Жобаның мақсаты – зейнет жасындағы қариялар мен зияткер оқушылардың арасында қарым-қатынас орнату, жалғыз тұратын қарттарға септесіп, мектеп өміріне араласуына ықпал ету. Шаңырақ оқушыларымен бірлескен шығармашылық жұмыстар істеу арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуде қариялар мен жас ұрпақтың сабақтастығын қалыптастыру, рухани мәдениетін көтеру, адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу.
Жуырда зияткерлік мектептер оқушылары мен ұжымдары бір адамдай дайындалып, Қарттар күніне орай осы ауқымды жобаны қолға алған. Осы орайда Ақтаудағы NIS қарияларға ізет көрсету мақсатында «Ұрпақтар сабақтастығы» фотокөрмесін ұйымдастырды. Мектептің бас дәлізінде балалардың ата-әжелерімен түскен суреттері қаз-қатар ілініп, ыстық лебіз білдіру тақтайшасы орнатылыпты.
Қызылордалық зияткерлер аймақтағы түрлі салаларда қызмет еткен зейнеткерлерді шақырып, қариялардың өмір жолындағы көрген қызық-қуаныштары, жеткен жетістіктері туралы әңгімелерін тыңдап, меймандарға мерекелік концерт ұйымдастырды, өз қолдарымен жасаған сый-сияпаттарын үлестірді. Ал Талдықорғандағы зияткерлік мектеп Алматы облысының мамандандырылған мекемелері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, еріктілер қозғалысын кеңейтуге және оқушылардың жаһандық жауапкершілігін арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бекініп отыр.
Сондай-ақ Петропавл қаласындағы мектеп «Көпті көрген көнемін!» атты іс-шара ұйымдастырып, облыстағы ардагер ұстаздарды қонаққа шақырған. Оларға мектепішілік экскурсия жасалып, оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Өскемендегі зияткерлік мектеп «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясын бастап, «Солнечный» кентіндегі қарттар үйіне үстел ойындары мен әдеби кітаптар жинауды қолға алса, Семейдегі NIS жобаны ерекше форматта бастауды жөн көрген екен. Олар мектептің акт залында «Мейірімділік пен құрмет күні» атауымен 11-сынып оқушылары мен педагог-ұйымдастырушы-кураторлар концерттік элементтері аралас ток-шоу ұйымдастырған. Қонақтарға түрлі өнер үйірмелерінің тәрбиеленушілері дайындаған сахналық қойылымдар тарту етілген.
Алматы қаласындағы химия-биологиялық бағытта білім беретін оқу ордасы «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбымен таңғы брифинг ұйымдастырып, аға буын өкілдеріне арнап ән айтып, шабыттана өлең оқыды. «Атам мен әжемнің шеберханасы» деген атаумен елордалық физика-математикалық бағыттағы мектеп шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. Ал Орал қаласындағы зияткерлік мектеп оқушылары бұл күні зағип жандардың үйлеріне барып, көмек қолдарын созған. Сонымен қатар жуық арада қарттар үйіне барып, «Қазақ әндері» жобасымен таныстыратын болады.
Тараздықтар 50-ге жуық жалғыз басты қарт пен әлеуметтік орталық өкілдерін білім ордасына шақырып, қолөнер бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Павлодар, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды мектептері де Қарттар үйі мен арнайы пансионаттарға барып, өз өнерлерін көрсетіп, қолөнер бұйымдарын жасау бойынша, түрлі шеберлік сағаттарын өткізуді, ақтөбеліктер қарттар үйінде спорттық сайыстар ұйымдастыруды, ал Алматы қаласының физика-математикалық бағыттағы мектеп оқушылары қарттар үйінде сенбілік өткізуді жоспарлап отырған көрінеді.
– Қоғамдағы қариялардың орны мен рөлін көтеріп, қарттар мен оқушылар арасында ұрпақтар сабақтастығының нығаюына ықпал етуге тырысамыз, – дейді Зияткерлік мектептерді дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ. – Егде жастағы адамдардың эмоционалды жағдайының жақсаруы, күнделікті өмірдегі белсенділіктерін арттыруға, жалпы волонтерлік қозғалысты кеңейтуде зияткерлік мектептер тарапынан үлес қосылса деген ойымыз бар.
Біздіңше, бұл жоба арқылы балалар ұрпақтар сабақтастығын жалғап, қайырымдылық іс-әрекеттері арқылы үлкендерді сыйлауды, қажет кезде қолғабыс беруді, ең бастысы, ата-анасына қамқор болуды үйренеді.