Руханият • 07 Қазан, 2019

Көкшені көркем әнмен көрікті етті

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының өнер маусымы Біржан салдың 185 жылдығына арналған «Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетау» атты ІV өңіраралық фестивалімен ашылды.

Көкшені көркем әнмен көрікті етті

Өнер кешіне Біржан салдың шөбересі Марал Теміртасов пен Үкілі Ыбырайдың немересі Еле­мес Есетқызы құрметті қо­нақ ретінде қатысты. Биылғы фес­тивальдің басты ерекшелігі – ән мерекесіне Алматыдағы Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлт­­тық консерваториясының бір топ оқытушыларының арнайы келуі болды. Алдымен баспасөз мәслихаты өткізілді. Өнер ізін ін­деткен жиында халық әндеріне қатысты кейбір жаңсақтықтар туралы, ән мәтіндерінің өзгеріске ұшырауы, қайсыбір әншілердің ән тарихына бойламай, түсінбестік туындап жататын жайлар әңгіме өзегіне айналды. Біржан салдың шөбересі Марал Теміртасов Бір­жан сал ауданындағы баба рухына арналған іс-шара туралы да тарқатып айтып, осы мәдени шараның өтуіне ұйытқы болған аудан әкімі Ермек Нұғымановқа зор алғысын білдірді. Сондай-ақ ән өнерінің майталмандары күні бұрын фестиваль аясында Біржан бабаның туған жеріне арнайы барып, жергілікті өнерсүйер қауымға концерт қойып, өздері де рухани қуат алып келгендіктерін тілге тиек етті.

Жиында орынды көтерілген мәселе – Арқа ән өнерінің көк­жиегін көркейтіп тұрған тұл­ғалардың насихатталмауына қа­тысты болды. Мәселен, елі­мізде Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Еле­беков атындағы респуб­ликалық ән байқаулары өткізіліп тұрады. Бірақ ән өнерінің бастауында тұрған Біржан сал, Ақан сері, Үкі­лі Ыбырай атында бірде-бір ән байқауы жоқ. Алдағы уа­қыт­та Көкше жерінде осындай республикалық байқаулар ұйым­дастырылып тұрса, құба-құп болар еді десті өнер жанашырлары. Халық мұраларын зерттеуші Мұсатай Ғалым «Он саусақ» әні Үкілі Ыбырайдың әні екендігін нақты дәлелдерге сүйене отырып, өз пікірін ортаға салды. Қазақ­тың ән өнерін асқақтатып жүрген әнші Еркін Шүкіман болса, жалпы бұл сала әлі де бол­­са тиянақты зерттеуді талап ете­тіндігін баса айтты.

Баспасөз мәслихатынан соң, іле сәні мен салтанаты жарасқан концерт басталды. Концерттің шымылдығын Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова «Көкшетау кестелері» әнімен ашты. Біржан салдың «Сырғақты» әнін Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шү­кіман әсерлі орындап, өнерсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар Біржан салдың «Бурыл тай» әнін рес­публикалық байқаулардың лауреаты Амангелді Күзеубай на­қышына келтіре орындап, жүрек қылын шертіп, көңілді толқытып, жүректі тебірентті. Сондай-ақ бұл кеште дәстүрлі әннің ажарын ашып, мерейін асырып жүрген асқақ әнші Қажыбай Жахин Бір­жан салдың «Айбоз» және Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» әндерін жүрекке жеткізіп, құлақ­тың құ­рышын қандырып орындады.    

Гала концертте республи­ка­лық байқаулардың лауреат­тары Сәрсенбай Хасенов, Бауыр­жан Нұр­мұхан, Төлеген Аманов, Шың­ғыс Сәрсенбай ән шырқап, кеш ажарын аша түсті. Осы орай­да, фестивальді ұйым­дас­тыру жұмыстарына атсалысып, қа­зақтың ән өнерін насихат­тап жүрген Сәрсенбай Хасе­нов­тің еңбегі зор екендігін баса айт­қандығымыз жөн болар.

Бұл күн көгілдір Көкшенің көгінде Арқа әндері асқақтаған ақжарма күн болды.

 

Көкшетау