Аймақтар • 10 Қазан, 2019

Қаскелеңде Қарасай батырға еңселі ескерткіш қойылды

845 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы Қарасай ауданының 90 жылдығын мерекелеу аясында Қаскелең қаласындағы орталық алаңға даңқты Қарасай батырдың 11 метрлік еңселі ескерткіші тұрғызылды. Ескерткіш жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлердің қолдауымен жасалды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.   

Қаскелеңде Қарасай батырға еңселі ескерткіш қойылды

Аудан тұрғындары мен қонақтарын құттықтаған облыс әкімі А. Баталов:

- Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы шеңберінде облыста тарихи құндылықтарымызды сақтауға, ұлы тұлғаларымыздың есімін құрметтеуге бағытталған ауқымды шаралар атқарылуда. Бүгін, міне, Қарасай ауданының 90 жылдығына орай аты аңызға айналған қаһарман Қарасай батырға арнап ескерткіш ашып отырмыз. Бұл кейінгі жастарды елжандылыққа тәбиелеуге қосылған үлкен үлес деп білеміз, - деді өз сөзінде.  

Бұдан соң Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров және аудан тұрғындары мен қонақтары мерейлі мерекемен көпшілікті құттықтап, ауданда жасалып жатқан игі істерді, соның ішінде Қарасай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы демеуші меценат азаматтардың елеулі еңбегін де атап өтті.  

Бата беріліп, ескерткіштің шымылдығы түсірілді, көпшілік батырға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Атап өтсек, ескерткіштің авторы - Нүркен Дәукенов. Ескерткіш қоладан жасалған, Қаскелеңнің орталық алаңына қойылды. Жалпы биіктігі – 11 метр.