Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен “Іскер” бизнес орталығында орыс тілді жастардың арасында “Тіл – жастарға аманат” атты дөңгелек үстел өтті. Оны тележурналист Максим Николаев жүргізіп отырды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты “Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамы қарсаңында орыстілді қазақ жастарын жаңару мен жаңғырудың жаршысы жастық жасампаздыққа шақыру әрі “Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген” күні қазақ жастарының ана тіліне деген құрметін ояту”, дейді Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы.
Бүгінгі таңда ана тілін үйрене алмай жүрген жастардың қоғамдағы орны қандай? Біз олардың жағдайын қаншалықты түсініп жүрміз? Жастар, қазақ тілі, аманат арқалау төңірегінде ой қозғалды. Қоғамның белсенді мүшесі жастар екені анық. Осы тұрғыдан келгенде, олардың нақты ұсыныстары мен дәлелді ой-толғаулары басты нысана болды. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт жастарының өткір пікірлері ешкімді де бейжай қалдырмады. Сондай-ақ, орыс тілді қазақ жастарының да ана тіліне деген сүйіспеншіліктері аталған басқосуда сөйлеген сөздерінен байқалып отырды.
Дөңгелек үстел отырысына Мәжіліс депутаты Н.Сабильянов, белгілі ғалымдар Амангелді Айталы, Мұхамедия Ахметов секілді тіл жанашырлары, сонымен бірге қаладағы жоо студенттері, белсенді жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, ана тіліміз жайындағы ойларын ортаға салды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Астана.