Аймақтар • 04 Қазан, 2019

Ақындарын іздеген әкім

1263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқымызда «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген қанатты сөз бар. Ұлт руханиятына олжа салған атақты ақындардан бөлек, бүгінде Әулиеата өңірінде жас шайыр­лар шоғыры да қалыптасып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылы аясында Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев өңірдің жас қаламгерлерімен кездесті.

Ақындарын іздеген әкім

Еркін пікір алаңына кел­ген әкім әуелі Алматы шаһа­рында өткен студенттік жыл­­да­рынан естеліктер айтып, Шығыстың ұлы шайыры Омар Хайямның рубаятын және қазақтың дарынды ақыны Жүсіп Қыдыровтың лирикалық өлеңін жатқа оқып берді. «Тараз – ақын­дар­дың қаласы. Кезінде кө­не Тараздың келбеті мен ару­ларының сұлу­лығын Фир­доуси сияқты ұлы ақын­дар «Сергітер жүрек жарасын, мөп-мөлдір көздің қара­сын, Тараздан ғана таба­сың» деп жырлаған. Бүгін өз­де­ріңіздей талантты жастар­мен кездесіп отырғаныма қуа­­­ныштымын», деді әкім. Кез­десу барысында әңгіме әде­­биет тақырыбында өрбіді. Сонымен қатар әкімдіктің қол­дауымен Әулиеата өңі­рінде жас қаламгерлердің фо­румы ұйымдастырылса, жастардың бірқатарының кітабы жарыққа шықса деген ұсыныстар да айтылды. Бұдан кейін жиынға қатысқан Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Нұрболат Сатымқұл, Арайлы Жақсылық, Ғайникен Маралтайқызы және өзге де жас ақындар өз өлеңдерін оқы­са, Шапағат Әбдір халқы­мыздың игі жақсыларына арнау арнады. Кеш барысында Нұрлан Әбдікәрімов Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы», Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» атты ән­дерін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Емен-жарқын әңгіме барасында Қайрат Досаев жи­ынға қатысып отырған жиырма жас ақынның бәрінің кітабын болмаса да, үш-төрт автордың жеке жинағын шығарып беруге болатынын айтып, олардың әр­қайсысына хакім Абайдың қа­расөздер кітабын сыйға тартты.

Жамбыл облысы