Әскери операция Евфрат өзенінің шығыс жағалауындағы Расулайн елді мекені төңірегіндегі нысандарды атқылаудан басталды. Алдымен Түркия қарулы күштерінің F-16 ұшақтары Сирия аумағына 30 шақырымға дейін еніп, террористердің бекіністері мен қоймаларын бомбалады. Одан соң Құрлық әскерлері Алеппоның маңындағы Тел Абияд және Расулайн елді мекендеріне қарай 4 бағытта операция бастаған. Бейсенбінің таңына дейін түріктер 181 нысанды ауыр артиллериядан атқылап, ұшақтармен бомбалаған. Түркия ұлттық қорғаныс министрі Хулиси Акар «Біздің мақсатымыз – Евфраттың шығысындағы ДАИШ пен PKK/KCK/PYD-YPG топтарын жою, шекарамыз бен халқымыздың қауіпсіздігін сақтау, бейбітшілік дәлізін жасап, еліміздегі сириялық бауырларымыздың тез арада туған өлкелеріне, үйлеріне оралуына мүмкіндік беру» деген еді. Министр өз сөзінде «Тек еліміз бен халқымыздың ғана емес, осынау аймақта өмір сүретін күрдтер, арабтар мен ассириялықтар, христиандар мен езидтер тәрізді өзге де діни және этностық топтардың қауіпсіздігіне айрықша мән беріп отырмыз», деді. Сөйтіп Түркия 911 шақырымға созылатын Сириямен шекарада елге қауіп төндіретін қарулы топтардың көзін жоюды мықтап қолға алған жайы бар. Бұдан бұрын түрік әскерлері Сирия жерінде «Евфрат қалқаны», «Зәйтүн бұтағы» атты операциялар ұйымдастырған болатын. Түріктер бір ғана «Евфрат қалқаны» операциясы кезінде 3 мыңнан астам ДАИШ террористерін жойған еді.
«Осымен сөз бітті»
Бұл – Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның сөзі. Түркия басшысы қазан айының 5-і күні «Осымен сөз бітті. Бұл операцияны жүргізуге мәжбүрміз. Жоспарымызды құрдық, қажет тапсырмалар берілді. Ол аймақты бейбітшілік бұлағымен суарамыз. Бәлкім ертең, бәлкім ертеңнен де жақын», деген еді. Сарапшылар Түркия президентінің бұл сөзін әскери операцияны бастау туралы бұйрықтың берілгені ретінде қабылдаған әрі ресми Анкараның енді АҚШ-пен ақылдасып отыруға уақыты жоқ екені де байқалған. Әрине әскери операция арқылы бейбітшілік орнату қиындау іс екені айқын. Өйткені соғыс болған соң өлім-жітім де кездеседі. Дегенмен, Евфраттың шығыс бөлігіне әскер кіргізу арқылы Түркия аймақтағы террорлық топтарды әлсіретіп қана қоймай, өз ішіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды сәл де болса түзеп алуды көздейтін сияқты. Өйткені Сирияның солтүстігінде «қауіпсіз аймақ» құру арқылы Түркияға ең алдымен сириялық босқындарды елдеріне қайтаруға мүмкіндік туады. «Біз Евфраттың шығыс жағалауын бейбітшілік қайнарымен суарып, сол аймаққа 2 млн адамды орналастыруды жоспарлап отырмыз. Жоспарымыз әзір. БҰҰ-ға да бұл жоспарымызды таныстырдық. Түркия өз іргесінде террорлық ұйымдардың сайран салып жүргеніне көз жұмып отыра алмайтынын талай рет дүниеге жар сала айтқан еді. Сабырлы да болдық. Құрлық патрулі, әуе патрулі... Мұның бәрі ертегі екенін көрдік. Сіздер PKK/YPG-ні террористік ұйым деп танисыздар ма, жоқ па соны ашық айтыңыздар. Сөздің біткен жерінде тұрмыз. Бізді алдаусыратқандарға да осыны айтамыз» деген еді Ердоған әрі операцияның әуеде де, жерде де жүргізілетінін атап өткен болатын. Осылайша ресми Анкара PKK-ны террористік топ деп мойындағанымен, сол ұйымның сириялық қанаты саналатын YPG-ны террористер қатарына қоспайтын АҚШ пен ЕО-ға «сәлем» жолдаған жайы бар.
Мажарлардың тартуы
Түркияның Сирияда әскери операция бастағанына байланысты әлемдегі алпауыт күштер өз көзқарастарын білдіріп жатыр. Әлбетте бірқатар ел түріктерді қолдай қоймайтынын байқатқан. Дегенмен, түрік масс-медиасының хабарлауына қарағанда Мажарстанның әрекеті қалың жұртты елең еткізген.
«Сейсенбі күні 28 мүшесі бар Еуропалық одақ Түркияның Сирия жерінде операция ұйымдастыру ниетіне байланысты арнайы қарар даярлаған. Одақ бұл қарарды сәрсенбіде жариялауы тиіс еді. Бірақ Еуропа елдерінің бұл қарарына Мажарстан қол қоюдан бас тартып, вето қойыпты. Мажарлар «әр мемлекет өз шекарасын қорғай алады» деген уәж айтыпты», деп жазып жатыр түрік басылымдары. Алайда, ЕО операцияға қатысты сәрсенбі күні арнайы мәлімдеме жасады. Бірақ онда «қатты кеткен» ештеңе жоқ. Әдеттегі дипломатиялық ұстаным ғана. Айыптау, қолдамау сияқты лебіздер.
Әрине, ресми түрде «әр мемлекет өз шекарасын қорғай алады» деуге болады. Алайда, мұндай халықаралық маңызы зор оқиғалар кезінде белгілі бір ұстанымда қалу оңай іс емес. Еуропалық одақтың Түркияны жылдар бойы мүшелікке алмай, мыңдаған сылтау айтып келе жатқанын ескерсек, Брюссельден «Бейбітшілік қайнарын» мадақтайтын сөз есту неғайбыл еді. Бірақ сол одақтың өзінде түріктерді жақтаған ұстаным байқалды.
Мажарстан – Түркі кеңесіне бақылаушы ретінде қосылған мемлекет. Келесі аптада Бакуде Түркі кеңесі мемлекет басшыларының кезекті саммиті өтеді. Демек, мажар премьері Виктор Орбан сол жиында түркі басшыларының алдына жүзі жарқын күйі келуді көздеген болуы мүмкін. Одан бөлек мажар дипломаттары Түркия «қауіпсіз аймақ» құрып, оған босқын сириялықтарды орналастыра алса, Еуропаға жеткен сириялықтарды да қайтаруға мүмкіндік туатынын ескерген болуы ғажап емес. Қалай болғанда да ресми Будапешт түріктердің әскери әрекетін айыптаған жоқ.
Түркияның әскери операциясын НАТО ашық айыптаған жоқ. Тек алаңдаушылық білдірді. ЕО да операцияны тоқтатуға шақырып, Түркияның «қауіпсіз аймақ» құру идеясына қарсылық танытты. Егер ондай аймақ құрылса, ЕО материалдық көмек бере алмайды екен. БҰҰ болса бейбіт тұрғындардың зардап шекпеуіне назар аудару керек екенін мәлімдеді. Сауд Арабиясы да операцияны құп көрмейтінін мәлімдепті. Бұл ел кезінде Трамптың өтініші бойынша YPG тобына 100 млн доллар аударған еді.
Тығырыққа тірелген Трамп
Түркияның Сирия жерінде әскери операция жасау ниетіне әу баста АҚШ қарсы болған. Бірақ Анкара айтқанынан қайтпады. Сол себептен бе, жоқ әлде басқа жағдай қалыптасты ма АҚШ «қауіпсіз аймақ» құрылатын өңірден әскерлерін шегіндіретінін мәлімдеген еді. Әрі PKK/YPG топтарын да қолдамайтынын айтқан. Америкалықтардың аяқ асты «ойыннан шыға қалуы» ежелгі қарсылас Ресейді де таңғалдырған. Кремльдің баспасөз хатшысы Д.Песков АҚШ Мәскеуге мұндай шешімге қатысты қандай да бір хабар бермегенін айтқан-ды. Ал өздерінің Түркия жоспарлаған операциядан азды-көпті хабары бар екенін тұспалдаған. Бәлкім содан ба, жоқ әлде соңғы кездері В.Путин мен Р.Ердоғанның ортақ ұстанымдарының мол болуынан ба, теріскейдегі көршінің сыртқы саясат мекемесінен өткір мәлімдеме шыға қойған жоқ.
Ал Трамптың «Президент Ердоған күрдтерді жоюға тырысса, мен де олардың экономикасын жоқ қыламын» деп жазғаны бар. Яғни, Түркияға санкция салатынын жеткізген-ді. Бірақ «Түркия болмаса миллиондаған сириялықтар босқын болып әлемге тарап кетер еді. Ердоған да біз сияқты Сириядан көшкен босқындардың өз елдеріне қайта оралғанын қалайды. Мұны маған өзі айтты» дегені тағы бар. Сонымен қатар ол Барак Обама билігінің PKK террористерімен ымыраға келгенін де айыптаған болатын. Ал АҚШ сенаторлары бірден Түркияға санкция салу мәселесін көтеріп жатыр. Республикашыл сенатор Линдсей Грэхам мен демократ Крис Ван Холлен АҚШ Сенатына осындай ұсыныс енгізген.
Қысқасы, АҚШ басшысы мен саясатындағы «шортандардың» Сириядағы әскери операцияға қатысты ұстанымдары екіге жарылған сыңайлы. Трамп түріктердің еркін әрекет жасауын жақтағанымен, Конгресс пен Сенатта Анкараны тұқыртуды көздейтіндер аз болмай тұр. Содан да шығар Трамптың пікірі сан қилы шығады.
Түйін
1974 жылы Түркия Кипрдегі қандастарын қорғау үшін аралға десант түсіріп, қуатты әскери операция жүргізгені бар. «Бейбітшілік қайнары» операциясын 1974 жылғы «Кипрде бейбітшілік орнату операциясынан» кейінгі Түркияның ең ірі әскери қимылы ретінде бағалап жатқандар бар. Әскери операция түріктердің ел тұтастығы үшін жаһанға майдан ашуға даяр екенін көрсетіп отыр әрі НАТО-дағы одақтастар мен жаһандық супердержавалар Түркияны тізерлете алмайтынын да ресми Анкара жақсы біледі. Сондықтан өз мүддесін бірінші орынға шығарған жайы бар. Біздің пайымдауымызша «Бейбітшілік қайнары» операциясы бірнеше айға созылуы мүмкін.