Руханият • 11 Қазан, 2019

Алыстататын атаулар

872 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Айтсам, тілім күйеді, айтпасам, ділім күйеді» дегендей, мемлекеттік тіл маңындағы мәселелерге тоқталсақ, жарасы жазылмаған жануардай хәлден әлі арыла алмай келе жатқан жұрт екенімізді аңдаймыз. Тілімізден емес, мінімізден көретін келеңсіз-ақ жайт.

Алыстататын атаулар

Қазақта «Ескі сөз – жаңа сөздің қазығы» деген байлам бар. Біз бұл байламды бекіте түссек керек еді. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөніндегі кеңесте елімізде жұмыс істеп жатқан жаңа компаниялардың атауы алдымен ана тілімізде болуына басымдық беру керектігін жеткізді. Президент өз сөзінде «Premium Development Life Park» ЖШС-да электр көзіне қосылуда проблема болды. Жалпы, бұл компанияның атауы неліктен қазақ тілінде болмайды? Біз жаңа компанияларымызды ең алдымен қазақ тілінде атауымыз керек. Бұл мәселені назарға алу керек» деп орынды нұсқау берді.

Әлбетте назарға алынуы тиіс мәселе – осы. ЮНЕСКО-ның бейбітшілік елшісі мәртебесін иеленген, әлемдік дін мен ділдің мәселесін алқа-қотан отырып шешуге құмбыл қазақ елордасы ең әуелі дәл осы энтузиазммен, дәл осы энергиямен, қазақша айтқанда дәл осы күш-жігермен шаһардың шығыстық келбетін, орталықазиялық бояуын қалыптастыруға, ең бастысы, қазақы қалыпты қанық етуге ұмтылуы керек еді ғой дейсің. Сонда дүниенің қай тарапынан келген қонақ та әуелі қазақ ұлтының жасампаздығымен қала арқылы танысуға мүмкіндік алар еді.

Қазір қаланың қақ ортасында орналасқан зәулім қонақүйі қытай елі астанасының атымен аталады. Жанында солтүстіктегі көршіміздің бір емес, қос астанасының атауы жазылған бизнес-орталықтар алыстан андағайлап тұр. Бейнебір Бейжің мен Мәскеу, Петербор атауларын ұлықтаудан жарысқа түскендейміз. Содан да болар, қос қапталдағы алып көршілерімізден келген мәртебелі меймандар өздерін «үйдегідей сезінеміз» дейтіні. Ал америкалық, еуропалық атаулар берілген отелдер желісі өз алдына. Жарайды, бұл қонақүйлер жаһандық сервистің франшизалары ретінде қызмет көрсете берсін-ақ делік. Ал қаладағы тұрғын үй алаптарының атаулары әлемнің әр түкпіріндегі қалалардың барлығын елордаға жинап алғандай әсер қалдыратыны қалай?! Қазір қала ішіндегі тұрғын үйлердің қанша пайызы шетелдік шаһарлардың шырайын көз алдыңызға тартатыны туралы қолымызда нақты дерек жоқ. Ономастикалық комиссиялар осы тарапта әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, ғылыми-өндірістік институттар мен орталықтар арқылы аталған мәселеге ден қоюы қажет. Өйткені «қанына тартпағанның қары сынсын» дейтін қазақ үшін бұл өте өзекті мәселе.

Айталық қазір қала ішінде келе жатсаңыз «Австрийский квартал», «Венский квартал», «Миланский квартал», «Парижский квартал», «Английский квартал», «Британский квартал», «Итальянский квартал» сияқты еуропалық атауларды иеленген тұрғын үй орамдарынан көз сүрінеді. Оның сыртында «Лондон», «Голланд», «Барселона» іспетті жекелеген тұрғын үй кешендері де жетерлік. Бұл қалалардың тізімі қазір құрылысы жүргізіліп жатқан, алдағы бір-екі жылда пайдалануға берілетін «Амстердам», «Копенгаген», «Париж», «Брюссель» сияқты тұрғын үйлермен толыға түседі. Ұмытып барады екенбіз, астананың негізгі сәулеттік ерекшеліктерінің біріне баланатын «Хан-Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын екі иығынан басқандай қос қапталынан «Сеул» мен «Токио» атауларын иеленген тұрғын үй кешендері де бой көтерген. Сол сияқты әлемдегі ірі қалалардың өз атауын қойып, негізгі атрибуттарына айналып кеткен аудандарының аты да жапсырыла бас­тады. Мысалы, Нью-Йорктің әйгілі аудандары ретінде әлемге танылған «Бронкс» атауы Сарыарқа ауданындағы жаңадан пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үй кешеніне берілсе, Есіл ауданында да «Манхеттен» атты тұрғын үй кешенінің бірнеше кезегі салынып үлгерген. Сонымен қатар Нью-Йорктің халық ең көп тұратын «Бруклин» ауданының атымен аталатын тұрғын үй кешені де бой көтерді. Сондай-ақ Кавказдың атақты Эльбрус шыңымен, неміс жазушысы Ремарктің есімімен аталатын құрылыстар жүргізілуде. Сонда бұл қаламызда қазақтың бейнесі қалды ма?! Еуропалық, америкалық қойыртпақ атаулар қоюдан қашан құтыламыз? Әйтпесе астанада жоғарыда аталған «брендті» атаулардың орнын баса алатын тамаша атаулар да бар. Мәселен, еліміздің бас басылымының редакциясы орналасқан ғимараттың жанындағы үйлердің бірі «Хан Тәңірі» аталады. «Эльбрустың» орнына атамекеніміздегі заңғарлардың атауы жанымызға жақын емес пе?! «Ремарктің» орнына «Әуезов» деген әуезе әлдеқайда жылы естіледі ғой! Сондықтан Президент айтқандай, атауларды компанияларға, сауда нысандарына, көшелерге, үйлерге тек осы сияқты орнымен қоюды ойластырғанымыз абзал болар еді.