Аймақтар • 11 Қазан, 2019

Атынан ат үркетін тұлпарлар

537 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ат спорты маусымының жабылуына орай ұйымдастырылған қалалық ашық турнирге Нұр-Сұлтан қаласынан, Қарағанды, Теміртау, Тараз, Өскемен, Алматы өңірлерінен тұлпарлар қатысты.

Атынан ат үркетін тұлпарлар

Бұл күні ипподромға жиналған жұртшылық 24 шақырымдық аламан бәйге, 2,4 шақырымдық майда жарыс, 14 шақырымдық негізгі бәйге және 8 шақырымдық жорға жарыстарын тамашалады.

Сөйтіп, 24 шақырымдық аламан бәйгеге 12 жүйрік қатысты. Павлодарлық «Сенім» атты тұлпар аламанда бірінші болып келді. Аттың иесі – Бақтияр Байзақов. Тоқ бәйгеде де Бақтиярдың «Кар­лухкан» атты жүйрігі топ жарды.

Ал ұшқыр аттардың қысқа қа­шықтықтағы жарысында Ал­матының «Мэйк Мемерис», Успен ауданы «Галицкое» ЖШС-нің «Попутчик» тұлпарлары алда келді.

–Мен жыл сайын бәйгеге қатысамын. Бүгін «Карлукхан» атты тұлпарыммен тоқ бәйгеде бірінші келдім. Әр жүйріктің өз ерекшелігі бар. Аттың шабысы бізге де байланысты. «Карлукхан» былтырдан бері бәйгеге қатысуда. Былтыр машина олжалап едік, бүгін 1 миллион теңге ұтып алдық, – дейді 12 жасар шабандоз Нұр­болат Семетай.

Бәйгені көруге келген Жа­наргүл Білай Кемеңгер ауылын­дағы аграрлы-техникалық кол­ледж­де техник-программист ма­ман­­дығында білім алуда.

–Колледжде ашылған «Ала­ман» клубын студенттер ғана емес, ауыл жастары мен оқу­шы­ларды атқа мінуге және жылқы баптауға үйретуде. Өзім 8 жасымнан атқа мініп үйрендім, – дейді Жанаргүл.

Бәйгеден соң, жаппай көкпар басталды. Біздің облыста көк­пар­шы жігіттеріміз негі­зінен Екібас­­тұз­­дың Ақкөл ауылында, Баян­ауыл­­да, Май ауданында, Ақсуда тұрады.

Облыс әкімі Болат Бақауов та додаға қатысып, спортшылармен күш сынасып көрді.

Жаппай көкпар ойынында Ислам Рат осымен екінші мәр­те жүлдегер атанды. Аттың иесі Бақ­тияр Байзақов автокөлік иеленді.

–Әрине, тартыс кезінде бір­де ақың кетеді, бірде еселене қай­тады. Көкпар деген сонысымен қызық. Қиқуы да ғажап. Қызған додаға атты қосып кеп жіберіп, көкпарға қол тигенде жаның рахат табады. Салым салған соң көңіл де жадырайды, – дейді Ислам.

Көкпаршылардың бәрі де бала кезден көкпарға тай, жабағы, құ­нан­дармен барғандарын айтады. Бірден үлкен көкпарға араласу мүмкін емес.

–Соңғы кездері жаппай көкпар мен командалық көкпардың айыр­машылықтары да айтылуда. Көк­пар спорт емес. Мән-маз­мұны басқа. Ата-бабадан қалған мұра. Ұлттық ойынымыз. Кең даланың көкпары мен театр­ландырылған көріністі командалық көкпардың айырмасы жер мен көктей, – дейді көкпаршылар өзара ой бөлісіп.

Ал облыстық Туризм және спортты дамыту басқармасының мә­ліметінше, Ат спорты түрлері бо­йын­ша турнирге 3 «Lada» авто­көлігі, мотоцикл, сондай-ақ ақ­шалай жүлде тігілген. Ен­ді алдағы желтоқсан айында өңірімізде алғаш рет облыстық құсбегілер сайысы өтеді.