Ең бірінші, сабақтастық. Жолдаудың аттап өтуге болмайтын маңызды тұсы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған, бүгінде әлем елдері «Назарбаев моделі» деп баға берген базалық ұстанымдардың тұжырымдамалық сабақтастығын атап өтуге тиіспіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәңгілік елдің Ұлт көшбасшысы негізін қалаған сара жолды, ұстанған іргелі қағидаттарды дамыта отырып, одан әрі жетілдіруді көздеген. Бұл – өркениетті дамудың эволюциялық жолы әрі талассыз таңдау!
Биылғы Жолдаудың екінші ұтымды бір ерекшелігі – кешенділігі. Үкіметіміз ұстанатын стратегиялық бағыттардан бастап еліміздің қатардағы азаматтарының қарапайым сұраныстары мен қажеттіліктеріне дейінгі мәселелер мен проблемалардың, міндеттер мен мақсаттардың бүкіл жиынтығы қамтылған. Қысқа да нұсқа. Енді мемлекетке қарап отырмай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», тізе қосып, іске асыруға атсалысуымыз қажет. Ұлт үшін, ұлттық мүдде үшін.
Маңыздысы, ой ықшамдылығы. Жолдауға негіз болған ой-тұжырымдардың қысқалығы, қарапайымдығы мен жинақылығы тәнті етеді. Әсіре ұраншылдыққа салынбау, көпсөзділікке ұрынбау Жолдаудың құрылымының ықшам, мазмұнының дәл берілуіне септігін тигізген. Алдымен факті келтіріліп, содан кейін оған сындарлы баға беріледі де, соңында қорытынды шығарылады, нақты міндеттер қойылып, мерзімі көрсетілген тапсырмаларға ұласады.
Айрықша айта кетерлігі – нақтылық. Жолдауда атқарушылық жауапкершілікке қатысты қойылған талаптар нақтылығымен есте қалды. Министрлерге де, әкімдер мен түрлі лауазымды дәрежедегі тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына берілген тапсырмалар нақты, көлемі айқын, орындау мерзімі белгілі. Нақтылық жауапкершілікті күшейтеді. Бұл – өз кезегінде, нәтиже мен сапаға әсер ететіні сөзсіз.
Жүйелілік – Жолдаудың басты бағдары. Жолдау ережелері бірыңғай қисынды сипатта құрылып, терең пайым таразысына салына отырып, дамушы елдердің халықаралық стандарттарына сәйкестендірілген.
Өзектілік – Жолдаудың негізгі талабы. Қасым-Жомарт Кемелұлының жұртшылыққа арнаған бұл сөзінде мемлекеттік қызметтегі басшыларды да, сондай-ақ бүкіл қоғамды, қарапайым азаматтарды да толғандыратын, шешуі кезек күттірмейтін барлық өзекті де зәру мәселелер дерлік толық көрініс тапқан. Бұл күрмеуі қиын мәселені әр қырынан көрсетеді әрі оны шешу жолын тиімді ұйымдастыруға септігін тигізеді.
Бірізділік – Жолдаудың құнды қыры. Жолдауда көзделген әрбір мәселенің «басы мен аяғы», шынайы ерекшелігі, орындалу мерзімі айқын көрсетіліп, бұрынғы жинақталған тәжірибеге сүйене отырып болашақта жасалатын нақты әрекеттердің жоспары мен оларды орындауға қажетті шаралар, орындауды бақылау жүйесі туралы нұсқау беріледі. Қолға алған іс-шаралар сонда ғана нәтижелі болмақ.
Уақтылылық – Жолдаудың басты шарты. Президент көтерген мәселелердің біршамасы халықтың көкейінде бұрыннан жүрген, тіпті пісіп-жетілгендіктен оны қолға алатын және орындайтын сәт туып отыр. Қазіргі үкімет үшін бұл қордаланған әлеуметтік-саяси, қаржылық-экономикалық, мәдени-идеологиялық мәселелерді күн тәртібіне енгізудің уақыты жеткендігі сөзсіз. «Еститін мемлекет» механизмі заман талабынан туындап отыр. Ендеше, бұл біздің қоғамға соны серпіліс әкелетіні айқын. Аз уақыт ішінде жемісін береді деген сенімдеміз.
Іргелілік – Жолдаудың іргетасы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – Қазақстанның дамыған мемлекеттер шоғырына қарай алға қадам басқан даму жолындағы ілгерілеуінің даусыз нәтижесі. Жолдау – негізгі адами құндылықтар мемлекетіміз үшін басты басымдық саналатынын әлемге жария етудің жарқын дәлелі. Әлемдегі өркениеттік прогресті бағдарға ала отырып, өзіміздің халықаралық қауымдастықтағы лайықты орнымызды да анық белгілеуіміз Жолдауда ашып айтылған. Осы тұрғыдан Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты ілгерілігімен әрі тұрақтылығымен, ғылыми бағдарының айқындығымен және көпвекторлығымен ерекшеленеді.
Мемлекеттік тіл – Жолдаудың мәртебесі. Жолдауды қалың ел зор қуанышпен жылы қабылдады. Тәуелсіздіктен бері тамыры тереңге тартқан ана тіліміздің тынысы әлемдік деңгейде қанатын жаймақ. Қоғамның жоспарлы әрі жүйелі дамуы арқылы біз замана талқысына төтеп берген, басты рухани мұрамыз – Мемлекеттік тілді ұлықтаған Қазақстан халқын бір тағдыр, бір шаңырақ, бір жарқын келешек, біртұтас әрі байтақ Отан біріктіріп тұр деген тұжырымға келдік.
Президент Жолдауы жақсылыққа жетелейді. Бізді біріктіреді: Бір сөз. Бір ел. Бір мүдде.
Ерден ҚАЖЫБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ