Қоғам • 03 Қазан, 2019

Алматыда мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясына арналған форум өтіп жатыр

993 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Форумды ұйымдастырушылар елімізде мүгедектігі бар жандар үшін ыңғайлы орта құру мәселесі өте өзекті екенін күн тәртібіне шығарып жатыр.

Алматыда мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясына арналған форум өтіп жатыр

«Алматы әйелдер клубы» мен «Инклюзивті Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің басшысы Бент-Анат Бейсембаева  журналистермен кездескен кезде мүгедектігі бар адамдар жеке өздері елімізді инклюзивті етіп жасай алмайтынын айтты.  Оны тек қоғам белсенділерімен және азаматтық қоғам құрушы азаматтардың қатысуымен ғана жүзеге асыра алады.

«Бүгінгі форумға Жапония, Франция, Германия елдерінің мүгедектер қоғамының басшыларын шақырдық. Алдымен оларға барып жағдайды көрдік, яғни олардың тәжірибесімен таныстық. Оларда мүгедектігі бар жандар өздерін кемтар сезінбеу үшін бар жағдай жасалған. Олар дені сау адамдармен қатар жұмысқа барып, өзге де қоғамдық шараларға еш қиындықсыз қатыса алады. Сондықтан бізге бұл бағытта атқаратын жұмыс әлі көп» деді ол журналистермен кездескен кезде.

Жиын барысында кедергісіз туризм, мүгедектердің қолжетімділігі және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру  мәселесі қаралады. Себебі елімізде  мүгедек жандардың туризмі үшін ешқандай жағдай жасалмаған.  Өйткені қонақүйлерде оларға арналған нөмірлер тапшы. Бір қонақүйде бір ғана орын белгіленген.

Сөз арасында ол қолжетімділік жағы да ақсап тұрғанын, пандус, арнайы көтермелер, инвотаксилер жеткіліксіз екенін айтты. Мүгедектігі бар адамдардың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы қиын. 

«Франция мен Германияда олардың бәрі жұмыс істейді. Ол жақта арбаға таңылған адамдар өздерін кемтар сезінбейді, бәріне қолжетімділік бар. Бізде де сондай болса дейміз. Қазір елімізде мемлекеттік емес мекемелер мүгедектерге қамқорлық көрсету мақсатында оларды жұмысқа ала бастады. Мұндай кезде олар жария салып, көпшілікке білдіре бермейді. Алайда жариялау керек деп ойлаймын, бұл пиар үшін емес, өзгелер де солай істеу үшін қажет. Біздің «Әйелдер» клубы бес жылдан бері әр жұма сайын қарттарға тегін нан таратып келеміз. Кейбірі бізді өздерін жарнамалағысы келіп жүр деп айтып жатады. Бұл мүлде олай емес, елімізде жағдайы бар адамдар да осылай жасаса деген оймен атқарылып жатыр. Қазақстанда жағдайы төмен адамдарға көмектескісі келетіндер бар, алайда оны қалай жасау керектігін білмей жатады. Міне сондайлар бізден үлгі алып жатса жаман болмас еді»,  деді Бент-Анат Бейсембаева.