Спорт • 05 Қазан, 2019

МАЭК қызметкерлері Спартакиада чемпионы атанды

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында ұлттық компания қызметкерлері арасында «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ-ның ХІХ Спартакиадасы өтті. Бұл туралы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.

МАЭК қызметкерлері Спартакиада чемпионы атанды

Сайыскерлер баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, шағын футбол, бадминтон, армреслинг, жеңіл атлетика және бильярд сынды тоғыз спорт түрі бойынша бақтарын сынады. Бұл жарысқа Маңғыстаудағы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС командасы да қатысқан болатын.
Бір аптаға созылған ХІХ Спартакиаданың қорытындысы бойынша «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ спортшылары бірінші орынды, МАЭК командасы екінші орынды иеленді. Үшінші орын «ЮГХК» ЖШС командасына бұйырды. Маңғыстаулық комбинат спортшылары барлығы 21 медаль алды (4 алтын, 5 күміс, 12 қола). Шымкенттің орталық стадионында өткізілген Спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімінде жүлдегерлермен қатар жарыстың үздік ойыншылары да марапатталды.
Олардың қатарында шағын футболдан турнирдің «үздік бомбардирі» атанған комбинаттың футбол командасының шабуылшысы Мейрам Ешжанов, баскетбол бойынша МАЭК командасының ойыншысы Сергей Сергеенко бар.
- МАЭК командасының спортшылары бұл Спартакиадада қуанышты да көңілсіз сәттерді бастан өткізді. Жарақат алғандар да жоқ емес. Баскетбол командасының капитаны Валид Сұлтанов және футбол қақпашысы Евгений Медовской ойын кезінде жарақат алып, одан арғы ойындарға қатыса алмады.
Дегенмен энергокомбинаттың өкілдері басқа да спорт түрлерінде лайықты ойындарымен көзге түсіп, көрермендердің ризалығына бөленді.
Комбинат ұжымы жүлдегерлерді Ақтау әуежайына арнайы барып құттықтап, ән-жырмен қарсы алды делінген баспасөз хабарламасында.

 

Маңғыстау облысы