Тың қызмет «Kassa Nova банкі» АҚ («ForteBank» АҚ ЕБ), Астана LRT және Visa Қазақстан жаһандық төлем технологиялық компаниясымен үшжақты ынтымақтастық негізінде жүзеге асып отыр. Бұл мүмкіндікті Visa байланыссыз карта иелері пайдалана алады. Сонымен қоса астаналық жолаушылардан бөлек, аталған қызмет еліміздің өзге аймақ тұрғындары мен шетелдік туристерге қолайлы болмақ. Себебі көлік картасын сатып алып, оны терминалдан толтырудың машақатынан құтылады. Енді елордаға саяхаттап келетін туристер әдеттегі халықаралық банк карталарымен жолақысын төлеп, қалаған жерлеріне бару оңайға түседі дейді жобаға жауапты өкілдер.
– Серіктестерімізбен бірлесіп, тиімді көліктік төлем шешімін әзірледік. Украина, Беларусь, Грузия және Қазақстандағы бірқатар көлік жобаларына жетекшілік етіп келеміз. Бүгінде Қазақстан инновациялық технологияларға ашықтығын байқатып отыр. Smart city тұжырымдамасы шеңберінде қалаларды дамыту жолында нақты қадамдар жасалды. Оның интегралдық элементтерінің бірі осы байланыссыз төлемдер. Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көліктерде төлем карталарымен байланыссыз төлем жүйесін енгізу үшін серіктестерімізбен бірге жолақысын төлеудің бағдарламалық жасақтамасын дайындап, қосымша жабдық орнаттық. Заманауи инфрақұрылымдық шешімдер қаланың одан әрі дамуына әсер ететініне сенімдіміз, – деді Visa компаниясының цифрлы технологиялар жөніндегі ТМД және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріндегі аға директоры Андрей Алейкин.
Төлемді іске асыру әдеттегі көлік картасын қолданудан айырмашылығы жоқ. Демек, оны валидаторға жанастыру арқылы жол жүру ақысын төлей аласыз. Бұл тез әрі ыңғайлы. Жоба сынақ режімінде пысықталып жатқандықтан №20 бағыттағы қоғамдық автобуста енгізілген. Банк картасымен жолдың құны – 90 теңге. Алайда Visa карта иелері үшін арнайы акция іске қосылды. Атап айтқанда, 8 қазаннан бастап, жыл соңына дейін бір сапардың құны – 45 теңге.
– Жолақы төлемі бойынша жаңа мүмкіндіктерді үнемі іздестіруге тырысамыз. Бұған дейін SMS хабарлама немесе бірқатар мобильді қосымшалар арқылы төлем жүйесі енгізілген болатын. Банк картасымен төлем жасау тағы бір ыңғайлы тәсіл. Жолаушылардың көңілінен шығады деп ойлаймын, – деді «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов.
Жаңа қызмет жолаушылардың көңілінен шығып жатса, келер жылы барлық қалалық автобустарда банк карталарына арналған терминал орнатылады деп көзделуде. Сол секілді бұл мүмкіндікті пайдалану MasterCard карта иелеріне де беріледі.