Аймақтар • 09 Қазан, 2019

Қуаты жоғары автотрансформатор шығарады

413 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкенттегі Тассай индустриялық аймағында орналасқан «Asia Trafo» зауытының аумағын­да Орталық Азия мен Қазақстандағы қуаты 63 МВА класты, 220 кВ кернеулі алып автотрансформатордың таныстырылымы өтті.

Қуаты жоғары автотрансформатор шығарады

Alageum Electric компаниясы, «Энергия» қазақстандық отын-энергетика жүйелерін ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру институты АҚ жә­не «Электродеталь» ЖШС кәсіп­орындарының құра­мына кіре­тін Кентау трансформатор за­уытының ғалымдары мен ин­женерлері құрастырған қуа­ты жоғары құрылғы осы са­ладағы ірі жетістік болып саналады. Атал­ған қондырғының стандартты трансформаторлардан басты айырмашылығы жұмыс істеу кезіндегі энергия шығыны 43 пайызға төмендетілген. Бір ерек­шелігі, аталған қуат көзі са­ғат тәрізді жұмыс істейді. Те­ле­­­фондарды зарядтауға, ми­­кро­толқынды пеште тағамды қыз­­­ды­руға, электр шәйнектерін қай­­натуға және электр энергия­сын­­сыз көп нәрсені жасауға болады.

Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк «Өнімді инновацияларды ынталандыру» атты жобаны бірлесіп жүзеге асырып келеді. Осы жоба аясында автотрансформатор 2017 жылы «Өнімді инновациялар консорциумының» бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан болатын. Ғылым мен бизнесті біріктіру арқылы көлік жасау саласында инновациялық ілге­рілеуге қол жеткізіп отыр.

Еліміздегі қуаттылығы өте жоғары алғашқы автотранс­фор­матордың жобалаушысы техника ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Сергей Соколов. Өз саласында үлкен нәтижелерге қол жеткізген оның ғылыми ең­бектері елімізде және шетелдерде жарияланып, жақсы бағаға ие болған.

«Қуаты 63 МВА автотрансформатор Қазақстанға өте қажет. Мұндай трансформаторларға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Ал шетелдерде бұл трансформатор өзінің ерекшеліктеріне орай басқа да осындай трансформаторлармен бәсекеге түсе алады», деді С.Соколов.

Кентау трансформатор зауы­тының автотрансформаторы отандық өнім ретінде пайда­лануға әзір тұр. Жуық арада Түр­­кіс­тан облысына қарас­ты Ке­лес, Сарыағаш және Мақ­­та­арал­да электр энергиясын бө­ле бастайды. Бүгінгі таңда Сары­ағаш ауда­нының тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық меке­месімен шарт жасалған.

Қуаттылығы жоғары транс­форматорларға деген сұра­ныс жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, еліміздегі барлық қо­салқы стансалар ХХ ғасырдың 80-жылдары салынғаны белгілі. Демек, алдағы уақытта оларды жаңғыртуға тура келіп отыр. Сон­дықтан ескі құрылғыларды өзіміздің отандық өнімге алмас­тыру Қазақстандағы импорт алмастыру бағдарламасының не­гізгі философиялық тұжы­ры­­мына сай келеді. «Кентау транс­­форматор зауыты» АҚ бұл бағытта бел­сенді жұмыс ат­қа­руда. Алдағы уа­қытта кернеуі 220 кВ класты қуаттылығы 63 МВА автотранс­фор­матор – Қа­зақ­стандағы им­порт алмастыру жөніндегі ауқымды жұмыстың жарқын мысалы болары анық.

Оның бір дәлелі, еліміз­де жоғары қуатты транс­фор­матор­ларға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ал­дын ала есептеулер бойынша, келесі 5 жылда Қазақ­стан­ның 220 кВ кернеудегі авто­транс­фор­маторларға деген қажеті 4 есе ар­тып, қаржылай мүм­кіндігі 22 млн теңгеден аспақ.

«Asia Trafo» зауыты аума­ғында өткен салтанатты шараның соңы Rixos Khadisha Шымкент қонақүйінде жалғасын тауып, еліміз бен шетелдің сала біл­гірлерінің қатысуымен алқа­лы жиынға ұласты. Кеңесте отан­дық электр трансформатор өндіру ісіндегі мүмкіндіктер мен жетістіктер сөз болды.

 

 

ШЫМКЕНТ