Экология • 03 Қазан, 2019

Алматы облысында «Экосағат» акциясы аясында 30 мыңнан астам ағаш отырғызылды

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорғандағы № 9 мектепте өткен «Экосағат» акциясына қатысып, мектеп ұжымы, оқушылар және ата-аналармен бірге ағаш отырғызды. Осы күні акция аясында өңірдің барлық білім мекемелерінде жалпы саны 30 мыңнан астам ағаш егілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысында «Экосағат» акциясы аясында 30 мыңнан астам ағаш отырғызылды

Республикалық «Экосағат» экологиялық акциясына Алматы облысы да белсене атсалысты. Соның ішінде Талдықорғандағы № 9 мектепте өткен шарада облыс әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп, балаларды туған жерін сүюге, оның әсем табиғатын аялап, көркейтуге шақырды. Қаратал шағын ауданының жаңадан тұрғызылған жылдарын, № 9 мектептің құрылысы жүрген кезеңдерді еске түсірді. Жыл өткен сайын Қазақстанның бір бөлшегі ретінде дамып келе жатқан өңірдің одан әрі өркендеуіне оның әрбір азаматы белсене атсалысуы тиістігін атап өтті.

- Біздің Алматы облысын жер жаннаты Жетісу деп бекер атамаған. Бұл шыбық шаншысаң, шынар өсетін қолайлы жер. Өлкеңді жақсы көру, Отанды сүю оның табиғатына қамқорлық жасаудан басталады. Сондықтан осындай «Экосағат» акциясының пайдасы зор. Талдықорғанды атына сай көркейтіп, көгалдандыруға бәріміз де үлес қосайық, - деді А. Баталов.

№ 9 мектептің оқушылары Ерсайын Сәкімжан мен Балғын Дүйсенқұлова да акцияға қатысты ой-пікірлерін білдіріп, қатарластарын қоршаған ортаны қорғауға шақырды.

Облыс әкімі бастаған ресми қонақтарға балалар өз қолдарымен жасаған құс ұясын көрсетіп, табиғат қорғау тақырыбында өлеңдер оқыды.

Амандық Баталов мектеп ұжымымен, ата-аналармен, оқушылармен бірлесіп, мектеп ауласына 100 тал қайың ағашын отырғызды. Ардагер апалар ағаш түбіне кесемен ақ құйып, шаншылған шыбықтар саялы орман болсын деген ырымын жасады.

Жалпы «Экосағат» акциясы аясында облыстағы мектептердің аулаларында орман шаруашылығы мен парктерден бөлінген 17250 ағаш отырғызылса, балабақшалар мен колледждер ұжымдарының демеушілер көмегімен 15 мың ағаш әкелінген, сөйтіп өңірде жалпы саны 30 мыңнан астам көшет егілді.