Қоғам • 11 Қазан, 2019

Өзара сенімнің негізі – бауырластық

164 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орталық Азия елдерімен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық ұйымдар аясындағы бірлескен іс-қимылдарды уақыт талабына сай өрістету аймақтың қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етуде аса маңызды. Біз Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Түрікменстанға сапары қарсаңында осы елмен арадағы ынтымақтастыққа шолу жасағанды жөн көрдік.

Өзара сенімнің негізі –  бауырластық

Қазақстанды Түрікмен­стан­мен ертеден қалыптасқан тату көршілік және бауырластық қатынастар тығыз байланыстырып келеді. Бұл байланыс әсіресе тәуелсіздік жылдарында жаңа мазмұнда, жаңа сипатта дами түсті.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан мен Түрік­менстанның өзара ынтымақтастығын дамытып, осы бағыттағы негізгі басым­дықтарды айқындап беруі нәтижесінде екі ел сенімді серіктес, ұстанымы бір одақтас мемлекеттерге айналды.

Сыртқы саясат саласында, соның ішінде бір-бірінің халықаралық бастамаларын қолдау ісінде екі жақтың да кібіртіктеген кезі жоқ. Осы арада айта кетейік, қауіпсіздік, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу сынды күн тәрті­бінде тұрған аймақтық және халық­аралық мәселелер жөнінде қос тараптың ұстанымы сәй­кес келеді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болған кезде еліміздің барлық бастамаларына ресми Ашғабат қолдау білдірді.

Бүгінде Қазақстан-Түрік­менстан қатынастарында эко­номикалық саланың алар орны бөлек. Әсіресе көлік-транзит және энергетика бағыттары бойынша екіжақты ынтымақтастық дамып келеді. Осы орайда өзара әріптестікті тереңдете түсуде басқа да салалардың зор перспективасы бар екенін, әзірге бұл бағытта ізденудің қажеттігін айта кеткеніміз орынды.

Екі мемлекеттің бірлесіп іске асыр­ған табысты жоба­ларының бірі ретінде елімізден Түрікменстанға, одан әрі Иранға жол тартатын темір жол желісін айтуға болады. Үш ел аумағы арқылы өтетін Қазақстан-Түрікменстан «Өзен – Берекет – Горган» теміржол учас­кесінің ашылуы Маңғыстау аймағын Каспий теңізіне және оңтүстік теңіздерге шығуын қамтамасыз ететін өңірге ай­налуға мүмкіндік берді.

Екі ел арасында тікелей теміржол қатынасының болуы жүк айналымының мерзі­мін қысқартып, жүк тасы­малындағы бәсекелестікте тиімділігін көрсетуде. Бұл іс­керлік белсенділікті арттырып, нәтижесінде ел әл-ауқа­тының артуына игі ықпалын тигізеді.

Әлемдік сауданың бағыты, әлеуетті өндіріс игіліктерінің Азияға қарай бет бұруы бүгінде Азия құрлығындағы на­рықтың мән-маңызын арттырды. Бұл нарықты басқаларға қолжетімді етуде көлік-транзит саласының орны ерекше. Қазақстан мен Түрікменстан мұхитқа тіке шыға алмайтын мемлекеттер болғандықтан, жаңа мүмкіндіктерді іздестіргені құптарлық іс.

Қазақстан мен Түрікменстан арасын­дағы теміржол қатынасы кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырға­нын да еске сала кетейік.

Біз Орталық Азия елдері мен Каспий аймағын Қара теңіз өңірімен, Кавказ маңы мемлекеттерімен біріктіретін экономикалық кеңістіктің пайда болуы еліміздің өрісін кеңейтетінін де ұмытпа­ғаны­мыз жөн.

Екі ел қатысқан бірлескен халық­ара­лық жобалардың қатарында Түрік­менстан – Қазақстан – Өзбекстан – Қытай газ құбыры да бар. Сонымен қатар Орталық Азиядағы шекаралас өзен­­дердің су ресурстарын ортақ игі­лікке пайдалану ісіне қатысты да екі мемлекеттің арасында өзара түсіністік қалыптасқан.

Қазіргі таңда Экономикалық ын­тымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия екі­жақты ынтымақтастықтың не­гізгі міндеттерін жүзеге асыруда. Тараптар шарт-құ­қықтық базаны жетілдіруге, кәсіпорындардың екі елдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына назар аударуда. Осы орайда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шарт­тың, Қазақстан-Түрікменстан мемле­кеттік шекарасын белгілеу туралы ке­лісім өте құнды. Қазақстан Ор­талық Азия мемлекеттерінің ішін­де алғашқы болып Түрік­менстанмен осындай шартқа қол қойған-ды.

Тек Каспий маңы елдеріне ғана емес, халықаралық қоғамдастық үшін де өзекті болып келген мәселелердің бірі – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау ісіне қатысты болған келіссөздерде аталған екі мемлекет ортақ мүдде орайында бірлесе қимылдап, Каспий конвенциясының қабыл­дануына зор үлес қосты. Бұл да өз кезегінде Қазақ­стан-Түрікменстан ынты­мақ­тастығының жоғары деңгейін көрсетті.

Қазіргі таңда сауда-эконо­микалық қатынасты одан әрі кеңейтуге үлкен мән берілуде. Екі елдің үкіметтері өзара сауда қатынасы көлемін едәуір ұлғайт­ты. Арадағы сауда қатынасында көлік-транзит, энергетика, ауыл шаруа­шылығы, машина жасау, темір жол көлігі машинасын жасауға қажетті өнімдерді жеткізуге әскери-техникалық және аэроғарыштық салаға ба­сымдық берілуде.

Сонымен қатар өңірлік инфрақұ­рылымдық жобаларды қарқынды дамытуға көңіл аудару маңызды. Бұл бағытта әлі қолға алынбаған шаруалар, мүмкіндіктер баршылық. Мәселен, Солтүстік – Оңтүстік жаңа темір жол дәлізі арқылы жүк ағындарын Ресей, Қытай, Азия-Тынық мұхит өңіріне, Парсы шығанағына шығару мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Өңірдегі сауда байланысын дамытуға бағытталған қолайлы тарифтік жеңілдіктер бар. Айта кетейік, 2018 жыл­ғы қаңтарда экспорттық-импорт­тық тасымал көлемі 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есеге артқан.

Тағы бір айта кетер жайт, екі елдің шекаралас орналасқан аймақтарының әріптестік әле­уетін күшейту күн тәртібінен түспек емес. Мәселен, еліміз­дің Маңғыстау облысы мен Тү­рікменстанның Балқан уәлая­тының ұқсас тұстары көп. Бұл аймақтар құрлық арқылы да, теңіз арқылы да шектеседі. Оларда мұнай-газ және химия өнеркәсібі жақсы өркендеген әрі екеуі де көлік-логистикалық хаб болып табылады. Қос өңірді теңіз, теміржол және автокөлік жолдары байланыстырады. Көрші аймақтар арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 4,5 миллион доллардан асқан. Бүгінде Маңғыстауда түрікмен кәсіпкерлерінің қатысуымен бірнеше бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың саны алдағы уақытта өсе түседі деп күтілуде.

Қалай дегенде де екіжақты әріптестіктің қалыптасқан үрдісін одан әрі сабақтастыра жалғастыру қажеттігі анық. Бұл орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға жасаған сапары барысында алдағы уақытта қолға алынуы тиіс тиімді көптеген шараға, соның ішінде арадағы тауар айналымы көлемін ұлғайтуға назар аударылады деп ойлаймыз.