Руханият • 03 Қазан, 2019

«Алтын тұлпар» –Жайық жағасында

1012 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Алтын тұлпар» аламан бәйгесі алғаш рет 2014 жылы «Нұр-Отан» ХДП қолдауымен, партияның 15 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бола­тын. Сондай-ақ аталмыш бәй­ге келесі 2015 жылы «Қазақ хан­дығының 550 жылдығына», 2016 жылы Қазақстан Респубикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдық құрметіне, 2017 жылы ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесі аясында өткен болатын.

«Алтын тұлпар» –Жайық жағасында

Алғашқы «Алтын тұлпар» бәйгесі 43 шақырым болғаны жанкүйерлер есінде. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, 2014 жылғы аламанда Қарағанды облысының жүйрігі Бақторы алдына қара салмай дара келді. Еліміздің атбегілері сол жолы бәйге қашықтығының 43 шақырымнан да көбірек болуын өтінген-ді. Сөйтіп 2015 жылы «Алтын тұлпардың» бәйге жолы 51 шақырымға ұзартылды. Бұл қашықтықта Жамбыл облысының тұлпары «Cамалдан» озған қылқұйрықты болған жоқ. 2016 жылғы бәйгеде Жетісу өлкесінің жүйрігі Жаннұр мәреден жарқырап жалғыз өтті. 2017 жылы жоғарыдағы Самал атты сәйгүлік «Алтын тұлпардың» он миллион теңгелік бас бәйгесін екінші мәрте қан­жығасына байлады.

«Алтын тұлпарды» тек елорда төңіре­гінде ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де өткізуді ұйғарған Ұлттық спорт қа­уым­­дастығы кезекті аламан бәйгені Аты­рау өңірінде ұйымдастыруды жөн көріп отыр. Жарыстың ресми атауы – «Алтын тұлпар – Жайық жағасында». Яғни, биылғы жылдың басты бәйгесі 12 қазанда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылының іргесінде ұйымдастырылмақ.

Жайық жағасында өтетін аламан бәйгеге барлық жүйрік тұқымдар қосы­лады. Еліміздің 14 облысы және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әрқайсысынан 5 сәйгүліктен қатысады. Жүлде қоры – 22 миллион теңге. Бас жүлде – 10 миллион. Шылбыр ұстатқан алғашқы тоғыз жүйрікке жүлде беріледі.

Атырау өлкесінде бесінші мәрте ұйымдастырылатын биылғы айтулы аламанға еліміздің ең таңдаулы жетпістен астам сәйгүліктері бақ сынайды деп күтілуде. Бір қызығы, 2015 жылы және 2017 жылы «Алтын тұлпарда» екі рет бас бәйге алған Самал сәйгүліктің, сондай-ақ 2017 жылғы аламанда екінші орын алған жетісулық жүйрік Қоянқасқаның атбегілері бабы келіскен тұлпарларының бағын Атырау топырағында тағы бір сынап көрмекке бекініпті. Сондықтан білікті мамандар пікірінше Жайық жағасында өтетін «Алтын тұлпар» бәйгесінің бұл жолғы бәсекесі тіпті ерекше болмақшы.