Қазақстан • 08 Қазан, 2019

Мекенжай анықтамасы күшін жояды

1195 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда ең көп сұра­ныс жасалатын мекенжай анықта­ма­сы енді атымен болмайды. 2019 жыл­дың 1 қарашасынан бас­тап мекенжай анықтамасын алып тастайды. Бұдан былай азамат­тардың тұрғылықты мекенжайы туралы мәлімет мемлекеттік ор­ган­дардың біріктірілген базасында сақталады.

Мекенжай анықтамасы күшін жояды

Айта кететіні, жыл сайын ха­лыққа қызмет көрсету орталы­ғы­на 4,5 миллионнан астам мекен­жай анықтамасын алуға өті­ніш жа­салатын көрінеді. Бұл ақпарат жұ­мысқа орналасу, мектепке, бала­бақшаларға және медициналық ме­кемелер­ге ресімдеу кезінде талап еті­ліп келген еді. Бұл туралы Astana Hub-та өткен «Цифрлық күз» шарасында кеңінен аталып өтті. Сонымен қатар Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұма­ғалиев осы жылдың күзінен бастап eGov-тың жаңартылған мобиль­дік қолданбасының заманауи мүм­кіндіктері жайлы сөз қозғады.

«Біз мемлекеттік қызмет­терді мобильді түрде алуға баса көңіл бөліп отырмыз. Өйткені бүгінгі күні азаматтардың бәрінде смартфон бар. Сол себепті, eGov-тың мобильдік қосымшасын жаңарту жұ­мыс­тары басталған кезде, әріп­­тестеріме, ең бірінші кезекте, бұл қосымшаны өздеріңіздің аналарыңыз пайдалана алатындай етіп жасаңыздар деп ұсындым. Өйткені қосымша қызметті оңай әрі жылдам алу үшін ол өте ыңғайлы болуы керек», деді А.Жұмағалиев.

Министрдің айтуынша, жаңа қолданбаның көмегімен қызметті саусақпен бір басу арқылы алуға болады. Мобильді қолданбаның Beta-нұсқасы PlayMarket және AppStore-де жақын болашақта қолжетімді болмақ. Оның көмегімен 23 қыз­метті алуға, ЭЦҚ-ға өтінім беруге және оның әрекет ету мерзімін ұзар­туға болады.

«Ұлттық ақпараттық техноло­гия­лар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов мобильді қосымшаны әзірлеушілер электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалануды барынша халыққа ыңғайлы әрі үйреншікті етіп жасағанын айтты.

«Жаңа мобильді қолданбаны пайдалану үшін азамат ЭЦҚ-ны аса қажет етпейді. Біз бәріміз теле­фонның құлпын саусақ ізімен не­месе FaceID арқылы ашуды әдет­ке айналдырдық. Дәл солай осы қосымшада ЭЦҚ-ны био­ме­­трияңызға байлап, қызметке тап­сырыс берген кезде өзіңіздің TouchID немесе faceID арқылы сұ­рауыңызды растай аласыз», деді Ә.Тұрысов.

Халық арасында кең тарал­ған Телеграммдағы еGov боты арқылы бүгінде 15 қызмет тү­рін лезде әрі еш қиындықсыз алуға болады. Дәл осындай жүйе Вконтакте және Фейсбук сияқ­ты әлеуметтік желі­лерге де енгізілді.

«Азаматтарға арналған үкі­мет» АҚ басқармасының төраға­сы Әсемгүл Балташева алдағы уақытта бірқатар қызметтің «белсенді» болатынын, ол үшін азаматтарға тек sms-хабар­ла­маға жауап беру қажеттігін айт­ты.

«Бұдан өзге, бала тууды тіркеу, некені тіркеу немесе бұзу, бала асырап алу қызметтерін өзіңіз қалаған ХҚО-дан алу мүмкіндігі пайда болады», деді Ә.Балташева.

Биылғы күздің цифрлық жаңа­лық­­тарын салық төлем­дерін жүйелі түрде жеңілдету жұмыстары түйін­деп берді. Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың айтуынша, азамат­тарға салық төлемдері туралы ал­дын ала хабар беру қызметі іске қосылған.

«Салықты төлеу де жеңіл­детілді. Бұрынғыдай салық орган­дарының кодтарын енгізудің қа­жеті жоқ, тек саусағыңызбен бір рет баса отырып, банктік қол­дан­балар арқылы салық төлей аласыз. Мұндай функционал Kaspi банкте іске асырылды, ал жақын арада «Халық банкі» іске қосады», деді Р.Еңсебаев.

Мұның бәрі халықтың уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетуге ықпал етпек. Ең бастысы, кез келген уақытта, ешқайда шықпай-ақ қалаған құжатыңызға қол жеткізе аласыз.