Саясат • 03 Қазан, 2019

Сенатта мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасы қаралды

576 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенатта мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасы қаралды

Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаттары әзірлеген заң жобасының мақсаты кадрларды конкурстық іріктеуді жүргізу және мемлекеттік қызметті өткеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіндегі шараларды іске асыру кезіндегі құқықтық олқылықтарды, коллизияларды жою арқылы мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру болып табылады.

Мемлекеттік қызметті өткеруді жаңғырту үшін заң жобасында конкурстық рәсімдер оңайлатылады, озық шетелдік жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары бойынша оқыған, сондай-ақ халықаралық ұйымдардағы жұмыс тәжірибесі бар адамдарды конкурстан тыс тағайындау көзделеді, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау жөніндегі шаралар нақтыланады.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның құқық қорғау органдары лауазымдарына қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын бекіту жөніндегі және мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттардың және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтардың тестілеу нәтижелеріне шағым жасау тәртібін айқындау жөніндегі қызметі реттеледі.

Мемлекеттік қызметті өткеру кезінде кәсіби әлеуетін анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін саяси және мемлекеттік қызметшілерді ротациялау тетігі нақтыланған. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жасау институты қалпына келтіріледі.

Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұйымдарда басқару функцияларын атқаратын адамдардың Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін басқару органдарындағы, бақылау кеңестеріндегі, атқарушы органдардағы, өзге де ұйымдардағы ақы төленетін лауазымдарға орналасу құқығын реттейтін ереже алып тасталады.

Заң жобасын талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттері мен депутаттарының ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады.

Қолданыстағы тәртіпті сақтау мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына денсаулық сақтаудың, білім берудің, мәдениет пен спорттың облыстық басқармаларының басшыларын тағайындау, сондай-ақ оларды босату кезінде кандидатураларды тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу ұсынылып отыр.

Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) полиция департаменттерінің бастықтарын Құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резервінде тұрған полиция қызметкерлерінің қатарынан тиісті жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің тағайындауы көзделеді.

Одан басқа, лауазымдар санаттары (саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер) бойынша өздеріне бағынысты адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігін нақтылауға және регламенттеуге бағытталған түзетулер енгізіледі.

Сенаттың тұрақты комитеттері мен депутаттарынан келіп түскен барлық ескертпелер мен ұсыныстар салыстырма кестеге жинақталды.

Құжат Палата қарауына жіберілді.