Қазақстан • 10 Қазан, 2019

Кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті

660 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қауіпсіз кәсіпорын – сау жұмысшы» тақырыбында елорданың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті. Шараны Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығы ұйымдастырды.

Кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті

Форум жұмысына Қазақ­стан Кәсіподақтар федера­циясының басшылары, әлеу­меттік серіктестер, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мү­шелері, халықаралық ұйым­дардың, орталық мемле­кеттік органдардың және ком­мер­циялық емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Мақсат – өндірістік жарақаттар, кәсіптік аурулар, өндірістегі қайғылы оқиғалар және еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақ­сарту, сондай-ақ жұмыс істейтін халықтың денсаулығын сақтау және қолдау.

Жиынды ашқан Кәсіп­одақтар федерациясының төр­ағасы Ералы Тоғжанов бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметі Кәсіподақтар феде­рациясының ерекше назарында екенін атап өтті. Өз сөзінде еліміздің кәсіподақтар басшысы өндірістік жарақат мәселесіне тоқталды. Кәсіподақтар қабыл­даған шаралардың нәтижесінде кәсіптік жарақат алу динамикасы төмендегені айтылды.

Бұл күн кәсіподақтар қоз­ғалысы үшін өте маңызды. Биыл алғаш рет Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен, Үкіметтің шешімімен 10 қазан – Қазақстан Республи­касындағы мерекелік күн­дер тізіміне енгізілді. Бұл кәсіп­одақтардың және олар­дың бірлестіктерінің рөлі мен ма­ңыздылығын айқындайды. Елі­міздегі кәсіподақтар қоз­ға­лысын дамытуға жаңа сер­­пін берді. Сонымен қатар қыркүйектің соңғы жек­сен­бісінде – Еңбек күні аталып өтті. Бұл – әр еңбеккердің, әр кәсіподақ мүшесінің мейрамы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық еңбеккерлердің рөлінің маңыздылығын, еңбек адамының күш-жігерінің арқа­сында Қазақстанның қар­қын­ды дамып келе жатқа­нын атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ­стан­дық кәсіподақтар – тұрақ­тылық тірегі, әлеуметтік-ең­бек қатынастарының база­лық элементі болып табы­латын­дығын әрқашан атап отырады. Кәсіподақтар әрқашан азаматтық қоғамның негізгі тіректерінің бірі болып қала береді», деді ол.

Шараға қатысушылар зиян­ды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қысқарту мәселелері Кәсіподақтар үшін өзекті болып қалатынын алға тартты. Статистикаға сәйкес, 1,6 миллион жұмысшының 373 мыңы немесе әрбір төртіншісі (22,3%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Шамамен әрбір екін­ші жұмысшы (45,4%) шу мен дірілдің жоғарылауы жағ­да­йында жұмыс істейді, ал 34,4%-ның жұмыс аймағында газдың ластануы мен шаңның әсері мол.

Осы проблемаларды ескере отырып, Кәсіподақтар феде­ра­циясы Үкіметке еңбек­ті қор­ғауды басқару жүйе­сін ен­гізу бөлігінде заңнама­ны жетілдіру бойынша ұсы­ныстармен жүгініп, әлеу­меттік бағыттағы жұмыс бе­ру­шілерге ғимараттар мен құры­лыстардың техникалық жағ­дайын жаңартуға және жұмыс ұйымдастырудағы кемші­ліктерді жоюға байланыс­ты шығындар үшін салық­тық жеңілдіктер беру тәрізді ұсыныстар айтып отыр. Қауіп­сіздік және еңбекті қор­ғау мәселелері бойынша әкім­шілік және қылмыстық жауап­кершілік шараларын күшейту, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды есепке алу мен бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру сияқ­ты ұсыныстар бар.