Әлем • 07 Қазан, 2019

Басқа басылымдардан: Алқалы жиын Шығыс тақырыбына арналды

167 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресейдің Сочи қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Валдай» халықаралық пікірталас клубының ХVІ пленарлық сессиясы әлемдік БАҚ назарынан тыс қалған жоқ. Әлемдік саяси құрылымдағы Шығыстың рөлін талқылауға арналған төрт күндік шара көптеген халықаралық сарапшылар мен БАҚ өкілдерінің жіті бақылауында болды.

Басқа басылымдардан: Алқалы жиын Шығыс тақырыбына арналды

Ресейдің «Аргументы и факты» газе­­ті ауқымды пікірталасқа 37 елден 143 сарапшы қатысатынын хабар­ла­ған. Биылғы отырыс шетелдік қонақ­тардың да панельдік отырыстарға қатысуы­мен ерекшеленетінін мәлімде­ген. «Отырыстың алғашқы күні қызу талқылаулармен басталды. Қатысушылар әлем аренасында болып жатқан өзге­ріс­тер, ондағы негізгі ойыншылар туралы ойларымен бөлісті. Үлкен держа­валардың бірін-бірі мойындамауы да үлкен проблемаға айналғанын сөз етті. Осы орайда қытайлық сарапшылар ал­дағы кезде үлкен экономикалық өзге­рістер болатынын, ол өзгерістерге Қытай компаниялары әсер ететінін айтып өтті», делінген газет хабарламасында.

Әзербайжанның Online News Agency агенттігі халықаралық жиында Әзербай­жанның көп жылдан бері шешімі табылмай келген мәселесі Таулы Қарабах та назарға алынғаны туралы жазады. Әзер­байжан президенті Илхам Әлиевтің Ар­мения премьер-министрі Никол Па­шинян­нің «Қарабах – Арменияның жері» деген мәлімдемесіне жауабын да келтірген.

«Вестник Кавказа» газеті биылғы оты­рысқа шетелдік сарапшылардың көп­теп келгенін, әр сарапшының өз ойы, пікірі мен алыпқосары барын баяндаған. Сонымен қатар саясаткерлермен бірге ғалымдар, университет ректорлары да, атап айтсақ, МГИМО ректоры Анатолий Торкунов та бой көрсеткенін жазады.

RT халықаралық телевизия желісі биылғы пікірталастың Батыстың әлем саясатындағы қарқыны мен үстемдігі бәсеңдегенін, әрбір делегат өз елінде түйінін таппаған мәселелерді атап өтуге тырысқанын хабарлайды. «Филип­пин президенті Родриго Дутерте мемле­кетін­дегі есірткі проблемасы туралы баяндап, сарапшылар пікірін естуге мүмкіндік алды» делінген арна хабарламасында.

«Известия» газеті биылғы тақырыптың Шығысқа қатысты болуы тегін емес екенін жазады. Оған дәлел ретінде «Валдай» клубының қор кеңесінің төрағасы Андрей Быстрицкийдің «Кезінде «үлкен жетілік» ішкі жалпы өнімнің 70 пайызына әсер етсе, қазір тек 40 пайызына ғана үлескер» деген пікірін келтіреді. Сонымен бірге биылғы пікірталас тақырыптарының қатарына Африка мәселесі, әлемдік энергетика нарығы, ислам әлемі сынды тың тақырыптар енгенін мәлімдейді.

«Anadolu ajansı» агенттігі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің кездескенін, бұл Қ.Тоқаевтың алғашқы қатысуы екенін атап өт­кен. Сонымен қатар агенттік «Өз кезегін­де Ресей Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­қа шақыртуды қабыл алғаны үшін алғыс білдірді. «Бұл тақырыптарда тәжірибеңіз мол, өзіңіздің пікіріңізді білу біз үшін қызық әрі пайдалы болмақ» деген В.Путиннің сөзін жариялады.

CNBC арнасы мемлекеттердің қор­ғанысы, әсіресе Қытайдың әрекеттері туралы әңгіме өрбігенін, Түркияның НАТО-ға қосылу мүмкіндігі туралы сөз қозғалғанын жазады.

Reuters халықаралық агенттігі «Штайн­­майер формуласының» қызу талқыға түс­кенін, Палестина мен Израиль арасын­дағы шиеленісті шешу, Сириядағы соғыс мәселелері талқыланып, бірнеше ұсыныс болғанын хабарлайды. Осы ретте агенттік хабарламасында «Ресей Президенті В.Путин Азия әлемдік межеден асып, өмір сүру деңгейі жоғары болғандығымен ерекшеленетінін ескер­генін, ең озық технологиялар бел­сенді енгізіліп жатқанын айтты» делінген.

The Jordan Times газеті Иордания Королі Абдалла II-нің қатысқанын, алқалы жиында әлемді алаңдатқан мәселелердің сөз болғанын, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана процесі аясында Еуропадағы келіс­сөздердің 13-раун­­ды өткенін, Қазақ­станның Ауғанстанға ерекше көңіл бөлетінін және қажетті көмек көрсе­тетінін атап өткен. Оған қоса Қазақ­стан әрдайым дипломатияның және қару­сызданудың дәйекті жақтаушысы болатынын да мәлімдеген.