Естеріңізге сала кетейік, Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында айтты.
– Туризмді дамыту үшін Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік бағдарлама әзірлеуде. Ол Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеуге арналған көптеген туристік іс-шара өткізуді көздейді. Қазіргі уақытта басты міндет – арнайы туристік тұжырымдаманы әзірлеу. Бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтып өтті.
Бердібек Сапарбаев сондай-ақ аудан орталығындағы туристік сапар-орталық құрылысының барысымен танысты. Жоспар бойынша мұнда туристерге арналған 15 орындық қонақүй үлгісіндегі жатақхана, мұражай, 2 конференц-зал, асхана болады. Премьер-Министрдің орынбасарына сондай-ақ өңірдің тарихи-мәдени орындары бойынша туристік бағыттар, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары, бұрын өткізілген туристік іс-шаралар ұсынылды.
Бердібек Сапарбаев Ұлытау ауданының өлкетану мұражайының құрылысымен танысты. Жоба бойынша ғимарат 2 қабаттан тұрады, оның алаңы 830 шаршы метр. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуда, қазандық орнату, ішкі және сыртқы өңдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Вице-премьер мәдениет және спорт министрлігіне, облыс және аудан әкімдігіне сапар орталығы мен мұражайдың жұмысын тиімді пайдалану және ұйымдастыру, жергілікті тұрғындарды құрылыс-монтаж жұмыстарына тарту жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Бердібек Сапарбаев сондай-ақ аудандық емханада болды. Келесі жылы оның жанында аудандық орталық аурухананың құрылысы басталады. Бүгінгі күні құрылыс үшін жер телімі бөлініп, қаражат қарастырылған. Ауданы 2000 шаршы метр болатын аурухананың 3 қабатты ғимаратының құрылысы келесі жылы басталып, 2021 жылы аяқталуы тиіс.
«Егемен-ақпарат»