Қоғам • 02 Қазан, 2019

Жоғары оқу орындарын қысқарту қалай жүргізілмек?

2401 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында еліміздегі университеттер санын қысқарту керектігін айтты. Президент мұның себебін жоғары оқу орындарының жартысы ғана өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан 60 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп отырғанымен түсіндірді. Бұл тапсырма қалай орындалады?

Жоғары оқу орындарын қысқарту қалай жүргізілмек?

Болжам ақиқатқа айналса...

Білім және ғылым минис­тр­лігінің мәлімдеуінше, Қазақ­станда барлығы 132 жоғары оқу орны бар. Оның 65-і жекенің иелі­гінде. Білім саласының сарапшылары арасында университеттерді қысқарту жұмысы алдымен жекеменшік ЖОО-лардан баста­латыны туралы болжам бар. Не­гізі, жаны бар сөз. Өйткені қоғам­дағы көзқарас пен универ­си­теттің жұмысына ықпал ететін түлектердің таңдауы осы ойға келіспеске қоймайды. Қара­пайым мысал: 11 сыныпты үздік аяқтап, ҰБТ-дан жоғары балл алған мектеп бітіруші жеке­мен­шік ЖОО-ны таңдай ма, әлде мем­лекеттік, оның ішінде ұлттық уни­верситетке ұмтыла ма? Жауабы бәрімізге белгілі. Ендеше, же­кеменшік ЖОО-лардағы қыз­меткерлердің қорқынышы бекер емес. Бірақ жыл сайын жүр­гізілетін сарап­тама нәтиже­лері­нен көзіміз көр­гендей, кей­бір мемлекеттік уни­верси­теттер жекеменшік ЖОО-лардың шаңына да ілесе алмай отыр. Дәлел ретінде келтіре ке­тейік, 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттігi ЖОО-лардың рейтингіне зерттеу жүр­гізген. 2019 жылғы қорытындыда «Қазақстанның үздік көпсалалы ЖОО-сы» бойынша Павлодардағы Инновациялық Еуразия уни­верситеті, Алматыдағы Халық­аралық білім беру корпорациясы және Түркістан облысының Же­тісай қаласындағы «Сыр­дария» университеті кейбір мем­лекеттік университеттерден алда тұр.

Ал «Қазақстанның үздік гумани­тар­лық-экономикалық ЖОО ұлттық рейтингі – 2019» аталымында жоғары көрсеткіштерді иеленген Алматы менеджмент университеті, «Болашақ» Қарағанды академиясы, «Тұран-Астана» университеті, үшеуі де – жекеменшік ЖОО-лар. Сонда біз сапасына емес, статусына қарай қысқартамыз ба? Жалпы жекеменші+к ЖОО-лардың алдымен қысқартылатынын болжауға бұрынғы министрдің сөзі де себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ тақырыптың осыған дейін бірнеше рет көтерілгенін дәлел ретінде қарау да орынды. Бұрнағы жылдары ведомствоға жетекшілік еткен Бақытжан Жұмағұлов еліміздің бас педагогы болып тұрған тұста: «Елімізде 66 жекеменшік жоғары оқу орны бар. Болашақта жекеменшік оқу орын­да­рының саны 30-ға дейін қысқартылады», деген еді.

Ұлттық университеттерге қауіп келсе...

Ал алдымен рейтинг бойынша қыс­қар­тылады десек, ендеше кейбір мем­ле­кеттік, тіпті ұлттық деңгейлі уни­вер­ситеттердің өзіне келер қауіп бар. Себебі аталған ЖОО-ның бар­лы­ғы бірдей рейтингте көш бастап тұрғаны көрінбейді. Белгілі бір бағыттарда алдыңғы орынды бермей, биігінен бәсеңдемей, қамшы салдырмай тұрғанымен, түлектерінің бәрі жұмыспен қамтылып жатқан жоқ. Ал Мемлекет басшысы ЖОО-лар санын қысқарту мәселесіне түрткі болған басты түйткіл ретінде түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткішін алға тартты.

Жекеменшік ЖОО-лар арасында рейтинг бойынша алда келе жатқан М.С.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ ректоры Талғат Мақсұтұлы жақсы ЖОО-ны аяқтаған түлектердің жұмыс таба алмауына ондағы бағалау жүйесінің әсері барын айтады. «18 миллион халыққа 130-дан аса ЖОО тым көп, сондықтан қалайда қысқарту керек. Ал оны қайсысынан бастаған орынды? Шындығында біздегі жекеменшік және мемлекеттік университеттердің арасында да нашары, сапасы сын көтермейтіні бар. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы жеке­меншік ЖОО-лардың көбі маман даярлаумен емес, табыс табумен, бизнеспен айналысады. Нәтижесінде бітірушіге білім емес, диплом беріледі. Бұған мысал ретінде, Оңтүстік Қазақстан инно­вациялық университетін айта аламын. Жақында ғана онда жүргізілген тек­се­ріс­тің нәтижесінде 68 ескертпе, яғни талап бұзушылық фактісі тіркелген. Мұн­дай жағдай өз кезегінде білім сапасына қойылатын талаптарды орындамай­тын жекеменшік ЖОО-лардың бар еке­ніне дәлел бола алады. Бірақ бұл мем­ле­кеттік университеттер 100 па­йыз та­лапқа сай жұмыс істейді дегенді білдірмейді», дейді. Оның ойынша, кейбір ұлттық деңгейлі ЖОО-лар әлі де студенттерді әділ бағалаудан, төменгі көрсеткішті ашық көрсетуден қашады. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінде оқуға түскен студенттердің 50 пайызы ғана диплом алып шығады. Ал еліміздегі ұлттық университеттерді студенттердің 80-90 пайыздайы тәмамдайды. Қалған 10-20 пайызы – үлгерімі бойынша оқудан шығарылады. Ал олар кейін басқа ЖОО-ларға ауысады немесе шетелге кетеді. Яғни, ұлттық университеттер сту­денттерін лайықты бағаламайды де­ген қорытынды шығаруға болады. «Осыдан келіп оқуға түскен 3500 түлек­тің 90 пайызы диплом алып, жұмыс іздейді. Мемлекеттік немесе ұлттық университетті аяқтаса да екі қолға бір кү­рек таба алмайды. Өйткені қазір өн­ді­­ріс орындары дипломнан бұрын адам­ның қабілетіне қарайды. Алып кете аласың ба – орын сенікі. Ұлттық уни­вер­­ситетті бітіргені бар, беделді ЖОО-ның қойып берген жоғары бағасы бар – жас маманның өзін өзі бағалауын тым арт­тырып жібереді. Бірақ бұл жұ­мыс берушінің барлығын бірдей қа­на­ғат­тандыра ма? Қорытындысында университеттің рейтингі төмендейді», деген Т.Мақсұтұлының пайымдауынша, сапа алға шығу үшін университеттер үлгерімі нашар студенттерді оқудан шығарып жіберуден қорықпау керек. Сонда ЖОО да абыройынан айырылмайды, түлек те орнын табады, мамандары мықты елдің дамуы да алға жылжиды.

Өзге елдер қалай қысқартқан?

2018 жылдың ақпанында «Ком­мер­сан­ть» газеті Ресейдегі ЖОО-лардың жартысы жұмысын тоқтатқанын, яғни жойылғанын жазды. «Ресейдегі жоғары оқу орындары мен олардың филиалдар саны үш жыл ішінде шамамен 1097 ұйымға қысқарды», делінген мақалада Ресей Федерациясының Жоғары білім және ғылым министрлігінің басшылығы хабарлағандай, «тазарту жұмысы» со­ны­­мен аяқталғаны айтылыпты. Бұл жұмыс 2017 жылы Білім және ғы­лым саласындағы бақылау жөніндегі фе­дерал­дық қызметінің 35 жоғары білім беру ұйымының лицензиясын алуынан көрініс тауып, 68 ЖОО мен филиалдарын талапкер қабылдау құқығынан айыруына алып келген. Тазалау жүргізу барысында 125 мемлекеттік аккредитацияның қолданылуы тоқтатылып, Төрелік соттың шешімімен 32 ұйымда (оның ішінде 18-і – Мәскеуде) лицензияның күші жойылған көрінеді. Ал бізді елең еткізгені мына дерек болды:

– Осылайша 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейін Ресейдегі ЖОО мен филиалдардың саны 2268-ден 1171-ге дейін (2018 жылғы қаңтардағы деректер) қысқартылды, оның ішінде 83 мемлекеттік университет пен олардың 480 филиалы, сондай-ақ 193 жекеменшік ЖОО мен олардың 341 филиалы жабылды. Жоғарыда көрсетілген үш жыл көлемінде тексеру қорытындысы бо­йынша білім беру ұйымдарының заңды және лауазымды тұлғаларына қатысты 2850 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.

Байқадыңыз ба, мемлекеттік ЖОО-лар да жойылған. Біз әрдайым халықаралық стан­дарттарға сай болу мақсатында ш­ет­ел­­дік тәжірибені қолданатынын жиі айтатын Үкімет мүшелері мен минис­трл­ердің мәлімдемелеріне қанықпыз ғой. Сондықтан мұндай халықаралық реформа нәтижесінің ескерілетініне де сенгіміз келеді.

Моңғолиядағы дарынды балаларды дамытумен айналысатын дербес орталықтың директоры Шолпан Бірдхан аталған елде де сапасыз ЖОО-лардың санын қысқарту туралы сын-пікір жиі айтылатынын жеткізді. Бұл біршама уақыттан бері көтеріліп келеді екен. Нәти­жесінде соңғы жылдары 32 университет жұмысын тоқтатыпты, яғни 140-тан 102-ге қысқарған. «Біздегі жоғары оқу орын­дарының 5-еуі мемлекеттік, басқа­сы жекенің меншігінде. Бар­лы­­ғын­да білім алу ақылы, ең қымбат баға мемлекеттік университеттерде болады. Моңғолияда мемлекеттік грант деген атымен жоқ. Соның салдарынан ЖОО-лар бизнестің көзі саналып, есебін тапқанның бәрі ашып ала берген», дейді көрші елдегі қандасымыз. Оның айтуынша, оқыту орындарының құрылысы М2 деген стандартқа сай болуы тиіс екен, бірақ кейбір ЖОО-лар пәтерлердің бөлмесінде болған. Оған қоса, университеттерді лицензия­сынан айыруда студент қабылдайтын мүмкіндігі, мұғалімдер сапасына баса көңіл бөлінген көрінеді. Сонымен қатар Моңғолияда ЖОО-ларды қысқарту жұмысы әлсіз университеттерді біріктіру арқылы да жүзеге асырылыпты. Бұл – көңілге қонатын нұсқа. Ал жоғарыда пәтер бөлмелерін жалға алып универси­тет ашқан пысықайлардың жұмысына қарап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығын елестетіп, кеудеңізді басып, көзіңізді дөңгелетуге асықпаңыз. Сүрініп жатып жығылғанға күлетін жайы­мыз жоқ. Қабырғасы құлайын деп тұрса да талапкерді алыстан «қой қайыр­ғандай», жарнамасымен жар салып шақыратын ЖОО-лар бізде де бар. Қазақстандағы ұйымдар мен түрлі мекемелердің анықтамалығына айналған www.spr.kz сайтында студенттер мен түлектер бітірген оқу орындары туралы ой-пікірлерін қалдырған. Сонда бір желі пайдаланушы: «Өкінесіздер. Университет сондай сұрықсыз, барлық жағынан алып қарағанда. Құрметті талапкерлер ҚАУ (Қазақ-Америка университетін айтып отыр) мен АКС-ге (ал екіншісі қандай ЖОО екенін біле алмадық) түсуді тіпті ойға да алмаңыздар. Қабылдау комиссиясына келгенде тәтті өтірікті естисіздер, сонан соң ащы шындықты көресіздер», деп жазыпты. Университеттердің аты бар да, заты жоқ, қосақталған ғимараттарында жылу болмай, біреуіне тығылысатынын жазған жандар да бар.

Білім және ғылым министрлігінің Жолдауды іске асыру бойынша өткен отырысында ведомство басшысынан ЖОО-лардың қалай қысқаратынын арнайы сұрағанбыз. Сонда министр Асхат Аймағамбетов: «Қазір Президенттің Жолдаудағы тапсырмасына сәйкес арнайы тексерістер жүргізіліп жатыр. Бір нәрсе анық: біздің алдымызда осыншама ЖОО-ны жабу туралы қатып қалған меже жоқ. Басты талап – сапалы білім. Сол үдеден шыққаны қалады, қалғаны қысқарады», деп қысқа қайырды.

Өмірдің өзін сөйлетсек

Сапалы білім делік, жақсы, дау жоқ. Кейбір университет ветеринар маманын мықты дайындап шығарды. Студент те грант пен стипендиядан айырылып қалмас үшін әрі оқудан өзге уайымы болмағандықтан, бәлкім әлеуеті жетіп тұрғаны себеп болып қызыл диплом иеленеді. Яғни, университет сапалы білім беріп, сапалы маман дайындады. Ал енді сол маман бір парақ қағазын құшақтап қала мен қала маңындағы лабораторияларды жағалайды, нәтиже шықпасын білген соң, ауданға, одан ауылға аттанады. Орын жоқ. Бір ауылға бір мал дәрігері жетіп жатыр. Мал асырайтын ауылдықтар да аз қалған. Кімге қызмет көрсетеді? Университет сұратқан «жұмыс істеп жүргені туралы анықтаманы» қайдан алады? Амалсыз сенделіп, табылған бір жұмысқа кіріп, оқу орнына да, туған жеріне де төбесін көрсетпей кетеді. Көрініс сондай таныс па? Тіпті туысыңыздың басындағы жайды жазып отырғандаймыз ба? Дәл солай. Себебі тура осындай күйдегі кемінде он маман әр саладан, бір адам әр үйден табылады. Сонымен нәтижесінде сол әр саладағы кемі он адам әлгі сапалы білім беретін университеттің рейтингін бірден төмен түсіреді. Қалай деріңіз бар ма? Тәмамдаған түлегі жұмыспен қамтылмаған. Сонда қалай қыламыз? Сапалы білім беретін ЖОО-ларды да бітірушілері әлгіндей әлекпен қағазын қажетке жарата алмай жүргені үшін жабамыз ба?

Ақиқатында, нағыз әлсізді анықтау күрделі тексерісті және лайықты зерт­теу­ді қажет етеді. Біздің қалауымыз – қысқарту қалай жүргізілсе де, әділдік пен ашықтықтың салтанат құруы ғана.