Аймақтар • 03 Қазан, 2019

Адам саудасына қарсы ынтымақтастық

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Адам саудасы және мигранттарды заңсыз әкелу нәтижесінде алынған заңсыз қаржы ағынының жолын кесу үшін халықаралық және өңірлік ынтымақтастық» тақыры­бын­да семинар өтті. Оны Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы БҰҰ ЕҚБ-мен бірлесіп ұйымдастырды.

Адам саудасына қарсы ынтымақтастық

Аталған шара Орталық Азия мен Таяу Шығыстың 8 елінің күш құрылымдарына арналып, оның жұмысына Ауғанстан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан прокуратура органдары, қаржы барлау бөлімшелерінің өкілдері қатысты. Негізгі мақсат – адам сау­дасына және мигранттарды заңсыз әкелуге байланысты заңсыз қаржы ағындарының жолын кесуде аймақтық және ведомствоаралық ынтымақтастықты жақсарту мақсатында ақпарат алмасуға және бейресми желілерді пайдалануға жәрдемдесу. Өйткені бүгінде адам саудасы – бұл қылмыстық бизнестің тиімді түрлерінің бірі болып отыр. Жаһандық құлдық индексіне сәйкес бүкіл әлем бойынша шамамен 40 млн адамның бас бостандығы жоқ. Ал Қазақстанда жыл сайын еңбек құлдығынан жүзден астам адам құтқарылады. Қазақстан 2017 жылы бұл көрсеткіште 167 ел бойынша 83-ші орынды иемденді (75 мың адам). Олардың арасында негізінен әйелдер мен балалар көрінеді. 2017 жылы ішкі істер органдары адам саудасымен байланысты 250-ден астам қылмыстық іс қозғады.

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша адам саудасынан түскен заңсыз табыс жыл сайын шамамен 150,2 миллиард АҚШ долларына бағаланады екен.

Семинарда адам саудасына және мигранттарды заңсыз әкелуге байланысты қылмыстарға тергеу жүргізуде қаржылық барлау бөлімшелерінің рөлі, осы мәселеге қарсы күрес үшін қаржылық тергеулерді пайдаланудың аймақтық тәжірибесі, халықаралық ұйымдардың күш-жігері және ағымдағы бағыттар, қазіргі заманғы үрдістер, адам саудасы және мигранттарды заңсыз әкелу әдістері, сондай-ақ олардың заңсыз қаржы ағындарымен өзара байланысы секілді мәселелер қозғалды. Сонымен қатар адам саудасына және мигранттарды заңсыз әкелуге байланысты заңсыз қаржы ағынының жолын кесу мақсатында аймақтық және ведомствоаралық ынтымақтастықты жақсарту мәселелері талқы­лан­ды. Осы іспеттес қылмыстарға тергеу жүр­гізуде қаржылық барлау бөлімшелерінің рөліне ерекше назар аударылды.

Семинар соңында сала бойынша өңірдегі ынтымақтастықты жақсарту жолдары мен ұсыныстар, озық тәжірибе назарға алынды.