Аймақтар • 09 Қазан, 2019

Чак-чак дайындаудан сайыс өтті

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте татар және башқұрт этностарының тілі мен мәдениеті күні өтіп, онда аспаздар арасында чак-чак дайындау­дан сайыс ұйымдастырылды. Байқауға ескі татар рецептімен дайындалған 10-нан астам тағам ұсынылды.

Чак-чак дайындаудан сайыс өтті

Бірнеше жыл қатарынан ұйым­дастырылып келе жатқан бай­қаудың шарты бойынша та­ғамның дәмі, дайындау тәсілі назарға алынды. Іс-шараға қаты­сушылар «Құс тілі», «Орама», «Сәукеле», «Бәйтерек» секілді атау берілген 10-нан ас­там чак-чак түрінен дәм татып, арнайы да­йындалған концерттік бағдар­ламаны тамашалады.

Байқау қорытындысы бойын­ша бірінші орынға Зульфия Бог­данова дайындаған «Құс тілі» чак-чагы лайықты деп табылды. Өзге жеңімпаздар алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Чак-чак – май мен сүтке иленген қамырдан жасалып, бал араластырылған тағам. Татар ұлт­тық асханасының мақтанышы саналады. Оны негізінен жас жұбайлардың өмірі балдай тәт­ті болсын деген ниетпен үй­лену тойларында дастарқанға қояды. Сонымен қатар қадірлі қонақтарға ерекше ас ретінде ұсы­нады», дей­ді Шымкент қалалық татар-баш­құрт этномәдени бір­лес­тігінің төр­айымы Ася Мухам­ме­дова.

Татар мен башқұрт этнос­тарының тілі мен мәдениетіне арналған іс-шарада қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұ­ратәлі Қалмұратов тұтастықты ту еткен осындай игі шаралар арқылы елдің береке-бірлігін нығайтудың маңыздылығын сөз етті.

Айта кету керек, бүгінде Шым­кентте 10 мыңнан астам татар мен 400-ге жуық башқұрт ұлты­ның өкілдері тұрады. Өз болашағын Қазақ­­станмен байланыстырған олар еліміздің әл-ауқатын арттыру жолында түрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Қалалық татар-башқұрт этно­мәдени бірлестігі қала көле­мінде ұйымдастырылатын іс-ша­раларға белсене қатысып келеді.

 

 

ШЫМКЕНТ