Аймақтар • 03 Қазан, 2019

Қарағанды мектептерінде «Экосағат» акциясы өтті

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасының №102 және 103 мектептерінде өткен «Экосағат» акциясына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, ол 5-11 сынып оқушыларымен бірге қарағай және шырша көшеттерін екті.

Қарағанды мектептерінде «Экосағат» акциясы өтті

Өңір басшысы оқушыларды табиғатты аялауға шақырды.

– Шынын айтқанда, үлкендер экология мәселесін сіздерсіз ауыздықтай алмайды. Бүгінде бүкіл әлем қоқысты бөлек жинауды, жаңа, жаңартылатын энергия көздерін іздеуді, экологиялық таза өнімдерге көшуді қолға алған. Менің ойымша, бұл өте маңызды дағдылар. Сіздердің буынның жас кезінен экология мәселесін зерттейтіні мені қуантады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Акция барысында облыс әкімі оқушы балалармен емен-жарқын әңгімелесті. Өскелең ұрпақтың өкілдері өңір басшысына өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, оларға толыққанды жауап алды. Мысалы, Жеңіс Қасымбек мектепте, кейін университетте оқып жүргенінде физика мен математиканы жақсы көргенін, сондай-ақ дене шынықтыру сабағында футбол ойнағанды ұнатқанын айтты. «Егер мен мемлекеттік қызметші болмасам, онда өзімнің алғашқы мамандығым – құрылысшы-сәулетші болып жұмыс істер едім. Маған ол шынымен ұнайды», деді ол.

Бұдан кейін облыс басшысы мен оқушылар пластиктерді өңдейтін EcoTruck жылжымалы бекетінің жұмысымен танысты. Шанағында қоқыс өңдейтін қондырғысы бар жүк көлігі қараша айының 15-інен бастап сәуірдің ортасына дейін Қарағандының мектептерін аралап,  балаларды қоқысты бөлек жинауға үйрететін болады.

Еске салсақ, республикалық «Экосағат» акциясы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасымен ұйымдастырылған болатын. Бұл күні еліміздегі барлық облыс, қала және аудан әкімдері оқушыларға экологияны қорғау жөнінде дәріс оқып, ағаш егу шарасына ат салысты.