп, бір мөңкіп қалғандай болып көрінді...