Қазақстан • 08 Қазан, 2019

Жаңа атаулы әлеуметтік көмек қалай тағайындалады?

1424 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаңа атаулы әлеуметтік көмек отба­сы­лық кіріске қарамастан барлық көп балалы, яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі.

Жаңа атаулы әлеуметтік көмек қалай тағайындалады?

Президент пәрмен беріп, Үкімет үмітін жаққан халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеру министрліктің міндеті. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында айқындық, әділеттілік және еңбекке ынталандыру қағидаттарына негіз­делген атаулы әлеуметтік көмек көр­сетудің жаңа тәсілдері қа­ралды. Жи­ында еліміздің Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұ­рым­бетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешен­ді тәсілі мен атаулы сипатын қабыл­дауды қарастыратын жаңа заң жобасын таныстырған-ды.

Кеше мұқ­таж аза­мат­тарға атаулы әлеуметтік кө­мек қалай көрсетіліп жатқаны бұқа­ралық ақпа­рат құралдарына кеңінен түсіндірілді. Атаулы әлеуметтік көмек әлеуметтік жағдайы тө­мен отбасыларға ғана ақшалай тө­лемдер түрінде және жеке ісін бас­тауға, оқытуға, жұмысқа орна­­ласуға қолдау көрсету арқылы отбасын өмірлік қиын жағдайдан шығаруға кө­мек­тесуге бағытталғаны атап айтылды.

«Егер отбасы табысы бойынша аз қам­­тылған отбасы санатына жататын болса, онда жәрдемақыдан бөлек атау­лы әлеуметтік көмек беріледі. Бұ­ған қоса, кепілдікті әлеуметтік топ­тама ұсы­­ны­лады. Сондықтан аз қам­тыл­­ған, көп балалы отбасы болса, атал­ған көмектің барлық үш түрін алады. Соны­мен қатар мүгедек бала­сы бар отбасыларға қамқор болу – министр­лік­тің ең басты мақсаттарының бірі. Биыл мамыр айында 2025 жылға дейін мүге­дек­тер құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлт­­тық жоспар қабылданды. Атал­ған жоспар аясында көп жұмыс жүргізілуде, мүгедектігі бар адамдарды техникалық құ­рал­дармен және оңалту қызмет­терімен қамтамасыз ету көз­делген. Мысалы, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға шілде айында мөлшері ұлғайған жәрдемақы беріледі.

 

Бүгінгі таңда бұл 42 500 теңгені құрап отыр. Ал 16-дан 18 жасқа дейінгі мүгедек жасөспірімдер де 35 мыңнан 57 мың теңгеге дейін жәрдемақы алады. Бұдан бөлек, заңнамада 18 жасқа дейін мүгедек баланы және 18 жастан асқан 1 топтағы мүгедекті тәрбиелеп отырған ата-анасы да, қамқоршысы да мемлекеттен 41 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы алады. Ең басты айта кететін жайт, отба­сы­ның аз қамтылғанын анықтау барысында мүгедек балаларға төленетін жәр­демақылар отбасы табысының құра­мын­да есепке алынбайды», деді Б.Нұ­рым­бетов.

Сонымен қатар ол аз қамтылған АӘК алып жүрген азаматтардың ішінде ең­бек­­ке жарамды азаматтардың 55 мыңы жұ­мыспен қамтылғанын жеткізді.

«Елімізде АӘК алып жүрген азамат­тар­дың ішінде еңбекке жарамды аза­мат­тар­­дың 55 мыңын жұмыспен қамту шара­ларына тарта білдік. 8400-дей адам жеңіл­детілген несие алып, 3400-дей адам тегін, қайтарымсыз 505 мың теңгеге жуық грант алып, жеке шағын кә­­сібін жүргізіп үлгерді. Өкінішке қа­рай, кейбір азаматтарымыз өзде­рі­нің шынайы табыстарын жасырып, АӘК мүмкіндіктерін теріс пайдалану факті­ле­рі де орын алды. Бұл жерде бірі білместіктен қателесті, бірі пендешілікке салынды. Дегенмен, мұның бәрі заң бұзушылыққа алып келді. Өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалғаны анықталды. Біз төлемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр бол­дық. Шара қолдану барысында 23 мың адамның АӘК тағайындалған шешім­дерін бұзуға, 9 мыңға жуық адам­дардың төлемдерін тоқтатуға, 38 мың адамның АӘК мөлшерін қайта есеп­теуге тура келді. Сонымен қатар өзде­рі­нің жеке кәсіптерінің бар екенін жасыр­ған деректер де анықталды. Мысалы, Алматы облысында көп балалы отбасы ағымдағы жылдың 11 маусымынан бас­тап АӘК алды. Бірақ тексеру барысында бұл отбасының 852 бас мал тіркелген шаруа­шы­лығы бар екені белгілі болды», деді ол.

Аталған әлеуметтік қолдау шараларымен қатар балалары бар табысы аз отбасыларға үй бизнесін жүргізу дағды­ла­рын игеруге көмек көрсетіледі.

«Алматының барлық 8 ауданында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан «Бақытты отбасы» орталықтары құрыл­ған. Онда аналары курстан өткен кезде бала­ларының қараусыз қалмауына барлық жағ­дай жасалған. Курстан өткен ана­ларға қажетті жабдықтар сатып алу үшін қайтарымсыз гранттар бере­тін боламыз. Бұл тәжірибені бар­лық өңірде таратуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ «Менің кәсібім» жобасын іске қостық, оның аясында әкімдіктердің қолдауымен демеу­шілер есебінен аналарға шағын үй биз­несімен айналысуға көмек көрсетіледі», деді министр.

«Атаулы әлеуметтік көмек бұл аз қам­тылған, жағдайы төмен азаматтарға беріледі. Бұл – ақшалай түрде және әлеу­меттік жағынан бейімдеу, яғни жұ­мыс­пен қамту шараларымен қосылып көр­се­тілетін көмек. Мемлекет аз қамтыл­ған, көмекке мұқтаж, табысы төмен аза­­маттарға көмектесуге міндетті. Сон­­­дықтан да осы әлеуметтік саясат жал­­ға­сатын болады. Бір ескерерлігі, атау­­лы әлеуметтік көмек – еліміздегі жал­­ғыз әлеуметтік төлем емес. Одан бөлек, елімізде ана мен балаға қатысты жәр­дем­ақының кемінде 10 түрі бар. Оған жылына 470 млрд теңгеден астам қаражат бөлі­неді. Жалпы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюд­же­тінде 3 триллион 53 млрд теңге жыл сайын 4 миллионнан астам адамға зей­нет­ақы мен жәрдемақы ретінде беріліп отыр. Отбасының жеке табысы мен мем­ле­кет тарапынан төленіп жатқан зей­нетақы мен жәрдемақы түріндегі табыс­тар аз қамтылған отбасының өлшем шарт­тарынан шықпай қалған жағдайда атау­лы әлеуметтік көмек беріледі. Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек қалай тағайындалады? 2018 жылы аз қам­­тылған отбасы қатарына орташа жан басына шаққан табысы төменгі күн­көрістің 50 пайызынан төмен және әр адамға жеке табысы мен күнкөрістің 50 пайызының арасын­дағы айырмашылығы төленетін. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап тәртіп сәл өз­герді. Қазір ол өлшем шарт аз қам­тылған отбасының қатарына ену үшін ең төменгі күнкөрістің 50 пайызына емес, 70 пайызына дейін көтерілді. Және отбасындағы кәмелеттік жасқа толмаған барлық балаға 20 789 теңге көлемінде төленеді. Ағымдағы жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есе, 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін өсті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206 млрд теңге қарастырылған. Сөзсіз осы көмек көптеген отбасыларға көмегін тигізді. Сондай-ақ олар жұмыспен қамту шараларына тартылып, осы қиын жағдайдан шыға білді», деді ведомство басшысы.