«Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет», деген болатын.
Жолдаудағы бұл ойы бірнеше жылдық идеологиялық және инфрақұрылымдық кешенді жұмыстың жемісі. Себебі бұған дейін «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалардың арқасында елімізде жүздеген табиғи-тарихи ескерткіштер қалпына келтірілді. Қазір жекелеген облыстар осы бағдарламалар аясында ол нысандарды аймақтық туризм индустриясының нысанына айналдыруға жақын. Жол салып, жарық тартып туристік бағыттар жасап жатқаны белгілі. Мәселен, Қарағанды облысында Талды археологиялық ескерткіштер кешені маңында арнайы жоба жасалуда. Жақын болашақта ол жерде шеңберлі туристік бағыттар болады. Ал Ақмола облысы барлық тарихи нысандар тізімін жасап, қалпына келтірді. Ол Бурабай туристік аймағына кіріктірілмек. Ботай қонысының макетін Көкше етегіне орналастыруы сол ойластырылған жұмыстың жемісі. Біздегі туризмнің басты ерекшелігі этнотуризм нысандарына бай. Президент соны меңзеп, Жолдауы арқылы идеяны генерация жасап отыр. Тұтас құрлықтағы геосаяси ахуалдың негізі болған Алтын Орданың 750 жылдығы отандық туризмді бірден халықаралық аренаға көтерудің төте жолы. Енді Үкіметке отандық туризм әлеуетіне ғылыми баға беру, жұмысты кешенді ұйымдастыру міндеті тұр.
Азамат КЕҢЕСҰЛЫ,
блогер, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі