Аймақтар • 04 Қазан, 2019

Жібек жолы бойындағы жарасымды сұхбат

369 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстан Республикасының  Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жібек жолы бойындағы сұхбат – 2019» халықаралық мәдениеттану жобасы аясында Тараз қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында «Жаңғыру. Орта Азия халықтарының тарихи және заманауи тағылымы» тақырыбында шара өтті.

Жібек жолы бойындағы жарасымды сұхбат

Ғылыми конференция басталмас бұрын Әулиеата өңіріне келген мәртебелі меймандар Қарахан кесенесі, Тұңғыш Президент саябағы, Тәуелсіздік мемориалы, «Қазақ хандығы» монументі және Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелеріне экскурсия жасады. Бұдан кейін Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы «Алатау» қазақ фольклорлық-этнографиялық ұжымының өнерін тамашалап, «Ұлы Жібек жолы» атты кітап көрмесіне қатысты. Аталған шара аясында Қазақстан этностарының қолөнер көрмесі мен «Жібек жолы бойындағы сұхбат» атты фотокөрме ұйымдастырылып, LED экран арқылы «Жібек жолы бойындағы сұхбат» жобасы туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді.

Өз кезегінде «Жібек жолы бойындағы сұхбат – 2019» халықаралық мәдениеттану жобасының ашылу салтанатына еліміздегі белгілі жазушылар мен ғылым қайраткерлері, сонымен қатар, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерінің жетекші ғалымдары, халықаралық сарапшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен Ассамблеяның кафедралары қатысты. Мәдениеттану жобасының ашылу рәсімінде әуелі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов сөз алып, бұл жиынның мақсаты Ұлы Жібек жолының тарихы мен әлеуметтік-мәдени тұрғыдан жаңғыруын саралау, Орта Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, ортақ мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау, өркениетаралық диалогты дамыту екенін атап өтті. Бұдан кейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Тараз шаһарының тарихы тереңде екенін, сан ғасырлар бойы атақты ғалымдардың зерттеуіне арқау болғанын айта келіп, көрнекті ғалымдар мен танымал сарапшылардың қатысуымен өтіп отырған конференция жұмысына сәттілік тіледі. Жиынды жоба авторы, белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуезов жүргізіп отырды.

Жалпы, Жібек жолы бойындағы сұхбат тарихи деректер мен шығыстық таным негізінде әсерлі өрбіді. Өзбекстан Республикасынан келген шығыстанушы Александр Джумаев, Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Александр Кадырбаев, Қырғызстан Республикасынан келген тарих ғылымдарының докторы, Орта Азиядағы Америка университетінің профессоры Чолпон Турдалиева, философия ғылымдарының кандидаты, Тәжікстан Республикасы, Моеншо Назаршоев атындағы Хорог мемлекеттік университетінің қызметкері Мунира Тавакалова сияқты шетелдік ғалымдар мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры Альмира Наурызбаева, «Алқа» мәдени қорының президенті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің профессоры Алуа Таңжарықова және өзге де танымал ғалымдар Ұлы Жібек жолы тарихы мен Орта Азия халықтарының мәдениеті жөнінде кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар, сұхбат аясында Ұлы Жібек жолы елдерінің жас авторлары арасындағы Халықаралық ALQA әдеби байқауының тұсаукесері өтті. Жиын соңында «Жаңғыру. Орта Азия халықтарының тарихи және заманауи тағылымы» тақырыбындағы «Жібек жолы бойындағы сұхбат – 2019» халықаралық мәдениеттану жобасының нәтижесі бойынша бейнефильм түсіру жоспарлануда екені де айтылды.

 

Жамбыл облысы