– Мадияр Дүйсенбайұлы, отбасы институтын нығайту, отбасы құндылықтарының рөлін арттыру деген ұғымдар қазір трендке айналып тұр. Мемлекеттің әр ошақтың ішкі жағдайына араласуы қаншалықты орынды?
– «Отан – отбасынан басталады» деген халық даналығы бар. Сіздің сұрағыңызға осы мақал жауап беріп тұр емес пе? Қазақта «Қол сынса – жең ішінде, бас жарылса – бөрік ішінде» деген тәмсіл және бар. Бұл жауырды жаба тоқып, мәселеңді бүркеп ұста дегенді білдірмесе керек. Кез келген кикілжің қауымның ақыл қосуымен, үлкеннің ақылымен, көптің тілеуімен шешіліп отырған. Одан қалса, бидің алдына жүгініп төрелік сұраған. Қарап отырсақ, қазіргі қазақ қоғамында мен айтқан келісім сатысының барлық түрі әлі де бар. Тек сипаты мен аты ғана өзгерген. Ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, әйелдер қауымдастығы, қамқорлық кеңес деген сияқты түрлі диалог алаңдары бар. Әлеуметтік мәселелермен айналысатын қоғамдық ұйымдар да көп. Ал билер институтының орнын сот органдары басқан. Мәселе осы аталған институттар өз міндетін қаншалықты мүлтіксіз орындап отырғанында. Мемлекеттің отбасы ісіне араласуы аталған институттардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, жұмысын жетілдіру тұрғысында болмақ.
– Сіздің ойыңызша қазақ отбасының қазіргі басты проблемасы не?
– Жаһанданудың қысымымен мәдени құндылықтардың, соның ішінде отбасылық қатынастардың құнсызданғаны ешкімге жасырын емес шығар. Ажырасу санының артуы, үйдегі зорлық-зомбылық, әлеуметтік жетімдік сияқты бірқатар жағымсыз үрдістер байқалады. Қазақта «тірі жетім» деген аса ауыр сөз бар. Бұл ілкіде ілеуде бір ғана кездесетін. Қазір ондай мұқтаждардың көбейгені сонша, «әлеуметтік жетімдік» деген ұғым пайда болды. Қазақ отбасының басты мәселесі осы деп ойлаймын. Британдық The Еconomist басылымының ақпараты бойынша, Қазақстан ажырасу көрсеткіші жоғары он елдің қатарына кірген. Бірінші орында тұрған Ресейде шаңырақ құрған 10 отбасының жартысына жуығы (4,7) ажырасып тынады екен. Екінші орында – АҚШ-тағы Гуам аралы (3,6), үшінші орында – Беларусь (3,5). Қазақстан бұл тізімде 9-орында.
– Нақты көрсеткіштерді атап өтсеңіз...
– Ресми статистикаға сүйеніп сөйлейік. 2018 жылы елімізде 54 797 неке бұзылған. 2017 жылы бұл сан 54 626 болатын. Ал 2016 жылы 51 993 ажырасу құжаты тіркелген екен. Байқағаныңыздай, соңғы 2 жылда ажырасу көбейе түскен. Бұл келеңсіз үрдіс биыл да жалғасуы мүмкін деген қауіп бар. 2019 жылдың 6 айында 29 025 отбасы ажыраған.
Былтыр бұл кезеңде ажырасқандар саны 27 454 болатын. Яғни жарты жылдың өзінде бұзылған некенің саны былтырғы кезеңнен 2 мыңға көп болып тұр.
– Министрліктің міндеті сол статистиканы тіркеумен шектелмейтін шығар? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдауды мойнына алып отыр. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, оның ішінде сіз жетекшілік ететін комитеттің бұл істегі рөлі қандай?
– Министрліктің стратегиялық жоспары бар. «Тіркелген некемен салыстырғанда ажырасқандардың үлесі» индикаторына қол жеткізу міндеті тұр. Түсінікті тілмен айтқанда, қиылған некенің саны бұзылған некенің санынан неғұрлым көп болуы үшін жұмыс істеуіміз керек. Біздің міндет – жұмысы отбасы институтымен тікелей байланысты ведомстволардың өзара үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз ету. Әр мемлекеттің отбасы институтына қатысты жан-жақты сарапталған саясаты болуы керек.
– Бұл жұмыстарыңызды жұрт көріп, сезіне алып отыр ма?
– Биыл Шымкент қаласында қанатқақты жобаны қолға алдық. Халық мейлінше көп шоғырланған қалада Отбасы, балалар және жастар істері басқармасы құрылды. Егер бұл басқарма ведомстволардың өзара іс-қимыл тиімділігін арттырып, отбасылардың жағдайын жақсартуға, отбасы саясатындағы стратегиялық индикаторлардың жақсаруына жол ашып жатса, өзге өңірлерге таратамыз. Бізде 2030 жылға арналған отбасы-гендерлік тұжырымдамасы бар. Соның екінші кезеңінің іс-шаралар кешенін жоспарлап жатырмыз. Бұл тұжырымдаманың іске асуына Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйытқы болып отыр.
– Іс-шаралар кешені деп қалдыңыз. Нақты қандай шаралар жоспарланған?
– Өмірлік қиын жағдайға тап болған халықтың құқықтық білім деңгейін арттыру мақсатында «Қорғау» жобасы қолға алынбақ. Ал отбасы институтын нығайтып, ажырасу санын азайту мақсатында қолға алынған «Бақытты отбасы» кешенді жобасы Жоғарғы сотпен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» арқылы грант түрінде іске асырылады. Грант иегері – «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі.
– Грантты алған ұйым сенімдеріңізді ақтап жатыр ма?
– Бүгінге дейін жоба шеңберінде еліміздің 8 өңірінде отбасылық соттар жанындағы 12 ресурстық қолдау орталығы ашылды. Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында 2 орталық, Алматы қаласында 3 орталық, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында бір-бір орталықтан жұмыс істейді. Оның ішінде Атырау облысынан басқа 7 өңірде ажырасу деңгейі жоғары болып тұр. Сотқа қатысты мекеме болғанымен, әр орталыққа психологтар, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер, дағдарыс жағдайларымен жұмыс істейтін 64 маман тартылды.
– Бұл орталыққа отбасында қысым мен зорлық-зомбылық көрген жанның бәрі келетініне кім кепілдік береді? «Бізден кім көмек сұрайды?» деп күтіп отырғанша алдын алу тиімді емес пе?
– Ол жағы да ойластырылған. Жастар мен жасөспірімдерге арналған «150» сенім телефоны, 150.kz сайты жұмыс істейді. Жобаның Инстаграм мен Фейсбук әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары бар. Сонда өтініш қалдырып, кері байланысқа шығуға болады.
– 8 өңірдегі ресурстық орталық жұмысын бастағалы қандай да бір оң нәтижелер байқалып жатыр ма? Әлде бұл ұзақ мерзімді жоба ма?
– Отбасылық соттар жанындағы ресурстық орталықтарға маусым айынан бері 2700 адам өтініш білдірді. Оның ішінде 1100 өтініш ажырасу мәселесі бойынша, 1600 өтініш туыстар арасындағы жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, балаға қамқорлық мәселелері, ішімдікке салыну, құмар ойындары сияқты проблемаларға қатысты. Жоба басталған үш ай ішінде (маусым-тамыз) сотқа ажырасу ниетімен жүгінген 600 адамның 250-і некесін сақтап қалды. Қалған жұптар балалардың мүддесі үшін келісімдік тараптар арқылы ажыратылды. Жоба аясында мұндай дауларды реттеудің оң динамикасы байқалады. Мысалы, Қарағанды облысында 2019 жылдың 6 айында 181 некені бұзу туралы талап-арыз келіп түсті, оның ішінде 93-і тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды, 15-і татуласуға байланысты қайтарылды. Реттелген даулардың жалпы үлесі 60%-ды құрады.
Осы нәтижемен тоқтап қалмаймыз. Қазіргі уақытта барлық өңірде отбасын ресурстық қолдау орталықтарын құру мәселесі пысықталуда. Яғни жемісті жұмыс істеп жатқан орталықтардың тәжірибесі еліміздің барлық өңіріне таратылады.
– Бұл мәселенің салдарымен ғана күресу емес пе? Мұндай татуласулардың баянды боларына кепіл бар ма?
– Ресурстық орталықтарда қиындыққа тап болған жандар психолог пен заңгердің, әлеуметтік қызметкердің ақысыз қызметін пайдалана алады. Психолог ажырасуға ниеттенген жұптармен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл үшін екі тараптың келісімі керек. Жұптар ажырасу туралы райларынан қайтқан соң да психологқа жүгіне алады. Яғни мұндағы көмек бір реттік, науқандық мақсатты көздемейді. Біз екі арадағы түсініспеушілік келешекте қайталанбауын көздейміз. Сол үшін орталықтағы психологтың ақысыз көмегі 1 айдан 6 айға дейін жалғасады. Бұл әсіресе жастарға үлкен көмек деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»