Жастар жылы аясында Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Zhas star» фитнес орталығы ашылды. Жай күндері таңғы сағат 07:00-ден түнгі 21:00-ге, демалыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейтін орталықта студенттерге барлық жағдай жасалған. «Орталыққа университетіміздің дене шынықтыру және спорт факультетін 25 жыл басқарған, шаңғы спорты бойынша бүкілодақтық дәрежедегі төреші Алексей Труновтың есімін беруді жөн деп шештік. Енді студенттеріміз мұнда спортпен алаңсыз шұғылданып, үлкен жарыстарға дайындалады. Биыл ШҚМУ-ға 37 спорт шебері оқуға түсті. «Алтай», «Торпедо» клубтарының спортшылары да бізде оқиды. Мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Облыс әкімі Даниал Ахметов биыл жастарға 400 грант бөлді» деді орталықтың ашылуында сөз сөйлеген университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Фитнес орталықтың ашылу салтанатына «Қазақстан Барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров, "Nur Otan" партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, Алексей Труновтың қызы Ирина Корнилович қатысып, жылы лебіздерін жеткізді. «Бұл жерден болашақта Әлем чемпиондары шығатынына күмәнім жоқ. Себебі, бірнеше Әлем чемпионы осы қара шаңырақта оқыған. Орталық қазіргі заман талабына сай жабдықталған екен. Осындай жаттығу залдары көп болсын деген тілек айтамын» деді даңқты балуан.
Фитнес орталықты жабдықтау үшін бюджеттен тыс 10 миллион теңгеден астам қаражат бөлініпті. 50 студентке тегін абонемент беріліпті. Алдағы уақытта белсенді жастарға тағы да 50 абонемент тегін бөлінбек.
ӨСКЕМЕН