Аймақтар • 03 Қазан, 2019

Арқада «Сыбаға» беріліп жатыр

398 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда өнімін экспортқа шығаратындарға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру керек екенін айтқаны белгілі. Бұл ауыл шаруашылығы саласына да тікелей қатысты тапсырма. Осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың қатарында елімізде етті мал шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбаға» бағдарламасын атап өтуге болады. 

Арқада «Сыбаға» беріліп жатыр

Төрт түлік малға жайлы, жайылымдық жері мол Қарағанды облысында «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, асыл тұқымды ірі қараның санын арттырып отырған шаруашылықтар баршылық. Соның бірі – Абай ауданына қарасты Дубовский ауылдық округының Алабас қыстағындағы «Ержанова К.Р.» шаруа қожалығы. Шаруашылық басшысы Алтай Әбішев 2018 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, оған асыл тұқымды ірі қара мен мал азығын сатып алды. Қолдағы малының сапасы мен санын арттыру үшін сырттан асыл тұқымды ірі қара әкелген шаруа елдегі ет экспортының әлеуетіне үлес қоспақ.

– Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 70 млн теңге несие алдым. Осы ақшаға Ресейден «Ангус» тұқымды 104 бас ірі қара сатып алдық, қаржымыз мал азығына да жетті. Жалпы, сиырларымыз суыққа төзімді, тез салмақ жинайды. Біздің Арқаның климатына бейімдеудің аса қажеті жоқ. Уақытында ветеринарлық іс-шараларын жасап, бақылап отырсақ болғаны. Қазір бізде он адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта асыл тұқымды мал санын көбейтіп, шаруашылығымызды кеңейте түссек, еліміздің ет экспортына үлес қоссақ дейміз. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мал азығын дайындайтын техникамыз жеткілікті. Шөпті өзіміз шауып аламыз. Жемді сатып алып, түрлі рациондарын қосып дайындайтын арнайы техникамыз да бар. Жалпы, жұмыс істеймін деген адамға қазір барлық жағдай жасалған. Тек еңбек ету керек, – деді А.Әбішев.

Шет ауданының Бұғылы-Тағылы тауының етегінде орналасқан Дәрия ауылындағы «Салауат» қожалығының басшысы Жақсылық Сопыжанов та былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие ресімдеп, оған асыл тұқымды сиыр мен мал азығын дайындайтын техника сатып алды. Мемлекет беретін субсидиядан да үлесін алып, үлкен іске білек сыбана кіріскен. Атакәсіптің арқасында шаруаның әулеті ауқатты тұрады. Тіпті мал бағудың заманауи әдістерін қолданатын шаруа жайылымдық жерін тиімді игеру үшін «Электронды жайылым» қондырғысын орнатып қойған.

– Былтыр «Герефорд» деген асыл тұқымды 69 бас сиыр сатып алдым. Қордың біз сияқты шаруаларға көрсетіп отырған қолдауына разымыз, несие шарттары көңілімізден шығады. Екі жыл жеңілдік мерзімі бізге біршама көмек болды. Соның нәтижесінде малымызды төлдетіп, шаруашылығымыздың әлеуетін көтеріп алғанша несие төлемейміз. Қазір бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Жем-шөп дайындайтын техникамыз бар, жайылымдық жеріміз бар. Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан тағы несие алып, мал әкелуді жоспарлап отырмыз, – дейді Ж.Сопыжанов. Оның айтуынша, мал бағудың тиімді тәсілдерін де қолдана білу керек. Осы арқылы жайылымдық жерді үнемдеуге болады.

– Мысалы, мен қазір «Электронды жайылымның» рахатын көріп отырмын. Өзім сияқты шаруаларға түсіндіре кетейін. Жайылымды қоршап қоямыз. Бұл үшін көп дүние керек емес, әр жерден қада қағып, тоқ жүретін сым тартса жеткілікті. Қоршаудан мал шыға алмайды. Басында 50 гектар жерді қоршағанбыз, қазір 200 гектарға жеткіздік. Іштен сыртқа мал шыға алмайды, сырттан ит-құс та кіре алмайды. Бағасы да қымбат емес, – дейді ол.

Қарағанды облысы Шет ауданының Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бағлан Арыстанбеков мал саны биыл былтырғыдан 28 пайызға өскенін айтты. Оған Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тарапынан берілетін несие айтарлықтай сеп болды дейді ол.

– Ауданның жоспары бойынша шетелден 1 300 бас ірі қара әкелуіміз керек болатын. 27 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал әкеліп үлгерді, жыл соңына дейін тағы 7-8 қожалық қорасын малға толтырмақ. Малдың бәрі қазір біздің жерге бейімделуден өтіп жатыр. Аудан бойынша биыл 5 600-ден астам еркек тайыншаларды бордақылау алаңдарына тапсыру жоспарланған, соның 2 мыңнан астамы тапсырылды. Экспортқа 220 тонна ет шығарамыз. Шаруаларға берілетін субсидия мәселесі толық шешілген деп айта аламын. Субсидия қаржысы түсе қалса, алуға дайын қожалықтар кезекте тұр. Осы тұста айта кетейін, көптеген кәсіпкер азаматтардың агросекторға ерекше мән беріп жатқанын байқауға болады. Жаңадан шаруа бастағандардың қатары көбейіп келеді. Жер бар, жер алудың өз тәртібі тағы бар. Арнайы конкурс болады, соған азаматтар қатысып, ыңғайлы жерді алады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жергілікті іскер азаматтарға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Несие шарттары ыңғайлы, пайыздық үстемесі төмен, шаруалардың еңсе тіктеп алуына мүмкіндік ретінде екі жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Ауданда мал шаруашылығына қатысты барлық бағдарлама іске асырылып жатыр. Шаруалардың лизинг арқылы техникаларын жаңартуға да жағдай бар, – дейді Б.Арыстанбеков.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағанды филиалының директоры Асқарбек Мақсұмхан «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып жатқан шаруаларға жасалып жатқан жағдайлар мен жеңілдіктер туралы айтып берген еді. Биыл жергілікті  филиал 7,5 млрд теңгеге жуық қаржылай қолдау көрсетіпті. «Сыбаға» бо­йынша 50 шаруашылықтың 3 500 бас мал сатып алуына 2,5 млрд теңге қаржы бөлініпті.

– Осы аймақтағы 44 шаруашылықтан 2800 ірі қара сатып алуға өтініш қабылдағанбыз. 26 өтініш мақұлданып, шаруалар 1 710 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Қалғандарына да несие беріледі, жыл соңына дейін қораларына малдарын кіргізіп үлгеруге тиіс деп отырмыз, – деді ол.

Жалпы, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шаруаларға 70 миллион теңгеге дейінгі несие 15 жылға 14 пайыздық мөлшерлемемен берілетінін айта кетейік. Оның 10 пайызын Үкімет субсидиялайды. Несие берілгеннен кейін 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі бар. Кепілдікке мүлік қою мәселесі де жеңіл. Қор басшылары шаруашылықпен айналысамын деген азаматтарға барынша қолдау көрсетуге әзірміз деп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие аламын деушілерге қойылатын талапқа да тоқтала кетейік. Шаруалар алған несиеге мал, техника және мал азығын сатып алуы тиіс. Мал ұстайтын қоражайы, талапқа сай жайылымдық жері болуы керек. Сонымен қатар еркек тайыншаларды өткізетін бордақылау алаңдарымен келісімшарт жасасқаны жөн. Кепілге қоятын мүлкі болмаған жағдайда, несие арқылы сатып алатын мал мен мүлікті қою мүмкіндігі қарастырылған.