Руханият • 08 Қазан, 2019

Жібек жолындағы жылы жүздесу

175 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстан Республикасы­ның  Президенті жанындағы «Қоғам­дық келісім» республикалық мемле­кеттік мекемесінің ұйым­дас­тыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жібек жолы бойындағы сұхбат – 2019» халық­аралық мәдениеттану жобасы аясында Тараз қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында «Жаңғыру. Орта Азия халықтары­ның тарихи және заманауи тағы­лымы» тақырыбында шара өтті.

Жібек жолындағы жылы жүздесу

Ғылыми конференция басталмас бұрын Әулиеата өңіріне келген мәртебелі меймандар Қарахан кесе­несі, Тұңғыш Президент саябағы, Тәуел­сіздік мемориалы, «Қазақ хан­дығы» монументі және Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелеріне экскурсия жасады. Бұдан кейін Кенен Әзірбаев атын­дағы Жамбыл облыстық филармониясы «Алатау» қазақ фольклорлық-этно­гра­фиялық ұжымының өнерін тамаша­лап, «Ұлы Жібек жолы» атты кітап көр­месіне қатысты. Аталған шара ая­сында Қазақстан этностарының қолөнер көрмесі мен «Жібек жолы бойын­дағы сұхбат» атты фотокөрме ұйымдас­тырылып, LED экран арқылы «Жібек жолы бойындағы сұхбат» жобасы туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді.

Өз кезегінде «Жібек жолы бойын­дағы сұхбат – 2019» халықаралық мә­дениеттану жобасының ашылу салтанатына еліміздегі белгілі жазу­шылар мен ғылым қайраткерлері, соны­мен қатар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжік­стан, Түрікменстан елдерінің жетек­ші ғалымдары, халықаралық сарапшылары, Қазақстан халқы Ассам­блеясы Ғылыми-сарапшылық кеңес мү­ше­лері, этномәдени бірлестік­тер мен Ассамблеяның кафедралары қатыс­ты. Мәдениеттану жобасының ашы­лу рәсімінде әуелі Қазақстан Респуб­лик­асы Президентінің жанындағы «Қоғам­дық келісім» республикалық мем­лекеттік мекемесінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов сөз алып, бұл жиын­ның мақсаты Ұлы Жібек жо­лы­ның тарихы мен әлеуметтік-мәдени тұрғыдан жаңғыруын саралау, Орта Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақ­тас­тықты нығайту, ортақ мә­дени және тарихи құндылықтарды сақтау, өркениет­аралық диалогты дамыту екенін атап өтті. Бұдан кейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Тараз шаһарының тарихы тереңде еке­нін, сан ғасырлар бойы атақты ғалым­дар­дың зерттеуіне арқау болғанын айта келіп, көрнекті ғалымдар мен танымал сарап­шылардың қатысуымен өтіп оты­р­ған конференция жұмысына сәттілік тіледі. Жиынды жоба авторы, белгілі мәдениет­танушы Мұрат Әуезов жүргізіп отырды.

жібек жолы

Жалпы, Жібек жолы бойындағы сұх­бат тарихи деректер мен шығыс­тық таным негізінде әсерлі өрбіді. Өзбекстан Республикасынан кел­ген шығыстанушы Александр Джумаев, Ресей Ғылым академиясы Шығыс­тану институтының профессоры, тарих ғы­лымдарының докторы Алек­сандр Кадырбаев, Қырғызстан Респуб­лика­сынан келген тарих ғылымдарының докторы, Орта Азиядағы Америка университеті­нің профессоры Чолпон Турдалиева, философия ғылымдарының кандидаты, Тәжікстан Республикасы Моеншо Назар­шоев атындағы Хорог мемлекеттік уни­верситетінің қызметкері Мунира Тавакалова сияқты шетелдік ғалымдар мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясының профессоры Альмира Наурызбаева, «Алқа» мәдени қорының президенті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры Алуа Таңжарықова және өзге де танымал ғалымдар Ұлы Жібек жолы тарихы мен Орта Азия халықтарының мәдениеті жөнінде кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар сұхбат аясында Ұлы Жібек жолы елдерінің жас авторлары арасындағы халықаралық ALQA әде­би байқауының тұсаукесері өтті. Жиын соңында «Жаңғыру. Орта Азия халық­тарының тарихи және заманауи тағы­лымы» тақырыбындағы «Жібек жолы бойын­дағы сұхбат – 2019» халық­аралық мәдениеттану жобасының нәтижесі бо­йын­ша бейнефильм түсіру жоспарлануда екені де айтылды.

 Жамбыл облысы