Қазақстан • 03 Қазан, 2019

Биыл қамбаға астық аз түседі

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көктем, жаз айларында күн райының қайта-қайта құбылғаны диқандарға ауыр тиді. Қазір де егістік алқаптарындағы күзгі жиын-терім қиынға түсуде. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров республика бойынша 12,4 млн гектар алқапта егін орылғанын мәлімдеді. 2018 жылға қарағанда биыл өнім 15 пайыз аз жиналуы мүмкін. Бұл жағдай нанның қымбаттауына ықпал етуі ықтимал, деді ведомство өкілі.

Биыл қамбаға астық аз түседі

Вице-министрдің дерегіне сенсек, күзгі жиын-терім жұмыс­тары 81% орындалды. Астық­тың жылдағыға қарағанда аз шы­ғуына жаздағы аптап ыстық себеп болды. 2018 жылы жиналған астықтың жалпы көлемі 20,3 млн тонна болса, биыл 17 млн тонна астық жинау жоспарланып отыр.

– Елімізде 1 шілдеден бастап аптап ыстық болды. Әсіресе ең астықты өңірлердің бірі санала­тын Қостанай өңіріндегі 8 ауданда егін күйіп кетті. Бұл аймақта қазір гектарына 3,4 центнер ас­тық жиналып жатыр. Сол себепті өнім төмен. Үкімет тарапынан фермерлерге барлық қолдау көрсетілді. Жанар-жағармай 100 пайыз берілді. Техника жеткілікті, барлығы жөндеуден өткен. Шаруашылық басшылары жұмысты барынша жоғары деңгейде жүргізіп жатыр. Ауа райы ашылса, 10-12 күннің ішінде егін жинау науқанын аяқтаймыз, – деді А.Сапаров.

Ведомство басшысының орынбасары бұл жағдай нанның бағасына әсер етуі мүмкін екенін айтты, десе де әлеуметтік нан­ның бағасы қымбаттамайды деп уәде берді.

– Бұл мәселеде болжам айту әлі ертерек. Нан бағасы сәл қымбаттауы мүмкін. Алай­да әлеуметтік нан бағасы қым­бат­тамайды. Бір бөлке 78-85 теңге аралығында сатылады. Астық бағасы көтерілген жағдайда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары шара қабылдайды. Тіпті оған әкімдіктер мен азық-түлік корпорациясының тұрақтандыру қорлары тартылады. Әзірге астық жинау науқаны жүріп жатыр. Бізге әлі егістіктің шамамен 20%-ын жинау қажет. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – деді вице-министр. Спикер биыл экспорт көле­мі­нің де азаю қаупі бар екенін айтады.

– Экспортқа қанша мөлшерде бидайдың шығарылатынын да әзірге айту қиындау. Менің ойым­ша, экспортқа 6-7 млн тонна ас­тық шығарылуға тиіс. 17 млн тонна жинасақ, 2018 жылға қара­ғанда түсім азырақ болады. Бірақ ішкі сұраныс толығымен қанағаттандырылады, – деді А.Сапаров.

2019 жылы республика бойын­ша 22,2 млн гектар жерге ас­тық себілді. Оның 15,4 млн гектары дәнді дақылдар болса, соның ішінде 11,4 млн гектары  бидай алқабы. Қазір республика бойынша орташа өнімділік гектарына 11,5 центнерді құрайды.