Басшы лауазым иелері өз бойларында мейірімділік қалыптастырса, халқын жылы жүрегімен, шынайы сезіммен аялай білсе, қоғам оңалады, халық алаңсыз өмір сүреді. Қоғамдық өмірге қатысты алыпқашпа өсек-аяң азаяды. Әлдекімдер қаңқу сөз өрбіткісі келгенімен, оған құлақ асатын пенде табылмай қалуы да ғажап емес. Керісінше, әрбір азамат, қарапайым халық өзінің қамқор мемлекетімен бірге болып, оған бағыт беріп отырған саяси күшке барынша сеніп, оның айналасына топтасады. Бар күш-жігерін ел экономикасын өрге бастыруға арнайды.
Билік басындағылардың мейірімі қарапайым халыққа арналып, есігін айқара ашса, қабат-қабат күзеттерді алып тастаса, халқын кез келген уақытта жылы шыраймен қабылдаса, қойған мәселесіне құлақ асып, өтініш тілегін мүмкіндігі келгенінше орындап отырса, халқы мемлекетіне қарсы шыққанды қойып, керісінше «қоң етін» кесіп беріп отырмай ма. Халыққа қамқорлық жасау, мейірім таныту да соншалықты қиын шаруа болып па?
Біз мейірімділік танытудың орнына қатыгездікке бой алдырып алдық. Қай салада болмасын басшылар арасында бюрократтық, төремінезділік басым болып бара жатқаны – өмір шындығы. Осыдан келіп халық пен мемлекеттің арасы алшақтап бара жатқаны соңғы кезде айқын сезіле бастады. Басшылыққа байланысты айтылатын әртүрлі қауесет халықтың мемлекетке деген сенімін азайтты. Тіпті қарсылық белең алды. Бұл қателіктің түп-тамыры қайда жатқанын білуіміз керек. Қарапайым ғана ойлап көрелік, жекелеген адам өз басының проблемасымен немесе қоғамға қатысты ұсыныс-пікірін жеткізу үшін Президентке, Премьер-Министрге, Сенат, Мәжіліс спикерлеріне, олардың орынбасарларына, тіпті көмекшілеріне де кіре алмайды... Халықпен бірге болуға тиісті министрліктердің бүгінгі тірлігін көз алдыңыздан өткізіңіз. Қабат-қабат есік, қаз-қатар тексеруші, мемлекеттік күзет ұйымының қатаң бақылауы, тағы басқалар аттап бастырмайды. Ал министрлер мен олардың орынбасарлары кесте бойынша қара халықты қабылдауға айына бір-ақ рет, небәрі екі сағат уақыт бөлген. Кесте заңнан да пәрменді. Ал азаматтық https://egemen.kz/ алып үлгермеген қандастар үшін өзіне берілген жалғыз заңды құжат ықтиярхат арқылы оларға мүлдем кіре алмайды. Жоғарыдағы ұйымдарға қапысын тауып кіре қалғанға, көбі немқұрайдылықпен қарайды. Міне, осындай кедергілерді реттемесе, онымен қоса идеологиялық үгіт-насихат жұмысын жандандырмаса, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді.
Президент Қ.Тоқаевтың жаңа бастамалары әрине көңіл қуантады. Бірақ бұны халықтың санасына құю үшін насихат керек. Мемлекеттің жалғыз ғана мақсаты – тұрғындардың тіршілік жағдайын жақсарту, халқына мейірімін аямау. Дәл осы мақсатты жүзеге асырудың алғашқы қадамдарын Президент Қ.Тоқаев жасай бастағанын халқы түсіне бастады. Енді осы мейірім аясында қатынасудың үлгісін жасап, оны еліміз бойынша іске асыру арқылы мейірімді қоғам қалыптастыруымыз қажет. Алға дамудың бұдан өзге жолы да жоқ.
Шетелдерден оралған қандастардың басын қосатын «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігі Қазақ еліне мейірімділік идеясын қалыптастыру жөнінде тұжырымдама жасап, ұсыныс енгізгелі екі жылдың жүзі болды. «Нұр-Сұлтан қаласын әлемдегі ең мейірімді қалаға айналдыру» тұжырымдамасын жасап, қала әкімдігіне тапсырдық. Алайда ол мемлекеттен қолдау таппай отыр.
Философия тұрғысынан келгенде «Мейірім, ол – Алладан адам баласына берілген сарқылмайтын, таусылмайтын асыл қазына, тепе-теңдікті ұстап тұратын, ұрпақты жалғастыратын, тірліктің көзін ашатын, дән дәулетін молайтатын, адамзат өмірін кемеліне келтіретін, береке-бірлікке ұйытатын қасиет. Ол – адамға күш-қуат сыйлайтын, бірін біріне біріктіретін, біртұтастықты нығайтатын тылсым күш. Өмірдегі адамдардың бір-біріне деген өшпенділігін, алауыздығын ауыздықтайтын, тек қана жақсылық пен ізгілікті қалыптастыратын фактор». Дәл осы мейірімділік барлық адам баласының рухына қалыптасса, қоғам тыныш, алаңсыз өмір сүре алады. Мейірім адамзат баласының бақытты өміріне барлық жолды ашады, ал тигізер иненің жасуындай да жамандығы, зияны жоқ.
Біздің министрліктер аппараттарынан бастап, барлық сатылы мемлекеттік органдар халыққа есігін айқара ашсын, келген адамды шынайы сезім, ыстық ықыласпен тыңдап, мейірімін төксін, мәселесін шешуге ерекше мән беретін, адамдық тұрғыда қарайтын болсын деген ұсынысымыз бар. Осылай болғанда ғана басшылардың беделі артып, халықтан қолдау табары сөзсіз. Бұрынғыдай жүре тыңдап, жүре жауап беріп, басшылықта қалыптасқан қатаң «стандарт» бойынша «Бұл мәселе алдын ала қарастырылмаған, жобаланбаған, заңға сәйкес емес, біздің құзырымызға жатпайды» деген сияқты «шаблонмен» жауап қайтармай, заңда көрсетілсе, заң бойынша, көрсетілмесе басқадай жолын қарастыру арқылы, қалай болғанда да келген адамды риза етіп қайтару басты ұстаным болуы шарт. Өйткені адамдар басшылыққа еріккеннен, орынсыз талап қою үшін бармайды. Қандай бір қиыншылыққа тап болса, басшылықтан бір қайыр болар, қол ұшын берер деген үмітпен барады. Сондықтан лауазым иесі ұлтымыздың қанына сіңген, ата-бабамыздың дәстүрлі жолмен алдына келгенге барынша көмектесіп, орындап, орындау мүмкін болмағанның өзінде «тілегіңізді орындауға күш салайық, өзгеден сұрастырайық, қысылмаңыз, елміз-жұртпыз, шешімі табылар» деген сияқты лебізін білдіріп, мейірімділік жасай білсе, өтініш иесінің жүрегіне мемлекетке деген сенім ұялайды. Басшылықтың басты ұстанар қағидасы қатып қалған заң аясында емес, өмір заңдылығы аясында болса, көп нәрсенің шешілетінін естен шығармаған жөн. Дәл осылай еткен жағдайда халық пен мемлекеттің байланысы нығаяды, халықтың да көңілі өседі. Сонда барлық іс мейірім заңдылығы аясында өрбіп, ешбір қиындықсыз өз-өзінен шешімін табады, басшылықтың беделі өсіп, мәртебесі биіктейді. Басшылық жөніндегі қалыптасқан жағымсыз түсініктен арылған халық өсек-аяңға сенбейтін болады.
Мұның нәтижесі қоғамның тынышталуына, әркімнің адал еңбек етуіне, экономикамызды дамытуға, халықтың әл-әуқатын арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтқанымыздай, «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігі де мейірімді қоғам қалыптастыруға байланысты ұсыныс, жоба, тұжырымдамаларын жүзеге асыру арқылы еліміздің өркендеуіне септігін тигізетін болады. Бұл ойымызды халық та, Президентіміз Қ.Тоқаев та қуана құптайтынына сеніміміз зор.
Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
қоғам қайраткері, «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің директоры