Экономика • 07 Қазан, 2019

Экспортты ұлғайтуға мүмкіндік мол

212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жаңадан құрылған Сауда және интеграция министрлігіне тауарларымызды экспортқа шығаруға үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын. Президент тапсырмасының орындалу барысы мен алдағы жоспарлары туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндап берді.

Экспортты ұлғайтуға мүмкіндік мол

Спикердің айтуынша, ең алдымен шекаралас Ресей, Өз­бекстан, Қырғызстан, Түрік­мен­стан және Қытай нарықтарында сауда жасау қажет. Бұл елдер­мен трансшекаралық ынтымақ­тастық үшін барлық құқықтық жағдайлар жасалған.

«2022 жылға қарай Қазақ­стан­ның шикізаттық емес экспор­тының көлемі 1,5 есеге арта­ды. Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша Ресеймен сауда айналымының үлесі Қазақ­стандағы жалпы сауданың 19,5 пайызын, яғни 18,5 млрд АҚШ долларын, Қытаймен – 12,3 пайызын, яғни 11,7 млрд долларды құраса, Өзбекстанмен 40 па­йыз­ға өсіп, 2,9 млрд долларға, Қыр­ғыз­станмен 1 пайызға өсіп, 900,5 млн долларға, Түрікменстанмен 0,1 пайызға өсіп, 98,1 млн дол­ларға жетті», деді вице-министр.

Қазақстан Ресей Феде­ра­циясының бірқатар өңірі үшін басты сауда әріптесі болып табылады. Біздің елдің 7 облысы мен Ресейдің шекаралас 11 өңірі арасындағы сауда айналымы өткен жылғы сыртқы сауда айналымның 10 пайызын құрады. Екі елдің шекаралас өңірлеріндегі сауда көлемі 2018 жылы 1,5 пайызға өсті.

Атап өтерлік бір қуанышты жағдай, Ресейге шығаратын өң­делген өнімдеріміз экспортының 18 пайызға өскені болды. Ши­кізаттық емес экспорттың арту қарқынын көрсететін бұл дерек Қазақстан тауарларының көрші елдерде бәсекеге қабілетті екендігін білдіреді.

Бүгінде Сауда және интеграция министрлігі шикізаттық емес экспортты жандандыру мақсатында жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің түрлерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде, Қазақ­станның экспортқа шығару үшін әлеуеті бар тауарлар түрлерін айқындады. Сауда және интеграция вице-министрі Қазақстан көрші мемлекеттерге қандай тауарларды саудалай алатынын тізіп берді. «Мәселен, біз Ресейге бағытталған экспортты 87 тауарлық позицияға дейін арттыра аламыз. Қазақстандық нарықтан Ресейге металл, химия өнеркәсібінің тауарлары, азық-түлік, уран мен басқа да тауарлар тартымды. Біз оларға 245,6 млн доллардың тауарын тасымалдай аламыз. Сол секілді, Қытайға құны 1,6 млрд долларлық 60 тауар түрін жіберерлік әлеует бар. Атап айтқанда, ол жаққа темір мен болаттың илемделген түрін, жартылай фабрикаттар мен уран, күкірт, бидай, май өнімдерін, кондитерлік өнімдерді шығара аламыз. Одан бөлек, Қытайға біздің елден бұрын апарылмаған оксид, цемент, металдың бөлек түрлері секілді тең тауардың 30 түрін саудалауға мүмкіндік бар», де­ді вице-министр. Оның ай­туынша, қазақстандық кәсіп­керлер Тү­рікменстанға құны 123 млн дол­ларға тең тауардың 40 тү­рін, Өз­бекстанға 210 млн дол­лар­лық 70 тауар түрін шығара алады.

Осы ретте вице-министр Ресей нарығына тауар шы­ға­ратын отандық компаниялардың жекелеген проблемаларына да тоқталып өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Ресей үлкен мемлекет болғандықтан, онда сапалы тауар шығаратын компаниялардың саны өте көп. Сондықтан сапалы тауарлармен біріншіден бәсекелестікке түсу керек. Одан бөлек, басқа мемлекеттерден импортталатын тауарлар да бар. Олармен да бә­секе қызу болуы тиіс. Үшін­шіден, оларды ұтқаннан кейін ғана кедергілер пайда болуы мүмкін. Мәселен, Ресей нары­ғына тауар шығаратын қазақ­стандық «Зенченко» компания­сы ол елдің сауда сөрелерінде тек 2-3 пайыздық мүмкіндік бері­ле­тінін айтқан еді. Бұл бойын­ша біз Ұлттық экономика ми­нис­тр­лігімен жұмыс жүргіздік. Мә­селе тексеріліп жатыр», деді ол.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, қазақстандық билік отандық компаниялар бетпе-бет келген мәселелерді шешуге тырысады. «Көптеген компания бізге проблемаларын айтпайды. Өйткені олар келесі жолы РФ базарларында тауарымыздың жолы жабыла ма деп қорқады. Жалпы, Сауда және интеграция министрлігі қазақстандық тауарлардың шетелде өткізілуіне мүдделі. Біз кәсіпкерлеріміздің мүддесін қорғап, барлық түйінді мәселелерді шешкіміз келеді. Алайда ол проблемалар туралы қорықпай айту керек. Мәселеге кезіктің бе, сабырлы түрде сұ­рақ­тарды пысықтап, ортаға салу қажет. Сонда ғана бізде әріп­тес­терімізге қарсы нақты аргументтер­мен шыға алар едік. Бәлкім, бір жерде техникалық қа­телік болуы мүмкін, бір жерде тіпті түсініспеушілік туындаған бо­лар. Сол себепті біздің тауар­ды көрші елдердің нарықтары қол­­дан кіргізбей отыр деуге бол­май­ды. Әрбір жағдайды жеке-же­ке қарастырған абзал», деді вице-министр.