Аймақтар • 03 Қазан, 2019

Табысын жасырғандар тасада қалмайды

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жеке табыс салығын төлемей, тұрғын үйді жалға беретін жеке тұлғаларды анықтау бойынша Ішкі істер министрлігінің бұйрығы негізінде мемлекеттік кірістер органдары мен ішкі істер органдары өзара бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Алайда осы күнге дейін Шымкент қаласының полиция департаменті тарапынан бірде-бір адам бойынша мәлімет ұсынылмаған. 

Табысын жасырғандар тасада қалмайды

Осыған байланысты атқарушы құқық қорғау органдары, учаскелік полицей­лер жоғарыда аталған іс-шараға қатысты тиісті мәліметтерді Мемлекеттік кіріс­тер департаментіне ұсынуы керек. Салық төлеуді дұрыс көрсету бойынша жұмысты ширату керектігін айтқан кеңес мүшелері тойханалардың салық төлеу мәселесін көтерді. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңесте кеңінен талқыланды.

Шымкент қаласы бойынша Мем­ле­кет­тік кірістер департаменті бас­шысы­ның орынбасары Нұрпейіс Құлым­бетовтің айтуынша, 2019 жылдың 8 айының қорытындысымен комитет құзыретіне жататын кірістер бойынша мемлекеттік бюджет жоспары 6 млрд теңге артығымен қамтамасыз етіл­ген. Жоспарда 111 млрд теңге бол­ған, нақ­ты түсім 117 млрд теңгені құрап­ты. Сонымен қатар аталған департа­мент тарапынан қаланың бюджет тү­сім­дерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау мақсатында ұсыныстар айтылды.

Салық төлеуден жалтарғандар қатарында шаһардағы самаладай самсаған тойханалар көш бастап тұр. Дереккөздерге сүйенсек, Шымкентте 118 тойхана бар. Алайда тойханалар салық төлеуден жалтарғанды жөн көреді. Тіпті кей тойханада 4 адам ғана жұмыс істейді деп көрсетілген. Ол бо­йынша тиісті хаттама толтырылып, жауапты органға міндеттеме жүктеледі.

Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жариялануына орай кеңес мүшелері полиция департаментінің өкіліне шаһар аумағындағы заңсыз көше саудасын реттеу, көшеде қайыр сұраушылардың әрекетін тоқтату керектігін айтты. Сондай-ақ қаладағы әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының тұрақты тасымалдау тарифтерін белгілеу туралы қағидалары қаралып, алдағы уақыт­та қоғамдық кеңес арнайы комиссия құратын болды.

Шаһардың сани­тар­лық-эпидемио­-логиялық жағ­дайы туралы баяндама жасаған Шым­кент қаласы Қоғамдық денсаулық сақ­тау департаментінің басшысы Әбді­манап Төлебаевқа қоғамдық кеңес жоғары баға беріп, басқа мекемелерге үлгі болса дегенді білдірді. Себебі Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер­дің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қоғамдық кеңестің отырысына түгел басшылық құрамы­мен келген. Кеңес мүшесі Бекайдар Мұса­ұлының айтуынша, аталған депар­тамент бұл есеп беру арқылы қоғам­дық кеңеске деген құрметі жоғары екенін көрсетті деп санайды.

Қоғамдық кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңес мүше­лері бірқатар ұсыныс айтты. Айтылған ұсы­ныстар мен пікірлер бойынша хаттама жасалып, оларды орындауға күш салынатын болады.

Жиында Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер, полиция және тауарлар мен көрсетілетін қызмет­тер­дің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­та­менттері есеп беріп, өз салалары­на қатысты мәселелерді сөз етті. Сонымен қатар қала аумағын абаттандыру, жасыл желекті күтіп ұстау және қорғау, қала­дағы әлеуметтік маңызы бар автобус ба­ғыт­тарының тұрақты тасымалдау тариф­терін белгілеу қағидалары қаралып, норма­тивтік-құқықтық акт жобалары келісілді.

 ШЫМКЕНТ