04 Қазан, 2019

Жеті мешіт салдырған Тана мырзаға Көкпектіде ескерткіш орнатылады

1615 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкпектіде мешіт салдырғанда ашылу салтанатына Құнанбайды шақырған, әкесімен бірге бала Абай да еріп келген.

Жеті мешіт салдырған Тана мырзаға Көкпектіде ескерткіш орнатылады

 

Әйгілі Құнанбайдың замандасы, құдасы Көкпекті округінің биі, Назар-Мұрын болысының билеушісі  болған, сол өңірде жеті мешіт пен медресе салдырған Тана мырза Тілемісұлы Көкпекті мен Тарбағатай ауданына ортақ тұлға десек артық айтпаспыз. Шамамен 1803-1868 жылдары өмір сүрген Тана мырза 1844 жылы Құнанбаймен бір уақытта болыс болып сайланған делінеді деректерде. Көкпектіде мешіт салдырғанда ашылу салтанатына Құнанбайды шақырған, әкесімен бірге бала Абай да еріп келгені туралы айтылады. Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асын басқарған үш адамның бірі де осы Тана мырза делінеді. Тана мырза жайындағы деректер А.Янушкеевич, Г.Потанин, В.Маевский еңбектерінде де кездеседі.

«Біржан-Сара» айтысында:

Шерубай, Тана менен Ер Тәукебай

Қай қазақ сөз бастаған онан бұрын, - деген жыр жолдары да бар.

Тана мырза туралы неге тәптіштеп айтып отырмыз? Бүгін Өскеменде өткен брифингте Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаилов тарихи тұлғаны Көкпекті жерінде ұлықтау шаралары басталатынын жеткізді. «Тана мырза туралы деректер көп. Ғалымдар мен тарихшылар Ресейдің архивтерінен қаншама құжаттар тапты. Бұл кісі Көкпекті өңірінде өмір сүрген, елге билік жасаған, ақылын айтқан, бір емес жеті мешіт, медресе салдырған үлкен тұлғалардың бірі. Жақында Тана мырза ауылында өзім де болып, салдырған мешіттерінің орнын көріп қайттым. Тана мырза Ресейден саяхатшылар келгенде халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын паш етіп ерекше сән-салтанатпен қарсы алады екен. Тассай ауылының ар жағында Жүзағаш деген жер бар. Сол жерден ат шаптырып, Толағай баурайынан күтіп алады екен. Тана мырза есімін ұлықтау жайын аудандағы қоғамдық кеңес мүшелері де, ақсақалдар да айтып жүр. Расында, Тана мырзаны ұлықтайтын кез жетті. Аудан азаматтары тарапынан «Тана мырзаға мектеп атын берсек» деген ұсыныс та түсті. Мектеп салдырған азаматқа неге мектеп атын бермеске? Сол мектептің алдына қасқайтып тұлғаның ескерткішін қойса қандай тамаша болар еді. Мәселен, келесі жылы біз «Толағай» сайысын өткізер болсақ, сол шара аясында Тана мырза заманындағыдай аттарды Жүзағаштан жіберіп, Толағай баурайынан күтіп алуға әбден болады деп ойлаймын» деді аудан әкімі.

ӨСКЕМЕН