«Астана процесі», Женева келіссөздері, кепілгер мемлекеттер басшыларының ортақ келісімге ұмтылысы, осы түйткілге тікелей қатысты басқа да саяси бастамалар Сирия дағдарысының екпінін біршама төмендетті. Десек те, әлі де бұл бағытта ауқымды шаралардың қолға алынуы аса қажет екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Осы орайда «Сирия кикілжіңін шешу ісінде алдағы кезеңде әлемдік қоғамдастық, оның ішінде Сирия үкіметі мен елдегі оппозициялық күштер, қатысушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар тарапынан қандай саяси жүріс, ізгілікті қадам жасалмақ?» деген мазмұндағы сұрақ туындайтыны сөзсіз.
Бұл сауалға әзірге мардымды жауап табылмағанымен, көңілге жылылық ұялататын, ортақ мәмілеге келуге барынша тырысу ниеті қылаң бергендей. Бұл үмітке толы ізгі ниеттің туындауына Сирияның жаңадан құрылған Конституциялық комитеті түрткі болып отыр.
Аталған Конституциялық комитеттің жасақталуы Сирия үкіметі мен оппозициялық күштер өкілдерінен құралған келіссөз комиссиясының келісімі нәтижесінде мүмкін болды. Дегенмен қос тараптың осындай ортақ шешімге келуіне Біріккен Ұлттар Ұйымының, қатысушы елдердің, «Астана процесінің» кепілгер мемлекеттері – Түркия, Ресей, Иранның қолдау білдіргенін айта кетуіміз керек. Мәселен, жоғарыда аталған үш мемлекеттің дипломаттары Сирия Конституциялық комитетінің мүшелігіне үміткерлерді анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізген.
Енді Сирияның жаңадан құрылған Конституциялық комитеті жөнінде аз-кем тоқтала кетейік.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің осы жылдың 30 қыркүйегінде өткен отырысында белгілі болғандай, сириялық Конституциялық комитет алдағы 30 қазаннан бастап өз жұмысын бастамақ. БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі Гейр Педерсеннің айтуынша, Сирия конституциясын әзірлеуге арналған бұл жаңа құрылымға екі адам тең төрағалық етеді – бірі Сирия үкіметінің, екіншісі оппозиция өкілі. Комитет құрамына үкімет сайлаған 50 кандидат, оппозицияның 50 мүшесі және түрлі діни және этнос өкілдерінен тұратын тағы 50 белсенді азамат енген. Комитет мүшелерінің 30 пайызы әйелдер көрінеді.
БҰҰ-ның өкілі Гейр Педерсен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Конституциялық комитетті құру қадамын ел үкіметі мен оппозиция арасындағы алғашқы маңызды саяси оқиға деп бағалады. «Бір сәтке ойланып, осы келісімнің маңыздылығын түсінуге тырысайық. Бұл – үкімет пен оппозиция арасындағы алғашқы нақты саяси келісім, бұл 2254 қарардың негізгі тармақтарын – жаңа конституция жобасын әзірлеу тәртібін бекітуге мүмкіндік береді», деді ол. Оның пікірінше, бұл келісім Сириядағы саяси процеске жол ашады.
Сондай-ақ БҰҰ өкілі Г.Педерсен Сирияның сыртқы істер министрі Уәлид Муаллемге және оппозициялық Сирия келіссөз комиссиясының жетекшісі Насер Харириге ынтымақтастық үшін алғыс білдіре келіп: «Мен Ресей, Түркия және Иран елдеріне осы келісімді түзуге көмектескендері үшін ерекше алғыс айтамын», деді.
БҰҰ ҚК отырысынан тараған ақпараттарға қарағанда, комитеттің құрамында 45 адамнан тұратын кіші комитет жұмыс істейді. Үкімет пен оппозицияның және азаматтық қоғамның әрқайсысынан 15 адамнан енген бұл кіші комитет конституция баптарының нұсқаларын дайындайды. Бұл нұсқаларды қабылдау үшін Конституциялық комитет мүшелерінің 75 пайызы қолдап дауыс беруі қажет.
Г.Педерсен ҚК отырысында Сирияның болашақ конституциясының жобасын сыртқы ойыншылардың қатысуынсыз тек сириялықтар әзірлеуі керек екенін, бұған БҰҰ барлық мүмкіндікті жасайтынын жеткізе келіп, «Сирияның болашақ конституциясы тек сириялықтарға ғана тиесілі», деді.
Отырыста АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Келли Крафт АҚШ-тан басқа Франция, Германия, Ұлыбритания, Иордания және Сауд Арабиясы, сондай-ақ Ресей мен Түркияға, сондай-ақ БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі Г.Педерсенге Конституциялық комитетті құруға көмектескені үшін ризашылығын білдірді. «Комитеттің құрылуы маңызды тарихи оқиға, бұл Сириядағы дағдарысты саяси үдеріс аясында шешуге бағытталған алғашқы қадам», деді К.Крафт.
АҚШ елшісі, сонымен бірге Сирия қақтығысындағы Иранның рөліне теріс баға берді және елдегі түйткілді шешуге бағытталған күш-жігерге «ізгі ниет» көрсетуден дәйекті түрде бас тартып отырғанын баса айтты. «Егер Иран 2254 қарарға сәйкес саяси процеске шын ниетпен үлес қосқысы келсе, онда ол Сирияны тастап, содырлары мен оларға қосылғандардың барлығын елден дереу шығарып жіберер еді», деді.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Вершинин: «Біз сириялық дағдарысты әділетті реттеу жолында алға жылжу үшін нақты жағдайлар жасалды деп қанағат ете аламыз», деді. С.Вершинин Конституциялық комитеттің құрылуын бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін үлкен жетістік деп атады. Ол бұл бастаманы игі істің соңы емес, басы ғана екенін жеткізе отырып, «Ресей Конституциялық комитеттің сәтті іске қосылуына және тұрақты қызметіне ықпал ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Түркия мен Иранның құрметті өкілдерінен тиісті кепілдемелер алынды», деді.
Ресейлік дипломат, сонымен бірге АҚШ елшісінің Иран туралы пікіріне жауап берді. «Маған бұл сөздердің жалпы осы залда айтқаны біртүрлі болып көрінеді. Иран «Астана процесінің» кепілгер мемлекеттерінің бірі ретінде Сириядағы терроризмді жеңу үшін көп жұмыс істеді. «Шағын топ» деп аталатын кейбір Батыс қатысушылары саяси процесті бастау және оған жағдай жасау үшін не істегендерін еске түсіру қиын».
Қорыта айтқанда, Сирияның жаңадан құрылған Конституциялық комитеті 30 қазаннан бастап өз қызметіне кіріспек. Алайда Конституциялық комитеттің құрылуы Сирияның барлық мәселелері шешілді дегенді білдірмейтінін, оның елдегі жанжалдың реттелуіне толық кепілдік бермейтінін ескеруіміз керек. Дегенмен оның жүйелі жұмыс істеп, Сирияда тұрақтылық, келісім, бейбітшілік орнатуға негіз қалайтын бастамалар көтеріп, елдің жаңа конституциясын қалыптастыру жолында қандай нәтижеге қол жеткізеді деген сенім бар. Бірақ бәріне уақыт деген алып төрелік жасайтыны белгілі.
Әзірге Сирияда зорлық-зомбылық азайған жоқ, террористік топтар өз іс-әрекеттерін жалғастырып жатыр. Идлибтегі жағдай ауыр.