Экономика • 10 Қазан, 2019

Отандық бизнес одақтағы протекционизмге алаңдаулы

396 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше кей мемлекеттерде одақтас елдердің бизнесіне дискриминация жасалып отырғаны белгілі. Отандық кәсіпкерлер қанша шағым түсіргенімен, интеграциялық процестер әзірге оңала қоймады. Нәтижесінде қазақстандық тауар өндірушілер «саналы протекционизмге» бет бұра бастады.

Отандық бизнес одақтағы протекционизмге алаңдаулы

Президент әкімшілік кедергілерді сынады

Өткен аптада Ереванда өткен Жоғары Еуразиялық эконо­ми­калық комиссияның отыры­сын­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одақ ішінде мүше мем­лекеттердің тауары мен қыз­ме­тіне бірдей жағдай жасау керек­ті­гін айтты.

«2019 жылдың бірінші жарты­жыл­дығының қорытындысы бо­йынша ЕАЭО-ның үшінші елдермен тауар айналымы 2 пайыз төмендеді. Ал одақ ішіндегі өзара сауда 5 пайызға азайды. Бұл жақсы үрдіс емес. Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасы 6 па­йыз төмендеді. Әрине мұның объективті экономикалық себеп­тері бар, бірақ әкімшілік кедер­гі­лерге де көз жұма алмаймыз», деген еді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, одақ ішінде еркін сауда жасау үшін ешқандай протекционизм мен ішкі жасырын шектеулерді жо­йып, барлық қатысушыларға бір­дей жағдай жасау керек. Осы орайда Мемлекет басшысы бірыңғай транзит жүйесі мен жо­ғары технологияны дамытуды ұсынды.

 

Еуразиялық комиссия қимылдағысы келмейді

Жалпы, ЕАЭО құрылғаннан бері отандық кәсіпкерлердің одақ­тас елдердегі дис­кри­ми­на­цияға шағымданған кездері аз емес. Мәселен, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерттің айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлердің ЕАЭО елдерінде еркін сауда жасауына 85 түрлі кедергі бар. «Әрқайсысын жекелеп айтпай-ақ қоялық, тек ең өткір және бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқандарына тоқталайын. Мысалы, Қырғызстанда түпкі­лік­ті бағаның бекітілген деңгейі бар. Бұл әсіресе сүт өнімдеріне қатысты. Ал Беларуське алкоголь өнімдерін сату тіпті қиын. Өйткені онда «арнайы импорттаушылар институты» жұмыс істейді», дейді Е.Больгерт.

Сонымен қатар «Атамекен» өкілі транзит бойынша шектеу бар екенін де айтты. Яғни, тиісті рәсімдер цифрланбаған. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері созылып келеді. Осыған орай «Атамекен» палатасы Сау­да және интеграция минис­тр­лігімен бірлесіп нақты жос­пар дайындаған. Алайда, Еуразиялық экономикалық комиссия отан­дық кәсіпкерлер түгілі Қазақ­стан Үкіметінің ұсынысын қарас­ты­ру­ға да құлықсыздық танытып отыр.

 

Кәсіпкерлер «саналы протекционизмді» ұсынады

Интеграциялық ұйым ішінде кей мемлекеттердің протек­цио­нистік саясатын байқаған кәсіп­кер­лер енді заң шығару мен оның орындалуында тікелей Пар­ламент пен Үкіметтің жұмы­сы­на араласуға құлшынып отыр. Өткен аптада отандық кәсіп­кер­лер жаңадан «Ел тірегі» атты отандық кәсіпорындар мен кәсіп­кер­лер одағын құрды. Оның құрамына 400-ге тарта отандық өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, білім беру мен қызмет көрсету кәсіпор­ны енді.

Кәсіпкерлер одағының бас­қарма төрағасы Нұржан Әлтаев­тың айтуынша, бұл одақ­тың басқа одақтардан айыр­ма­шы­лығы – «Ел тірегі» негізінен өңдеуші кәсіпорындардың мүд­десін қорғайтын ұйым, ол отан­дық нарықты қорғауды мақсат етеді.

Президент ЕАЭО ішіндегі кейбір протекционистік саясатқа алаң­даушылық білдірген тұста отандық кәсіпкерлердің ішкі нарықты қорғау үшін ұйым­дас­қанын биліктің одақтас елдерге көрсеткен реакциясы деу­ге негіз бар. Кәсіпкерлер ода­ғының басқарма төрағасы Н.Әлтаев одақ протекционистік саясатты қолдамағанымен, ұлттық бизнесті дамыту үшін «саналы протекционизмнің» артық етпейтінін айтады. Оның пікірінше, протекционистік саясат заң шеңберінде жүзеге асырылуы керек.

Жалпы, кәсіпкерлер одағы­ның негізгі мақсаты – өңдеуші өнеркәсіптегі жағдайды жақ­сар­ту және оны экспортқа бағыт­тау; дайын өнім шығаруды қолға алу; шағын және орта кәсіп­кер­лер арасындағы байланыс­ты нығайту; сатып алуларда қазақстандық қамтуды арттыру; кәсіби-техникалық оқытуды дамыту; цифрландыруды дамыту; адам капиталына инвестицияны көбейту.

Жалпы, Еуразиялық эко­но­микалық одақта отандық кәсіпкерлердің құқығы тапталуы бұрын да болған. Мәсе­лен, биылғы ақпан айын­да Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат­тағы Үкімет сағатында отан­дық кәсіпкерлерге қолдау көр­сету керектігін айтқан еді. «Қазіргі қиын жағдайда Қа­зақ­стан Үкіметі отандық тауар өндірушілерді тиімді қорғауға жұмыс істеуі керек. Қазақстанда өндірілетін өнімдердің сырттан әкелінуіне тосқауыл жасау қажет. Бұл протекционизм емес, отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қалыпты тәжірибесі. Интеграциялық ұйымдар мен жекелеген мемлекеттермен келіссөз кезінде нақты позиция ұстану керек», деген болатын Президент.