Иә, «өзгенің асылынан, өзіңнің лашығыңда» өмір сүрген әлдеқайда жақсы емес пе?! Дегенмен баспанаға жету баспалдағы да оңайға соқпас. Біреу жанын қинап, біреу барын жинап жететін «үй» деген бірауыз сөздің өзінде үйіліп жатқан мәселе көп. Бас-басына баспана бермесе де мемлекет мейлінше мейірім жасап, түрлі бағдарламаларды бастап жатқанын көз көруде. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында да осындай игі шара болды. Бұл – 350 орындық «Жас ұстаз» орталығының ашылуы.
Орталықта комиссияның шешімімен қаланың жас мамандары, оқу орнын үздік бітіріп, жетістікке жеткен, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген жастар іріктеліп, таңдалып алынды. Жастар мұнда бірлесе отырып қаланың білім саласында түрлі мәселелерді қолдарынан келгенше шешуге, бірге сабаққа дайындалуға, қоғамдық істерге қатысуға, жас мамандар клубының әрі қарай жандануына үлес қосады. Орталықта демалысқа және әртүрлі спортпен айналысуға, өздерінің біліктіліктерін арттыруға толық жағдай жасалған. Жас мамандар айына 15-17 мың теңге аралығында ғана төлейді. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласындағы алғашқы орталық», дейді Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының директоры Гүлнар Құлмұхамедқызы.
Елорда төріндегі елеулі іске ерекше қуанғандардың бірі жас маман – Ержас Жанатбекұлы. Ол бүгінгі таңда Гуманитарлық колледжде мұғалім болып еңбек етуде.
«Жақында «Жас ұстаз» орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа орталық – жас мұғалімдер сабақтан алған әсерлерімен бөлісетін, заманауи идеялар мен инновациялық білім беру жобаларын талқылайтын диалог алаңы. Елордалық жас мұғалімдер клубы мен көшбасшылардың резерв мектебі де осы жерде жұмысын жалғастыратын болады. Биыл Жастар жылы аясында жастарға қолдау көрсетіп, «Жас ұстаз» орталығынан жас ұстаздарға арналған жаңа жатақхана ашылды. Жатақхана 350 жас мұғалімді қабылдауға арналған. Жас мамандарға бұл өте жақсы мүмкіндік. Қаламызға Қазақстанның әр түкпірінен жиналған жас мамандарды бір орталыққа шоғырландыру арқылы баспанамен қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалған. Осындай шара жастардың еңбек етуіне серпін береді. Үкімет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп жатқандығы үшін жас ұстаздардың атынан алғыс айтамыз», дейді ол.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 200-ден астам жас ұстаз кілттерін алып, жатақханаға қоныстана бастаған. Үміткерлер бірқатар критерийлер бойынша таңдалады. Бірінші, педагогикалық білім (үздік диплом алғандарға артықшылық беріледі), екінші, жалпы жұмыс өтілі 5 жылға дейін (Нұр-Сұлтан қаласының білім ұйымдарында), үшінші, Нұр-Сұлтан қаласында үйінің жоқтығы, үйленбеген және асырауында балаларының болмауы шарт.
Үміткерлерді таңдау кезінде педагогикалық қызметте жетістіктері бар және білім ұйымның қоғамдық өміріне үлес қосқан жас мұғалімдерге артықшылық беріледі. Білім басқармасындағы комиссия оқытушылар берген өтініштерді қарайды. Комиссия құрамына кәсіподақ, қоғамдық ұйымдар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, БАҚ, ата-аналар қауымдастығы және т.б. кіреді.