Аймақтар • 10 Қазан, 2019

Алматыда «Үш бәйтерек» атты шығармашылық кеш өтті

1507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда қазақтың аса көрнекті әдебиет өкілдері Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған «Үш бәйтерек» атты әдеби-сазды кеш өтті. Алаш арыстарының арманын ақиқатқа айналдырған айтулы  кеште жырдан шашу шашылып, әсем әуендер көпшіліктің көңілін тербеді.

Алматыда «Үш бәйтерек» атты шығармашылық кеш өтті

Қазақ руханиятының үш бәйтерегіне баланған алыптарымыздың есімі ұрпақ жадында күн өткен сайын биіктей беруге тиіс. Осы мақсатты мұрат тұтқан әсерлі кеште Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясы «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі Амангелді Күзеубай бастаған дәстүрлі әншілер өнер көрсетті. Барақпай Бексұлтан М.Егінбаевтің «Үш арыс» әнін шырқаса, Жандос Сыздықов С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен көрермен көңілінен шықты. Бұл кеште «Үш бәйтеректің» әндерімен қатар алаш арыстарының мұраларынан да шығармалар орындалды. Атап айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм», Мағжан Жұмабайұлының «Сен сұлу» сияқты танымал әндері әуеледі. Осы ретте «Үш бәйтеректің» шығармашылық кешінде алаш арыстарының әндері де шырқалғаны өте құптарлық шешім болғанын айрықша атай кеткен жөн. Себебі, алаш арыстарын сол замандағы әдебиетшілерден бөліп қарауға болмайды. 

Шығармашылық кеште Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының шәкірттері Сәкен, Ілияс, Бейімбет жырларын театрландырылған көріністермен көмкере оқыды. Мұнда Айарыс Дәуқараев, Айдос Қыздарбек, Шахмардан Алмахантегі, Нұрсұлтан Нажекенов, Нариман Егінбаев, Нұржігіт Таңатар және т.б. тәлімгерлер өз өнерлерімен көзге түсті. Аталған оқу ордасының ұстазы Елік Нұрсұлтан шәкірттерінің шығармашылық кешке үлкен дайындықпен келгенін жеткізді.  «Болашағын үлкен сахнамен байланыстыратын шәкірттеріміз әрдайым ізденісте жүреді. Ол бүгінгі кеште де байқалды. Ілияс Жансүгіровтің «Толғану», «Құлагер», Б.Майлиннің «Қазаққа», «Кедейге», С.Сейфуллиннің «Біз» сияқты өлеңдерін шебер орындады» деп атап өтті. Сондай-ақ бұл кеште көпшілік назарына «Үш бәйтеректің» шығармалар жинағы және де алаш арыстарының өмірінен сыр шертетін естеліктерді қамтыған ауқымды көрме ұсынылды.

«Әдебиет әлемі» жобасы аясында өткен шығармашылық кешті Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. 

–Қазір көп адамдар 1937-1938 жылғы репрессияны күні кеше ғана, осыдан мың жыл бұрын, сонау тас ғасырында болған оқиға сияқты қабылдайды. Алайда сексен-ақ жыл бұрын төгілген қан әлі кепкен жоқ. Сол кездердегі қырғынды көрген адамдардың көзі әлі тірі. Бүгінгі кешімізге сол қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің ұрпақтары да қатысып отыр. Олардың есімдерін ұрпақ санасында әлдилеу біздің борышымыз, –дейді «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры төрағасының міндетін атқарушы Бейбіт Молдахмет.