Заң жобасында мемлекеттік қызметті өткеруді жаңғырту үшін конкурстық рәсімдер жеңілдетіледі, озық шетелдік жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары бойынша оқыған, сондай-ақ, халықаралық ұйымдарда жұмыс тәжірибесі бар адамдарды конкурстан тыс тағайындау көзделеді, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау жөніндегі шаралар нақтыланады.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның құқық қорғау органдары лауазымдарына бірыңғай біліктілік талаптарын бекіту және мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттардың және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтардың тестілеу нәтижелеріне шағым жасау тәртібін айқындау жөніндегі қызметі реттеледі.
Мемлекеттік қызмет өткеру кезінде кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін саяси және мемлекеттік қызметшілерді ротациялау тетігі нақтыланған.
Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама институты қалпына келтірілуде.
Заң жобасын талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттері мен депутаттарының ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады.
Мәселен, қолданыстағы тәртіпті сақтау мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына денсаулық сақтаудың, білім берудің, мәдениет және спорт облыстық басқармаларының басшыларын тағайындау, сондай-ақ оларды босату кезінде кандидатураларды тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу ұсынылып отыр.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) полиция департаменттерінің бастықтарын Құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резервінде тұрған полиция қызметкерлерінің қатарынан тиісті жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша еліміздің Ішкі істер министрі тағайындайтын болады.
Одан басқа, лауазымдар санаттары (саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер) бойынша өздеріне бағынысты адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін нақтылауға және регламенттеуге бағытталған түзетулер енгізіледі.
Сенат басшысы жоғарғы палата сондай-ақ заңға мәдениет ұйымдарына шаруашылық қызметі құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның заңды мәртебесін алу құқығын беруді көздейтін түзету енгізуге бастама жасағанын атап өтті.
«Біздің идеямыз мәдениет нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту, өз қызметкерлері үшін жалақы деңгейін арттыру, сонымен қатар мәдениет саласындағы қызмет сапасын жақсарту үшін халыққа қосымша қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болуы болып табылады», - деп түсіндірді Д.Назарбаева.
Төраға қазір мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа республикалық деңгейден 30 пайызға төмен екенін, ал кітапханаларда, мұражайларда және театрларда жұмыс істейтін қызметкерлер 50-70 мың теңге алатынын атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қазір олардың жалақысы 1,72 коэффициентке ұлғайтылуда, сонда да бұл шара жабдықтау мен сапа мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Бұл мәселеде дау көп, Үкіметте бірлік жоқ, біреу қолдайды, ал біреу қарсы, бұл бюджеттің шығын бөлігін арттырады деп санайды. Пікір бірлігі жоқ. Сондықтан осы түзетуді қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды», - деді Сенат басшысы.
Дариға Назарбаева талқылауды аяқтай келіп, парламенттік тыңдауларда мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді көтеруді ұсынды.